Әлеуметтік сауалнама нәтижесі

Тұтынушы құқығы
Былтыр« Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы» қоғамдық ұйымы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізудегі мақсат— еліміздегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің жай-күйін,проблемаларын және даму перспективаларын айқындау.
Әлеуметтік сауалнама барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы, яғни жылумен, сумен, электрмен жабдықтау, ПИК жұмысы, кәріз, тұрмыстық қызмет көрсету,қоғамдық тамақтандыру,байланыс қызметтері және тағы басқа салаларында тұтынушылардың құқықтарын бұзу жағдайлары, сондай-ақ тұтынушылық сауаттылық деңгейі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама нормаларын білу, мемлекеттік органдарға, дауларды сотқа дейінгі реттеу институттарына, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйымдарға халықтың сенім деңгейі, олардың жұмыс сапасын бағалау, тұтынушылардың құқықтарын бұзу жиілігі, еліміздегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі туралы халықтың хабардар болуы және тағы да басқа міндеттер қамтылды.
Зерттеу жұмыстары екі кезең бойынша өткізілді. Өткен жылғы шілде-тамыз (1-сауалнама) айларында бірінші бағыт бойынша өткізілген сауалнамаға 10944 респондент қатысты, яғни республикалық маңызы бар әрбір өңірде/ қалада кемінде 500 адам,оның ішінде ауылдық жерлерде кемінде100 адам қамтылды. Ал тамыз-қыркүйек айларында екінші бағыт бойынша12 115 респондентке сауалнама жүргізілді.
Негізгі сандық зерттеу үшін soc-opros.kz. сайтта онлайн режимінде жүргізілген формалды сауалнама қолданылды.
Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен алдын ала келісілген және бекітілген арнайы сауалнамалар әзірленді.
Біздің облыста бірінші сауалнамаға 547адам,екінші сауалнамаға 532 адам қатысты.
«Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң бар екенін білесізбе?» деген сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 91 пайызы оң жауап берді.
«Сіз тұтынушылардың қандай құқықтарын білесіз?» деген сұраққа көбіне «сапа құқығы»(31%) және «зиянды өтеу құқығы»(30%) деген жауап алынды. Ең төменгі пайыз— «айыппұл құқығы»(4%).
Әуе көлігі қызметтерінің сапасы туралы сұраққа респонденттердің 37 пайызы қанағаттанғанын, 44 пайызы қанағаттанбағанын,19 пайызы пайдаланбағанын немесе жауап беру қиынға соққанын айтты.
Теміржол көлігі қызметтерінің сапасына респонденттердің 57 пайызы қанағаттанбаған, 34 пайызы қанағаттанған, 9 пайызы пайдаланбағанын немесе жауап беру қиын екенін белгілеген.
Автомобиль көлігі қызметтерінің сапасы туралы сұраққа респонденттердің 76 пайызы сапаға қанағаттанбағанын, 22 пайызы қанағаттанғанын,2 пайызы пайдаланбағанын немесе жауап бере алмайтынын көрсетті.
Сауалнамаға қатысқандардың 63 пайызы туристік қызметтердің сапасына, ал электронды сауда қызметтерінің сапасына респонденттердің 48 пайызы қанағаттанбаған.
ПИК/ қызмет көрсететін компания жұмысының сапасы туралы сұраққа респонденттердің 57 пайызы қанағаттанбаса, 34 пайызы қанағаттанған, 9 пайызы пайдаланбаған немесе жауап беруге қиналған.
Электрмен жабдықтау қызметтерінің сапасына сауалнамаға қатысқандардың 41 пайызы қанағаттанса, 42 пайызы қанағаттанбағанын, 17 пайызы жауап беру қиынға соққанын көрсеткен. Суды жеткізу сапасына респонденттердің 26 пайызы қанағаттанған,72 пайызы қанағаттанбапты,2 пайызы жауап беру қиын екенін белгілеген. Газ жеткізу сапасына сауалнамаға қатысушылардың 33 пайызы қанағаттанатынын, 54 пайызы қанағаттанбайтынын, 13 пайызы жауап беруге қиналатынын көрсеткен.
