Жаңалықтар

Алға ауданында 23 отбасы үйлі болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген көлемді сұхбатында 2025 жылы мемлекет тұрғын үй құрылысын дамытуды жалғастыратынын, 2029 жылға дейін республика бойынша кезекте тұрғандарға жыл сайын баспана берілетінін атап өткен болатын.

Алға ауданында Президент тапсырмалары сәтті жүзеге асуда. Жаңа 2025 жылда баспана кезегінде тұрған 23 отбасы үйлі болды. Оның 19-ы- Алға қаласынан, қалғаны – Маржанбұлақ ауылынан берілді.

Аудан басшысы Асланбек Шүйіншәлиев жаңа баспана иелеріне кілттерді салтанатты жағдайда табыстап, қуаныштарымен құттықтады.

«Баршаңызды осындай көптен күткен қуанышты күнмен құттықтаймын. Әрбір шаңыраққа бақ-береке тілеймін. Айтып өтерім, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың арқасында біз алдымызда тұрған барлық міндеттерді орындап келеміз. Алға ауданы бойынша бүгінгі күнге дейін тұрғындардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу, оларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, аудандағы тұрғын үй кезегіне тіркелген көпбалалы, толық емес отбасылар, мүгедек жандар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарды баспаналы ету мәселесі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізумен қатар, көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігіне берумен шешіліп келеді», – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Алға қаласының Есет батыр көшесінде орналасқан №22 үй республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен реконструкциядан өткізілді. Ол жұмыстарды ЖК «Н.Мұратбаев» аяқтап бітірді.

Ал Маржанбұлақ ауылындағы төрт үйді аудан әкімшілігі сатып алып беру тетігімен іске асырды.

Айтып өтейік, ауданда баспана кезегінде 1641 адам тұр. Соңғы рет, 2023 жылы 60 пәтерлі жаңадан салынған үй пайдалануға берілген еді.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button