Бенқала мыс кен орны іске қосылды
Өткен жылы Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында аймақта бірқатар жаңа жобалар жүзеге асты. Соның бірі — Әйтеке би ауданына қарасты Бенқала кен орнындағы катодты мыс өндіру кешені. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аталған кен орнының бірінші кезеңін салтанатты түрде іске қосты.
2008 жылдан бастап Бенқала кен орнында «KazCoopper» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі катодты мыс өндіру жұмысын қолға алды. Қазіргі таңда аталған аймақта қызу жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі жаңа кәсіпорынды аралап, жұмысшылармен кездесті. Содан кейін кешенді іске қосты.
Салтанатты жиында Архимед Мұхамбетов тұрғындарды жаңа кешеннің іске қосылуымен құттықтады.
— Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында еліміздің әлеуметтік экономикалық даму жүйесі бір ізге түсіп, осы жолда мол табыстарға кенелдік. Биыл облыста индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында тау-кен металлургиясы, химия, фармацевтика, құрылыс индустриясы секілді ірі өндіріс орындары іске қосылды. Яғни облыста жиырма жеті жоба жүзеге асты. Солардың ішіндегі соңғы жоба «KazCoopper» серіктестігіне қарасты катодты мыс өндіру кешені болатын. Серіктестік мыс өндіру жұмыстарының бірінші кезеңінде жылына жеті мың тонна, ал екінші кезеңінде жиырма мың тоннаға дейін мыс өндіруді көздеп отыр. Жобаға алты миллиард теңгеден астам инвестиция салынды. Құрылыс кезінде төрт жүзден аса жаңа жұмыс орны ашылса, кәсіпорын толық пайдалануға берілген кезде бес жүз адам жұмыспен қамтылады.
Жалпы еліміздің индустриялық картасына біздің облысымыздан құны 521,4 миллиард теңге тұратын алпыс үш жоба енгізілді. Яғни он жеті мың жаңа жұмыс орны ашылмақ, — деді облыс басшысы.
Әйтеке би ауыл шаруашылығы бағытындағы аудан саналғанмен, аймақта жер қойнауын пайдаланатын кәсіпорындар қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, «Вертекс Холдинг» ЖШС темір рудасын өндірсе, «Текше тас» ЖШС қиыршық тас өндіру зауытын іске қосты. Облыс басшысы аталған өңірдің алдағы уақытта агроөнеркәсіптік бағытта дамитынын, Хромтау, Мұғалжар ауданы секілді жетекші индустриялық аймақтардың қатарына қосылатынын жеткізді.
Сонымен бірге Архимед Мұхамбетов аймақта қолға алынған жобалардың сапасына ерекше назар аударылатынын баса айтты.
— 2012 жылдың бірінші қаңтарынан бастап еліміз бірыңғай экономикалық кеңістікте, яғни Ресей және Беларусь мемлекеттерімен кедендік одақ аясында жұмыс жасайды. Бұл уақытта талап өзгереді. Сондықтан облыста шығарылатын өнімнің сапасы барлық талапқа сай болуы тиіс, — деді облыс әкімі.
Бұдан кейін «KazCoopper» серіктестігінің бас директоры Үмбет Мәлімбаев сөз алып, компания жұмысымен таныстырды.
Жалпы кәсіпорында мыс өндіру жұмыстары экстракция және электролиз, яғни SX-EW технологиясы арқылы жүзеге асады. Бұндай технологияның елімізде баламасы жоқ. Бас директордың айтуынша, серіктестік кәсіпорынды құру кезінде бұл бағытта тәжірибесі мол австралиялық «Calder Projects» компаниясымен тығыз байланыс орнатқан. Өндіріске қажетті негізгі және қосымша технологиялық жабдықтар Австралия, Польша, Франция, Үндістан, Чили секілді мемлекеттердегі ірі компаниялардан сатып алыныпты.
Жиында еңбек ардагері Қаби Қуанышбаев соңғы жылдары ауданның әлеуметтік жағдайы жақсарып келе жатқанын айтып, облыс басшысына алғысын білдірді.