Жылу беру сапасы туралы сұраққа респонденттердің 41 пайызы қанағаттанған,17 пайызы қанағаттанбаған, 42 пайызы жауап беруге қиналған. Ұялы байланыс сапасы туралы сұраққа респонденттердің 81 пайызы қанағаттанса, 18 пайызы қанағаттанбаған, ал 1 пайызына жауап беру қиынға соққан.Интернет-провайдерлер қызметінің сапасына қатысты респонденттердің 34 пайызы қанағаттанған, 9 пайызы қанағаттанбаған, ал 57 пайызына жауап беру қиын немесе қызметті пайдаланбаған.
Ақтөбе және Ұлытау облыстарындағы респонденттердің көпшілігі медициналық қызметтердің сапасына қанағаттанбайды екен (574жағдай).
Банк қызметі туралы сұраққа респонденттердің 53 пайызы сапаға қанағаттанбаған, 32 пайызы қанағаттанған, ал 15 пайызына жауап беру қиынға соққан. Білім беру қызметтері туралы мәселе бойынша Ақтөбе және Ақмола облыстарының респонденттері арасында 329 қанағаттанбау жағдайы тіркелген.
Қоғамдық тамақтандыру сапасы туралы сұраққа респонденттердің 72 пайызы қанағаттанған, 26 пайызы қанағаттанбаған, ал 2 пайызы жауап беруге қиналатынын көрсеткен. Базарлардағы қызмет көрсету сапасы туралы сұраққа респонденттердің 80 пайызы қанағаттанған, 16 пайызы қанағаттанбаған, 4 пайызына жауап беру қиынға соққан.
Ал супермаркеттер мен дүкендердегі қызмет сапасы туралы сұраққа респонденттердің 81 пайызы қанағаттанған, 17 пайызы қанағаттанбаған, 2 пайызы жауап беруге қиналған, аймақтар бойынша жауаптар ұқсас болып шыққан.
Тұрмыстық қызметтердің сапасы туралы сұраққа сауалнамаға қатысушылардың 72 пайызы қанағаттанған, 24 пайызы қанағаттанбаған, ал 4 пайызы жауап бере алмайтынын көрсеткен. Ақтөбе облысында — 312, Ақмола облысында 189 респондент тұрмыстық қызмет сапасына қанағаттанбаған.
Бөлшек сауда саласындағы бұзушылықтарға келсек, респонденттердің 21 пайызы — сөре мен касса арасындағы бағаның сәйкес келмеуі, 19 пайызы тауар немесе қызмет сапасының сәйкес келмеуі секілді мәселелердің кездескенін көрсеткен.
Сондай-ақ тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту, тауар туралы дұрыс емес ақпарат ұсыну немесе мүлде ұсынбау, қосымша қызметтерді таңу, сатушылардың дөрекі мінез-құлқы, фискалдық құжатты ұсынбау және санитарлық нормаларды сақтамау сияқты бұзушылықтар да тіркелген.
Сонымен қатар респонденттердің көпшілігі шаштараздар мен косметологиялық салондарда (33%) және техникалық қызмет көрсету станцияларында(18%) бұзушылықтарға тап болғанын көрсеткен. Құқықтардың бұзылуы химиялық тазалауда (14%),сондай-ақ жиһазды,тұрмыстық техниканы және аяқ киімді жөндеу кезінде байқалды.
Әлеуметтік сауалнамада респонденттерге «Сіздің осы жылы тұтынушы ретіндегі құқықтарыңыз бұзылды ма?» деген сұрақ қойылды. Бұл сұраққа респонденттердің 79 пайызы былтыр тұтынушы ретіндегі құқықтарының бұзылмағанын, ал 21 пайызы бұзылғанын көрсеткен.
Осылайша сауалнама нәтижелері тұтынушылардың құқықтарын бұзу мәселесі елімізде бар екенін көрсетіп отыр. Сауалнама жүргізген «Қазақстанның болашағы үшін жастар қозғалысы» қоғамдық ұйымы тұтынушы құқықтары саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдары туралы ұсыныстар енгізді.
Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаменті.