Аналар кеңесі — отбасы құндылығын нығайтады


Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі бүгінде «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында жұмыс істеп жатыр. Жобаның басты мақсаты — отбасы құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына таратып, ұлттық дәстүрді қадірлеуге, сақтауға шақыру. Аталған мақсатты жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының арасында тығыз байланыс орнауы қажет.
175 кеңестің жұмысы
Елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық ынтымақты нығайту мақсатында 2013 жылы әр өңірден қоғамдық келісім кеңестерін құру тапсырмасы жүктелген еді. Осылайша әр облыстағы аналар топтары дербес атау алып, аналар кеңесі ретінде өз жұмыстарын жүргізе бастады. Осы уақыт ішінде аналар кеңесі бірқатар жобаларды жүзеге асырып, ел бірлігін нығайту жолында жүйелі жұмыс атқарып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында аналар кеңесі арқылы біздің ұлттық құндылықтарымыз жаңғыртылып, жас ұрпаққа берілетін өзіндік мектепке айналғанын атап өткен болатын. Президент: «Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары ауқымды этносаралық коммуникацияға жол ашуы керек. Республикалық аналар кеңесінің құрылуы — осы бағыттағы маңызды қадам. Бұл кеңес еліміздегі бірлік пен татулыққа негіз болып отырған құндылықтарды жастардың санасына сіңіруге атсалысады. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Ұрпаққа отбасында дұрыс тәрбие беру — айрықша маңызды міндет. Сондықтан республикалық аналар кеңесіне жан-жақты қолдау көрсету қажет», — деді.
Ассамблеяның алқалы жиынында «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» республикалық жобасының тұсауы кесілгені белгілі. Ресми мәліметтерге жүгінсек, жоба 15 бағыттан тұрады. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған аналар кеңесі 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл — Ассамблеяның негізгі құрылымдарының бірі. Еліміз бойынша аналар кеңесінің 1832 құрылымы бар. Бүгінгі күні құрамында 13 мыңнан астам белсенді ана бар ұйым отбасындағы күрмеуі қиын мәселелер, балалар мен аналарға қатысты өзекті проблемаларды шешуге атсалысып жүр.
Бұл орайда облыста 175 аналар кеңесі құрылған. Кеңес құрамында педагогтер, зейнеткерлер, мекеме басшылары, кәсіпкерлер, медиаторлар, үй шаруасындағы әйелдер бар. Облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі аймақтағы 90-ға жуық ұлт өкілі өмір сүретін, бір шаңырақ астында топтасқан 17 этномәдени бірлестікпен қоян-қолтық жұмыс істейді. Ең бастысы —аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толеранттылық пен этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға және сақтауға өз үлесін қосып келеді.
Ұлтаралық достық татулыққа жетелейді
Рауза Серғалина, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрағасы:
— Елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымы ретінде Аналар кеңесінің жұмыс істеп жатқанына он жылдан асты. Қазір мұндай кеңестер үлкен қалалармен қатар, әрбір шағын елді мекендерде де құрылып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл өткен сайын Аналар кеңесінің жұмысы жан-жақты дамып келеді. Құрамына мыңнан астам белсенді ана топтасқан облыстағы 175 аналар кеңесі бүгінде «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» ұлттық жобасын жүзеге асыруда.Олардың қызметі отбасы институтын сақтауға және нығайтуға, рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуге, жастар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Кеңес жанында «Шолпы», «Аялы алақан», «Іскер әйелдер клубы», «Әжелер клубы», «Жас аналар клубы», «Әкелер клубы», «Шапағат», «Шаңырақ», «Ана мейірімі» сияқты түрлі орталықтар, клубтар, үйірмелер жұмыс істейді. Кеңес мүшелері отбасы институтын сақтаумен және нығайтумен, көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға қайырымдылық көмек көрсету, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешу және қоғамның өзекті мәселелері — құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, вейп пен электронды темекінің таралуының алдын алу бағытында жұмыстар жүргіземіз. Бұл орайда аудандарда ашылған аналар кеңесінің белсенді жұмыс істеп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Мәселен, Шалқар ауданында аналар кеңесінің ықпалымен көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Мейірім керуені» әлеуметтік бөлме жобасы, Ырғыз ауданында қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын насихаттауға арналған «Этноауыл», Қобда ауданында жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, киелі жерлермен таныстыру бағытында «Туған өлкенің тарихы», Алғада салауатты өмір салтын сақтауға бағытталған «Спорт сенің серігің» сияқты жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында қауіпсіз өмір сүру үшін қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз және ол ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды екенін атап өткен еді. Бұл орайда республикалық аналар кеңесінің«Салауатты сана» жобасына бастау берілгені баршаңызға аян. Онда қоғамның бес кесіліне күрес жарияланды. Ол — нашақорлық, құмарпаздық /лудомания/, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық. «Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады» дегендей, аналар өздеріне жүктелген бұл міндетті — біріктіруші, жылу беруші, тәрбиелеуші, көмектесуші ретінде кеңес жұмысы аясында әрі қарай жалғастыратын болады.
Былтыр облыста Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ықпалымен 45 490 адамды қамтыған 731 іс-шара өткізілді.
«Мейірім керуені»немесе әлеуметтік көмек
Маржангүл Бекетованың есімі Шалқар ауданы тұрғындарына жақсы таныс. Ол аудандағы аналар кеңесін басқарады. Құрамында 300-ден аса мүшесі бар кеңес жұмысына көпшілік риза.
Қазір Шалқарда Маржангүл Бекетова басқаратын аналар кеңесінің бастамасымен «Мейірім керуені» атты әлеуметтік бөлме ашылып, жұмыс жүйелі жолға қойылған. Аймақта бұл бастама жоғары деңгейде бағаланып, әлеуметтік бөлменің жұмысы жоба ретінде облыстық деңгейде таратуға ұсынылды.
— Қазіргі таңда «Мейірім керуені» әлеуметтік бөлмесінің жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. «Жомарттық — адамдықтың ең биік шыңына шығаратын бірден-бір асыл қасиет» демекші, аналар кеңесіне қолдау көрсетіп, қайырымдылық жасап жүрген жандар ауданымызда баршылық. Әсіресе сауда саласында жүрген қыз-келіншектер, ауқатты отбасылар, кеңес мүшелері ұдайы демеушілік танытады. Ақтөбе қаласында өткен үлкен кездесуде біздің әлеуметтік бөлменің жұмысын жоба ретінде облыстық деңгейде тарату ұсынылды. Қазіргі таңда әлеуметтік бөлме аудандағы көмекті қажет ететін отбасыларға үлкен демеу болып тұр десек те болады. Былтыр «Мейірім керуені» әлеуметтік бөлмесі тарапынан көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған 100-ден аса отбасына 4 128 000 теңгеге киім-кешек пен тұрмыстық заттар берілді. Сонымен қатар маусымға байланысты қыс мезгілінде қолғап, шұлықтарды өзіміз тоқып саламыз. Ал жаз мезгілінде төсек төсеніштерін өзіміздегі іс мәшенкелері арқылы тігіп, сөрені толықтырып отырамыз, — деді М.Бекетова.
Құралайдың «Қонақжай киіз үйі»
Ырғыздықтар «Құралайдың этноауылы» атап кеткен бұл жерге соқпай кетпейтіндер кемде-кем. Ырғыз ауданындағы аналар кеңесінің мүшесі Құралай Берекеш ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, өңірде туризмды дамыту мақсатында осындай жобаны жүзеге асырып, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Құралай жеке кәсіпкер ретінде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысып, мемлекеттік грантқа қол жеткізеді. Қомақты қаражатқа киіз үй жабдықтарымен қоса, ұлттық нақышта безендірілген көрпелер мен төсеніштер, ыдыс-аяқ, өзге де тұрмыстық заттар сатып алады.
Бүгінде жеке үйінің ауласында жасақталған этноауылды тамашалуға келушілердің қатары көп. Әсіресе ауданға келетін туристер ұлттық нақышта безендірілген Құралайдың «Қонақжай киіз үйіне» бас сұғып, дәмнен ауыз тиіп, ондағы ұлттық бұйымдардан жасақталған көрмені тамашалайды. Ұлттық құндылықтарымызды осылай дәріптеп жүрген Құралай Берекеш қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысады. Соның бірі — өткен жылы облыста ұйымдастырылған «Сыбаға» фестивалінде халқымыздың ұлттық тағамдары мен өнімдеріне арналған көрмеде аудандағы аналар кеңесі мүшелері қатарында ол да өз өнерін ортаға салды. Құралайдың өз қолымен әзірлеген «Өрме төс» және «Сүбе орамасының» жасалу әдісін сұраушылардың қатары көп болыпты.
P.S. Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы. Ал халқымыз ұлт болашағын анамен байланыстырған. Балаға жастайынан өз елінің тарихын білуге, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қадірлеуге, бойына ұлт намысын сіңіруде ананың алар орны ерекше. Сондықтан ана мен баланың әлеуетін көтеру, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттен ерекше қолдау бар. Бұл бағытта жыл сайын жаңаданіс-шаралар қабылданып жатыр. Ал осындай белсенді аналардан құрылған мұндай ұйымдардың бастамасы қай уақытта да өз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Арайлым НҰРБАЕВА.



