Әлеумет

Соғыстың ауыртпалығын көріп өстік

Ересектермен бірге соғыс кезіндегі қиыншылықтарды бастан кешкеннің бірі – өзіммін. Ол кезде ауылда радио, телефон дегендер атымен жоқ. Естияр адамдар ел көлеміндегі жаңалықтарды, пошташы әкелетін «Социалистік жол» ма, «Социалистік Қазақстан» ба (атын ұмыттым), облыстық газеттен оқитын да, «Соғыс болып кетпесе жарар еді-ау!» деп уайым айтып отыратын. Енді ойласам, бұл газет биыл 85 жылдығы тойланғалы отырған «Ақтөбе» газетінің «арғы аталары» екен ғой. Қариялардың қаупі дәл келді де, сол жылы соғыс басталды.

Бұл менің он екі, он үштегі кезім еді. Біздің үй Ойыл ауданына қарасты «Сапақкөл» ұжымшарының орталығы Сарбиеде тұратын.

Бір күні, екінді мен ақшамның арасында, мінген аты ақ тер, көк тер, ауданнан бір шапқыншы жігіт келді. Жай келген жоқ. Ауыл шетіне кіре: «Халқым-ау, соғыс басталды, соғыс!» – деп айқай салып келеді. Шақырым жерден естілетін кешкі дауыс қандай, бұл дауысты естіген бүкіл ауыл адамдары оны қоршап алды. Бірақ көп тұрмады. Бәрі де күңкілдеп сөйлеп үйлеріне тарады. Мен де әке-шешеммен үйге келдім. Күнде кешкі шай үстінде емен-жарқын әңгімелесіп отыратын адамдар  бүгін тым-тырыс. Оларына көңіл бөлген мен жоқ. Тамағымды ішіп болдым да, күндізгі ойыннан діңкелеп шаршап отырсам керек, салулы төсекке басым тиісімен қатты ұйықтап кетіппін. Ертеңгісін ұйқыдан тұрсам, үйде әке-шешем жоқ. Далаға шықсам, ауылдың үсті  у-шу. Дауыс етіп жылаған әйелдердің айқайын естіп, ауылда біреу өліп қалған екен деп ойладым да, орталыққа қарай жүгіре жөнелдім. Кешегі соғыс деген сөз есімде болсайшы! Жүгіріп келсем, ешкім де өлмеген. Бұлардың жылап жатқаны, кешегі келген жігіт түнгі салқынмен әскер жасындағы ауылдың барлық жігітін үш күндік азығы мен киімдерін арқалатып, ауданға алып кетіпті. Жылап жатқандар солардың туыстары екен. Сөйтіп соғыстың қырсығынан бас-аяғы бір-ақ күнде ауыл азаматтары сиреді де қалды. Ауыл иесіз қалғандай болды. Бұрын құдық басындағы саз балшыққа таласып, ойыншық жасап жүрген біздер де бір күнде есейгендейміз. Үлкендермен бірге Ойылдан келер қара жолды күзете бастадық. Азаматтар кеткелі жұмысқа ешкім шыққан жоқ. Арада үш күн өткенде жігіттерді алып кеткен Әлқуат пен Айдөш шал қастарында өздеріндей егде жастағы уәкіл мен бір милициясы бар, кешкілік ауылға келді. Оларды көрген соң бұрын бірі болмаса бірі қайтып келер деп үміттеніп жүрген туыстары жылаудың көкесін енді бастады. Ертесіне ертемен уәкіл мен милиция жиналыс өткіземіз деп ауыл адамдарын шақырып келуге балаларды жұмсап еді, бірде-бір жан клубқа келмеді. Оның ертесіне әлгі уәкіл менің әкем қатарлы ақсақалдарды кеңсеге жинап, халықты көндіріп шақырып келуге жұмсады.

