Жаңалықтар

«Жұмысшы мамандықтары жылы»: облыста қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Біздің өңірде жұмысшы мамандықтар бойынша білім беру сапасын арттыру, жастарды кәсіптік бағдарлау және еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандарды даярлау жұмыстары жүргізіліп, техникалық және кәсіптік білім беру саласы жоғары деңгейде дамып келеді.
Осы салада тағы қандай іс-шаралар атқарылып жатыр? Алдағы міндеттер қандай? Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаевамен сөйлескен едік…

Облыста техникалық және кәсіптік білім беретін 40 колледж бар, оның 24-і — мемлекеттік, 16-сы — жекеменшік колледждер. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, колледждерде 28133 білім алушы бар, оның 72 пайызы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды. Бұл көрсеткіш өңірде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің сапалы дамып келе жатқанын дәлелдейді. Сондай-ақ осы колледждердің 68 пайызы — қалада, 32 пайызы ауылдық жерде орналасқан.
— 2023-2024 оқу жылында облыс аумағындағы колледждерге мемлекеттік тапсырыс бойынша 7642 орын бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда, мемлекеттік тапсырыс саны 700 орынға артты, бұл жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың артуын көрсетеді. Осы оқу жылында мемлекеттік білім тапсырысы 78 мамандық және 110 біліктілік бойынша бөлінді, бұл да техникалық мамандықтарды дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр, — дейді Дина Жаманбаева.
Өңірде «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында бірнеше бағытта іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Бұл жұмыстардың ішінде колледждерде халықаралық салалық аккредиттеуден өту, жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша білім беру тапсырысын ұлғайту, жаңа мамандықтарды ашу, жұмысшы мамандықтардың имиджін көтеру сияқты маңызды мақсаттар көзделген.
Дина Жаманбаеваның айтуынша, облыс колледждерін салаларға бейімдеу жұмыстары жалғасып жатыр, яғни халықаралық деңгейдегі аккредитациялар облыс колледждеріне әлемдік стандарттарға сай мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Мысалы, Хромтау тау-кен жоғары колледжі «Электромонтаж» мамандығы бойынша халықаралық салалық аккредиттеуден өтті. Енді Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі ІТ саласы бойынша аккредиттеуден өтпек.
Маман даярлауда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа тәсілдер мен тәжірибелер енгізуде педагогтердің біліктілігін арттыру да үлкен маңызға ие. Колледж педагогтерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Қытай, Татарстан және басқа да елдерде халықаралық тағылымдамалардан өткізу жоспарланған. Мысалы, былтыр Қытай Халық Республикасында 7 педагог халықаралық тағылымдамадан өткен.
Өңірде дуальды оқыту жүйесі де кеңінен енгізілген. 40 колледждің 28-і, яғни 68 пайызы дуальды оқыту жүйесі бойынша білім береді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева 2024-2025 оқу жылында облыс бойынша 931 кәсіпорын 4998 студентпен үш жақты келісімшарт жасасқанын, бұл жүйе студенттердің нақты өндіріс саласында тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беретінін айтты. Оның айтуынша, дуальды оқыту жүйесі арқылы білім алушылардың жұмысқа орналасу көрсеткіші — 91 пайыз.
Облыста WorldSkills халықаралық чемпионаттарына қатысуға да үлкен көңіл бөлінеді. Сала мамандары мұндай чемпионаттар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жастарды тарту, оқытудың тәсілдерін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту үшін керек екенін айтады.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» Ақтөбе облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыту үшін маңызды кезең болмақ. Биыл білім беру ұйымдары мен еңбек нарығы арасындағы ынтымақтастық нығая түсіп, жастардың жұмысшы мамандықтарға қызығушылығы арта бермек. Дина Жаманбаева да облыс колледждерінде білім беру сапасын арттыру, халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлау, педагогтер мен студенттердің кәсіби біліктілігін дамыту жұмыстары жалғаса беретінін айтты. Бұл, әрине, облыстың экономикасының дамуына және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандардың көбеюіне ықпал етпек.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button