Басты жаңалықтарӘлеумет

Әлеуметтік қолдау: Қандай өзгерістер бар?

Бүгінгі таңда халықты әлеуметтік қолдау жүйесі —  маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе мүгедектердің құқықтарын қорғау мен оларға қажетті әлеуметтік қолдау көрсетуге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінген.

Елімізде мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру бағытында бірнеше бағдарламалар мен жобалар іске асырылып жатыр. Олар азаматтардың өмір сапасын арттыруға, қоғамға еркін араласуына мүмкіндік береді. Тақырыпқа орай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Қонжарға бірнеше сұрақ қойған едік…

 — Облыста мүгедектігі бар адамдарға қандай әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі?

Қазіргі таңда облыста мүгедектігі бар 30 509 адам тұрады, оның 5376-сы —  мүгедектігі бар бала.2015 жылы Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияға қосылды. Бұл еліміздің мүгедектердің жеке дербестігі мен тәуелсіздігін, соның ішінде техникалық оңалту құралдарын таңдау және сатып алу кезінде өз еркімен шешім қабылдау мүмкіндігін маңызды деп танығанын білдіреді.

Мемлекет мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдаудың бірнеше түрін көрсетеді. Бұл қолдау техникалық көмекші құралдар (мысалы, протездер немесе арба), санаторлық-курорттық емдеу, жеке көмекші немесе ымдау тілі маманының қызметтері сияқты көмектерді қамтиды. Өткен жылы оңалту бағдарламасы бойынша 24 мыңнан астам мүгедектігі бар адам гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді.

Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдардың оңалту мәселелеріне үлкен көңіл бөледі. Соңғы 5 жылда жергілікті бюджеттен мүгедектігі бар адамдарға арналған әлеуметтік қолдау шығыстары 1 миллиард теңгеден 3,1 миллиард теңгеге дейін артты. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының уақыт өте келе мүгедектігі бар адамдарды қоғамға белсенді қатысуға ынталандыру үшін маңызды бола түскенін көрсетеді.

— Техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуде қандай өзгерістер бар?

— Көріп отырғанымыздай, өмір бір орында тұрмайды, заманауи ақпараттық технологиялар дамып жатыр. Осыған байланысты 2020 жылдың қаңтарынан бастап мүгедектерге техникалық оңалту және қызмет көрсету құралдарын беру үшін әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді. Биыл бұл порталдың енгізілгеніне  — 5 жыл.

Әлеуметтік қызметтер порталы — мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе. Портал мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы жағдай жасау үшін және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, оңалтудың техникалық құралдарын таңдауға және қажеттіліктеріне сай алуға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік қызметтер порталының енгізілуіне байланысты мүгедек адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету мерзімі қысқартылды.Автоматтандырылған жүйе арқылы 2024 жылы мүгедектігі бар 24 654 адамға техникалық оңалту құралдары, санаторий-курорттық емдеу және қызметтер көрсетілді.

Облыста қарттар мен мүгедектер тұратын медициналық-әлеуметтік мекемелер бар. Бүгінгі таңдағы әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа нысандары қандай?

— Облыста мүгедектігі бар адамдарды оңалту мен абилитациялаудың жеке бағдарламаларына сәйкес қарттар, мүгедектігі бар адамдар және 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын 3 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді.

Жыл сайын 3 мыңнан астам қарттар мен мүгедектігі бар адамдар арнаулы әлеуметтік қызметтерді алады. Бұл ретте оларға стационарлық қызмет, жартылай стационарлық қызмет (күндізгі бөлімшелер) немесе үйде күтім жасау секілді әлеуметтік қызмет көрсету нысанын таңдау мүмкіндігі ұсынылады.

Экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан алғанда, мүгедек балаларды оңалтудың күндізгі орталықтарында, мүгедек балалар мен қарттардың отбасында тұруын ынталандыру және қолдау орталықтарында әлеуметтік қызмет көрсетудің жаңа нысандарын дамыту тиімдірек болып отыр. Осыған байланысты үкіметтік емес ұйымдардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қатысуын кеңейту маңызды екенін ерекше атап өткен жөн. Қазіргі таңда облыс бойынша жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді 8 үкіметтік емес ұйым көрсетеді. Бұл ұйымдардың қатысуы мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді 18 әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі көрсетеді, ол жерде бүгінде 391 мүгедек бала және 1668 жалғызбасты қарттар мен мүгедек адамдар қызмет алады.

Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде Ақтөбе қаласында және облыс аудандарында «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасы жүзеге асырылып отыр.  Бүгінгі таңда облыста 24 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бар, ол жерлерде 2132 адам қызмет алды.Алға және Қобда аудандарында осы жобаны іске асыру аясында коммуналдық мемлекеттік мекемелер ашылды.

Өткен жылдың қазан айында ашылған 50-100 орындық «Қамқорлық» менталды бұзушылықтары бар, мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 68 мүгедектігі бар бала жартылай стационар жағдайында қызмет алады.

— Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қол жеткізуі — маңызды мәселелердің бірі. Біздің облыстағы жағдайға толқталып өтсеңіз?

Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Инватакси» қызметтері көрсетіледі. Былтыр аталған қызметтерді мүгедектігі бар 1849 адам алды.Таратып айтсам, 86-сы — автомобильде, оның 9-ы арнайы автокөлікте көрсетілген.

Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне кедергісіз қол жеткізуі үшін 2023-2027 жылдары 1292 объектіні бейімдеу жоспарланған.  Оның ішінде биыл 904 объектіні немесе 69 пайызды бейімдеу көзделіп отыр.   Бейімделген объектілер туралы мәліметтер «Интерактивті қолжетімділік картасы» порталында ұсынылған. Өңірде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары жалғасын таба бермек.

Сұхбаттасқан Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button