Сөйтіп өлдім-талдым дегенде жиналыс ашқан уәкіл:

– Жолдастар, әскерге шақырылғандар жалғыз Сапақкөлдің жігіттері емес, бүкіл аудан бойынша олардың бәрін әскери комиссариат облыс орталығына аттандырып жіберді. Онда барған соң, жігіттердің денсаулықтарын тексеріп, жарақсыздарын кейін қайтарады, үміттеріңді үзбеңдер! – дегенде құлақтары елең ете түскен елдің күбірі басылып, одан әрі  уәкіл сөзін ұйып тыңдай бастады. Мұнан соң уәкіл:

– Жер шалғай, әскерге жарамсыз азаматтар келгенше ұжымшардың жұмысын бір сағат тоқтатуға болмайды. Қазір бүкіл одақ соғыс заңына көшті. Ол туралы менің серігім, милиция Аманғали жолдас түсіндіріп өтер, ал біздер әзірше бос тұрған басқарма орнына басшы етіп ауылдың ақсақалдары ұсынып отырған Жүсіп шалды сайлауымыз керек. Қарсы болмасаңдар қол көтеріңдер, – деді. Басқарма сайланды. Өкінішке орай, уәкілдің айтқаны келмеді: азаматтар сол кеткеннен оралмады. Арада ай жарымдай уақыт өткенде біреулерінен эшелонға тиеліп батысқа кетіп бара жатырмыз, енді біреулерінен майдан шебіне жеттік, соғысқа кіргелі тұрмыз деген хаттар келе бастады. Қатаң тәртіп орнады. Енді ұжымшар жұмысына шығатындар – бұрын бала бағып үйде отырған келіншектер мен бойжеткен қыздар, жасы он бес, он алтыдағы бозбалалар мен қариялар және біздер – балалар болдық.

Сол кезде «Сапақкөл» ұжымшарында жүзден аса үйде тоғыз жүзден артық жан бар еді. Оның үштен бірі менің замандастарым, бізден кейінгі сәбилер болатын. Мал дегеннен екі отар қой-ешкі, отыз шамалы жылқы, жүз қаралы өгіз бен сиыр, үш есек болған. Соғысқа дейін азаматтар ешқайда көшіп-қонбай-ақ ауылдан қатынап, осы малдарға шөп шауып, далалыққа үйіп кетіпті. Енді  елде қалған біздердің міндетіміз бітік шыққан Шормандағы егісті ысырапсыз жинап алу еді. Сарбиедегі халықтың бірі қалмай егін басына көшіп барды. Орталықта маужыраған қариялар мен кеңсе басындағылар ғана қалды. Астықтың таусылған кезі. Егін басына барып аш құрсағымыз тойынар деген елдің сенімі ақталмады. Уәкілдер мен милиция, ауыл белсенділері әскер отбасын ас ішпейтін періште дей ме, егін орағынан қайтарда қойын-қолтықтарына тығып әкеле жатқан жартусыз бидайы мен тарысын алдарынан шығып, тінтіп, қырманға әкеліп төктіреді. Бірлі-жарым тінтуден аман өткендері осы жарытусыз дәнді түн ортасы ауып, белсенділер түгел ұйқыға кеткенде ғана қайнатып, қуырып, түйіп, кебегін жер ошаққа  өртеп, қорек қылып, ертесіне көз ілместен жұмысына барады. Сұмдық емес пе? Сол кездің уәкілдері мен милициясы  кешкілік кімнің жер ошақта оты көп жанса, сол үйлердің қазан бастарына келіп, тексереді. Онымен де қоймай, өздері жоқта үйлерін тінтіп, Қатира деген келіншекті күркесінен табылған жеті килограмм тары үшін соттатып жіберді. Сонда да тесік тамақтың қамы үшін, үйінде қарайтын адамы жоқ болса да, балалы әйелдер жас балаларының тамақтарын қасына қойып, есікті сыртынан кілттеп кететін. Сөйтіп жүргенде, бір әйелдің бір жарым және үш жастағы қос ұлы темір тостақтағы күйдірген көк дәрі мен күкірттің жұғындысының үстіне су құйып ішіп, құшақтасып өліп қалды. Бұл дәрілерді әлгі әйел ертеңгісін сиырының көзіне түскен ноғаласын алдырғанда пайдаланып, жууға ұмытып кеткен. Қос ұлынан айрылған ана жынданып кетті. Ақыры, ұлдарының моласын құшақтап, өліп жатқан жерінен ауыл адамдары тауып алды. Сөйтіп соғыстың басталғанына бір жыл болмай жатып бір шаңырақ құлады. Осы сұмдықты көздерімен көрген, балаларын қарайтын адамы жоқ әйелдер жұмысқа шықпаймыз деп  қарсылық білдірді, бірақ оны кім тыңдасын?! Оларға жаны ашыған ауылдағы әжелер, орталарынан Қанипа деген қажырлы кемпірді бала бағуға шығарды. Үш үлкен күрке тігіп, астарына қалың етіп шөп төсеп, біздерге балаларды сонда жинатты. Ас даярлап, оларды бағатын – Қанипа. Әйтеуір, сөйтіп жүріп егін де аяқталды. Қырман көтеріліп, астықты қоймаға құйдырып болған соң, уәкіл де, милиция да, ауыл белсенділері де орталыққа кетті. Бірақ ауылдың көпшілігі көшпей қалды. Келдек тереді, қырманда қалған сабанды қағады. Түс қайта, сабақтан тараған соң оларға мектеп балалары барып көмектесеміз. Сол кездің адамдары жарты құртты жарып жейтін. Не деген кең пейіл еді! Осылай бейнеттеніп жүріп жинап алған азын-аулақ астықтарын қолы қысқа адамдармен бөлісетін.

