Қызмет пен сенім
Полиция
Қуандық Днимов — Ақтөбе қаласындағы 8-шағын ауданның учаскелік полиция инспекторы. Өзіне бекітілген ауданды бес саусағындай білетін полиция майорын тұрғындар жақсы таниды.
Қандай да бір құқықбұзушылық бола қалса, тұрғындар бірден оның ұялы телефонына хабарласуды әдетке айналдырған. Бірі жасөспірім баласымен тіл табысуға көмектесуді өтінсе, енді бірі үйінде су құбырының жарылғанын айтып көмек сұрайды, тағы бір тұрғындар жұмысқа орналасуға көмек көрсетуін өтінеді екен.
Учаскелік инспектор ешбір тұрғынның өтінішін жерде қалдырмайды. «Қызметтік міндетпен қоса,азаматтық парызды ұмытпауымызқажет», — дейді кейіпкеріміз.
Қызмет жолын патрульдік полициядан бастағанҚуандық Днимов бірнеше жыл Ақтөбе қаласында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторболды. Қарапайым: жүрегі мейірімге толы полицей жасөспірімдермен де, олардың ата-аналарымен де сенімді қарым-қатынас орната біледі. Соның нәтижесінде ол өзіне бекітілген учаскеде жастар арасындағы құқықбұзушылықты айтарлықтай азайтқан. Әрбір қолайсыз отбасының тұрмыс жағдайын мұқият зерттеп жүретін ол талай жұмыссыз ата-ананы жұмысқа, балаларын балабақшаға орналастыруға да ықпал етіпті.
— Ата-аналар жұмыссыз болса, балалар мектепке, балабақшаға бармаса, әрине отбасының жағдайы қиындайды. Әсіресе балаларға әсер етеді. Сондықтаносындай мәселелерді барынша шешуге тырысамыз, — дейді Қуандық.
Тәртібі нашар, мінезі ауыр жасөспірімдермен тіл табыса білетін Қуандық Өмірзақұлы
полицей ретінде ғана емес, оларға аға ретінде ақыл-кеңесін айтып, талай баланы тезге салған.
— Учаскемде профилактикалық есепте тұрған бір жасөспірім болды. Онымен жиі сөйлесіп жүрдім. Бала ақыл-кеңестерге құлақ асып, көз алдымызда түзеле бастады. Колледжге оқуға түсті. Одан бері бірнеше жыл өтті. Жақында өзі іздеп келді. Бүгінде шаңырақ көтеріп, тұрақты жұмысқа тұрған ол жігіттің қазіргі тірлігін, тұрмысын естіп, қуанып қалдым. Жасөспірім кезең — ең бір қызуқанды, албырт шақ қой. Бұл кезде баланы кінәлай бермей, сенімді қарым-қатынас орната білу, дұрыс бағыт-бағдар берудің маңызы зор, — дейді майор Қуандық Днимов.
Бүгінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқаратын оның әрбір жұмыс күніқарбаласқа толы. Азаматтардың арыз-шағымын қарау, материалдар әзірлеу, әкімшілік аумақты аралау, есепте тұрғандарды тексеру, сотқа бару, құқықбұзушылықтың алдын алу сияқты жұмыстар — оның күн сайын атқаратын міндеті.
— Азаматтармен кері байланыстың маңызы зор. Телефонымда бірнеше үйдің чаты бар. Тұрғындар әртүрлі мәселе бойынша хабарласады. Әрбір хабарламанымұқият оқып, нақты жауап беруге тырысамын. Біздің құзыретімізге кірмейтін мәселелер бойынша да көмек сұраған қоңыраулар жиі түседі. Ешқайсысын жауапсыз қалдырмауға тырысамыз, — деді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, тұрғындардан көршілердің тыныштығын бұзу, көшеде спирттік ішімдіктер ішу, отбасындағы ұрыс-керіс бойынша қоңыраулар көбірек түседі. Аумақта болатын қылмыстар туралы да тұрғындар бірінші учаскелік инспекторға хабарласады. Жиырма жылдық кәсіби тәжірибесі бар әрі ауданның криминогендік ахуалын жетік білетін майор Қуандық Днимов қылмыстың ізін суытпай ашудағы кәсіби тәжірибесі жас мамандарға үлгі.
Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.