Басты жаңалықтарЭкономика

Инвестициялар тарту жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді

Инвестиция

Биыл облыста жалпы құны 491 млрд теңге болатын 10 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, энергетика және ауыл шаруашылығы саласының жобалары бар. Бұл жобалар жүзеге асырылған жағдайда 1,2 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ, нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді.

Облысқа инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар аймақ басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппаратмәжілісінде қаралды.

— Ел Президентінің тапсырмасы аясында инвестициялық ахуалды жақсарту және өңірді дамыту үшін стратегиялық маңызды жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуіміз керек. Алдымызда жаңа инвестицияларды тарту ғана емес, оларды тиімді пайдалану үшін жағдай жасау міндеті тұр. Ол үшін оң инвестициялық ахуалды қолдауды, бизнес-белсенділікті ынталандыруды және экономиканы әртараптандыруды қамтамасыз ететін іс-шаралар кешенін әзірлеп, енгізуіміз қажет,— деген облыс әкімі бірінші кезектегі міндеттерді белгіледі.

Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібековтің ақпараты бойынша, 2024 жылы Ақтөбе облысының экономикасына 901,1 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл —мемлекеттік органдардың, бизнес-құрылымдар мен инвесторлардың кешенді жұмысының нәтижесі. Тартылған қаражаттың негізгі бөлігі өнеркәсіпке, көлік және қоймалауға, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке тиесілі.

Өңірдегі инвестициялық ахуалды одан әрі дамыту және жақсарту үшін 2025-2027 жылдарға арналған инвестициялар тарту жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Осы жоспар шеңберінде инвесторлар тарту үшін жағдай жасауға және ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ нақты салалар мен кәсіпорындар үшін бастамаларды іске асыруға бағытталған түрлі шаралар көзделген.

Досжан Әлібеков хабарлағандай, әрбір аудан бойынша инвестициялық бағдарламаларды әзірлеу жоспарланып отыр, аудан әкімдіктері өңірресурстарын тиімді пайдалана отырып, өздерінің басым салаларына назар аударуды ұсынды.

Сондай-ақ инвесторларға қызмет көрсету орталығын «бір терезе» қағидаты бойынша ашу жоспарланып отыр, бұл инвесторлар үшін рұқсаттар мен басқа да қажетті құжаттарды алу процесін жеңілдетуге және бизнес үшін барынша қолайлы жағдайларды қамтамасыз ете отырып, әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

— Ақтөбе қаласында бизнес-қауымдастықпен тұрақты өзара іс-қимыл жасау және имидждік инвестициялық форум өткізу —нақты шаралардың маңызды бөлігі. Бұл инвесторлардың сенімін арттыруға және бірлескен жобалар үшін әлеуетті серіктестер шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бизнес-қауымдастықтың Қытай, Түркия, Үндістан және Пәкістанға сапарлары жоспарланып отыр, онда аймақтың инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылады. Бұл инвестиция тарту географиясын кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға көмектеседі,— деп атап өтті басқарма басшысы.

Шағын индустриялық аймақтарды құруға, арнайы экономикалық аймақты кеңейтуге, туризмге, денсаулық сақтау мен білім беруге инвестицияларды белсенді тартуға баса назар аударылады.

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін «Өркен-2» бағдарламасы әзірленбек. Оны іске асыруға облыстық бюджеттен және «Даму» АҚ ШОБ жобаларын дамытуға 1 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен үшін 2,5% жеңілдікпен несиелеу қарастырылған. Бөлінетін қаражат ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртуға, техникалық жарақтандыруға және осы салада жаңа технологияларды енгізуге бағытталады.

Спикердің баяндамасынан кейін облыс әкімі барлық мүдделі тараптар арасындағы тиімді үйлестіру мен өзара іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, туындайтын мәселелерді шешуді жеделдетуде өзіндік рөл атқаратын өңірлік инвестициялық штаб пен үйлестіру кеңесін құруды тапсырды.

Сондай-ақ Асхат Шахаров индустрияландырудың бірыңғай картасына және Ұлттық жобалар пулына енгізілген инвестициялық жобалардың мониторингін бақылауды тапсырды, бұл олардың уақтылы іске асырылуы мен тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Ұсынылған барлық шаралар өңірдің тұрақты өсуі мен дамуын қамтамасыз ететін тұрақты экономикалық база құруға бағытталған. Қаржылық қолдауды, инфрақұрылымды дамытуды және мамандандырылған аймақтарды құруды қамтитын біздің кешенді тәсіліміз инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасайды, бұл өз кезегінде өңірдің ұлттық және халықаралық деңгейлердегі бәсекеге қабілеттілігін арттырады, — деп қорытындылады өңір басшысы.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button