Келдек теруді аяқтап, орталыққа көшіп келген ел адамдарын қаралы хабарлар да күтіп тұр екен. Мәнет шалдың үш ұлы – Қайырқұл, Дәріқұл, Қайырғалиы, Мәулеттің жалғызы Мұқамбетжан, Сарының жалғызы Қабден, Аққұбаштың жалғызы Өксікбай, Айжанның күйеуі Орал, Хамзаның жалғызы Жанша сияқты жігіттерден «майданда қаза тапты» деген қаралы қағаз келді. Менің әкем мен оның құрдастары  олардың туыстарын үйлеріне қонаққа шақырып, қонақ етіп естіртіп жатты. Кейін жұрт бұлай қонаққа шақырғандарға да үрке қарайтын болды. Келер жылы үш ұлының күйігіне шыдамаған Мәнет шал кемпірімен қайтыс болды. Сөйтіп тағы бір шаңырақ құлады.

1942 жылдың жазында майданға кеткендердің алды болып Тажидан Танауов, Жұмабай Орынбаев мен Жұмаш, Молдабек сияқты аяқ-қолдарынан жараланған адамдар елге оралды. Оларды көрген халықтың қуанышында шек болмады. Өз азаматтары аман келгендей қуанды.

1943 жылы да ауылда егін мықты шықты. 1941-дің астығына орталықтағы бір қойма толса, бұл жылы үлкен екі қоймаға құйды. Бірақ ел адамдары үшін қиын кез туды, тағы тінту басталды. Ауыл ішінде милиция көбейді. Алдарына арыз жазған Молдаш шалды салып, иесіз қыстауларға құйылған көп бидай мен тарыны тауып алды. Ауылда сот болды. Басқарма Жүсіпті ату жазасына бұйырды, оның орынбасары Жұмабайды, бригадирлерді бірнеше жылға бас бостандықтарынан айырды. Бәрін Ойылға айдап кетті.

Осы қиындықтарға қарамастан соғыс басталғалы ауылдың кемпірлері, оқушылар  күнде кешкілік қызыл отау үйіне жиналады. Онда үюлі тұрған қойдың жабағы жүні бар. Кемпірлер ұршық иіреді, біздер жүн түтеміз. Иірілген жіптен оқушы қыздар қолғап, шұлық,  мойын шәлі тоқып, жауынгерлерге деп майданға жіберу үшін әскери комиссариатқа тапсырып та үлгерді.

Сондай-ақ, соғыс басталғалы, қыстың қытымырлығына қарамастан, Ыбыраштың жесірі – Орын апамыз, Смағұлдың жесірі – Қоңыр, Бақыттың жесірі – Нұржамал, Ізімнің жеңгесі – Сыпайы деген төрт әйел ауылдан 150 шақырым жердегі теміржол бойындағы Шұбарқұдыққа пар өгіз жеккен шанамен майдангерлердің азығы үшін бидай мен тары тасиды. Оларға  халық ақтаған тары қосып, жермай, сіріңке, шай, қант алдырады. Бір жеті жүріп келгенде халықтың алғысына бөленіп жатқандары.