— Кейінгі жылдары ауданда білім, емдеу мекемелері бой көтерді. Бірқатар ауылдарда ауыз су мәселесі шешімін тапты. Ауыл шаруашылығы саласы да бір ізге қойылды. Осының барлығы еліміздің әлеуметтік жағдайының жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Енді, міне, ірі өндіріс орны ашылып отыр. Бұның өзі халықтың жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді. Алайда «алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» демекші, жер астындағы байлық бір күні таусылады, ал таусылмайтын қазына жердің бетінде. Сондықтан келешекте ауыл шаруашылығы саласы назардан тыс қалмаса екен, — деді ауыл ақсақалы.
Жиын соңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов тұрғындармен кездесті. Бенқала кен орнына жақын жердегі Тереңсай, Сұлукөл ауылдарынан келген азаматтар облыс басшысына көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Аймақ басшысы әр тұрғынның сауалына мән беріп, тұшымды жауап берді. Еліміздің ең басты құндылығы бейбітшілік пен татулық екенін айтып, жұртшылықты ауызбіршілікке шақырды.
Тереңсай ауылындағы «Зәмзагүл» шаруа қожалығының басшысы Сұлтанкерей Байділдин мемлекет тарапынан шаруаларға көрсетіліп жатқан қамқорлық туралы айтып, облыс басшысына алғысын жеткізді.
— Осы ауылда тұрғаныма елу жылдан асты. Жасым жетпіске келсе де шаруашылықтан қол үзгенім жоқ. Балаларыммен бірге жеке шаруа қожалығын құрып, тәуір тіршілік етіп отырмыз. Үш мың гектардай жерге егін егеміз. Мыңнан аса қой, жүзге жуық жылқы бар. Елбасы тапсырмасына орай мал басын асылдандыруды жолға қойдық. Еділбай тұқымды қой мен көшім жылқысын және қазақтың ақ бас сиырынан тұқым алып, малды асылдандырып жатырмыз, — деді қожалық басшысы.
Кездесу соңында ауыл ақсақалдары өңір басшысына алғысын білдірді.
Маман және мыс
Катодты мыс сым, дөңгелек резеңке секілді өзге де бұйымдарға қолданылады. «KazCoopper» ЖШС бас директоры Үмбет Мәлімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда мысқа сұраныс жоғары. Сондықтан өнімді өткізуде ешқандай кедергі болмауы тиіс. Көрші Қытай және Еуропа мен Америкаға экспортқа шығаруға болады. Өнімнің алғашқы легі 2012 жылдың екінші тоқсанынан бастап сыртқа жіберілмек.
— Бұл тұрғыда кедергі болмайды деп ойлаймыз. Себебі бұндай металға әлемде сұраныс жоғары. Сондықтан қазір басты күшімізді кәсіпорын жұмысының жандануы үшін жұмсап жатырмыз. Мәселен, 2008 жылдан бастап кәсіпорынға қажетті әр түрлі мамандықтар бойынша жұмысшыларды еліміздегі жоғары оқу орындарына оқуға жібердік. Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын табады, — деді бас директор.
Мәселен, аталған серіктестіктің жөндеу шаруашылық басқармасының бригадирі Жалғас Оспанов еңбек еткен азаматқа қолдау бар екенін айтады.
— Оқу бітіргеннен кейін ауылдан жұмыс табылмады. Қалаға барып құрылыс мекемелерінде жұмыс істедім. Алайда тұрақты жұмыс болмағаннан кейін қиынға соқты. Сөйтіп, осыдан бір жарым жыл бұрын осы серіктестікке жұмысқа орналастым. Қазіргі күні экстракция цехын салып жатырмыз. Сырттан әкелінген шикізат осы жерде өңделіп шығады. Жұмысым өзіме ұнайды, жалақым да жақсы. Серіктестік басшылығы бұндағы жастарды оқуға жібереді, — деді Жалғас Оспанов.
Қазіргі таңда кен орнында вахталық әдіспен екі жүзге жуық адам еңбек етеді. Өндіріс толық іске қосылғанда 500 адам жұмысқа тартылмақ. Серіктестік басшысының айтуынша, жұмысшылардың тұратын жері барлық талапқа сай.
Кәмшат ҚОПАЕВА.