Әйелдер мен бозбалалар жерге қар түсе көлдің нарқамысын орып әкеліп, мектепке, кеңселерге, қызыл отау үйіне түсіреді. Әйтеуір, тоңып көргеніміз жоқ. Бірақ бірталай оқушылардың аяқ киімдері жыртылып, сабаққа қатыса алмай қалғандары болды. Сондықтан қариялар сойылған сиырдың жас терісінен оларға шарғы тіктіріп берді де, оқуға қатысуларына мүмкіндік жасалды. Бұл шарғы етіктің шебері – Айтқали шал.

Несін айтасың, ел адамдары осылай өз тірліктерін жасап жатқанда, олардың арасынан Молдаштай арызшылар да, қыз-келіншектерге қырғидай тиген уәкілдер де, шалдар да, дүниеқұмарлар да пайда болды. Сол құтырған шалдың бірі басы таз, аяғы ақсақ, елулер шамасындағы Жұман еді. Оның менің бастауыш мектептегі кластасым Бәтима деген жетім қызды алып қашып, үйленгені әлі есімде.

Бәтима бастауыш класта оқығанмен жасы бізден үлкен, 15-16-ларда болатын. Сол Бәтимаға ара түскен жан болмады. Арыз айтып барған мектеп мұғалімдеріне әншейінде заңшыл милициялардың өзі: «Қыздарың бойжеткен адам, басты қатырмаңдар!», – деп қолдарын бір сілтеді. Сөйтіп ел ішіндегі жас қыздар құрбандыққа ұшырап жатқанда, жасы 18-ге толған ауылдың он шақты ұлы

майданға аттанып кетті. Олардың да көбі оралмады. Шахтаға дейді, майданның қара жұмысына дейді, ауылдың жасы 50-лердегі егде адамдары да бірінен соң бірі кетіп жатты. Сонда да күнкөріс қамы үшін жесірлер мен қыздар, шалдар ұжымшар жұмысынан қол үзген жоқ. Атқарған жұмыстарына ұжымшар ақша бермейді, еңбеккүн жазады. Соған жыл аяғында  аванс деп астық береді. Сөйтіп жүріп күз бастала, үй басы мемлекетке отыз килограмм ет өткізеді. Яғни, жыл сайын бір баспағын тапсырады. Екі килограмм шыжғырған майы тағы бар. Бұл – міндетті салық.

1943 жылдың қысында майданға қара жұмысқа шақырылған Дәу деген туысымыз ауданға екі барып, екі қайтып келді. Үшінші қайтара жүргелі жатқанда, шығарып салуға анама ілесіп мен де бардым. Марқұм сол кеткеннен оралмады. Оның алдында жалғыз ұлы Жаңабай да майданға кеткен еді. Набира кемпір жалғыз қалды. Құлағы тас керең, саңырау, өзімен-өзі сөйлеп, екі бұзаулы сиыры мен 3-4 жандығының қамын соғып жүргені.

Осы 1943 жылдың жазында Набираның үйіне Даржан деген қыз келін боп түсті. Сол күні Набираның бір жандығы сойылып, туыстары жиылып, кішігірім той болды. Ертесіне күйеусіз, кемпірге келін болып түскен Даржан жайлы ауыл ішінде неше түрлі өсек қаптап кетті. Кемпір мен келін оған қыңқ демей жүріп жатыр.

Арада жылға жуық уақыт өткенде, 1944 жылдың күзінде бетінен жарақат алған Жаңабай аға демалыс алып ауылға келді. Тағы да бәріміз Набира шешем үйіне жиналып, күтіп алдық. Аға келген соң ілесіп үйге кірсек, Даржан кіре берістегі қабырғаға арқасын сүйеп жолда тұр екен. Жаңабай аға оған назар аударды ма, жоқ па, білмеймін. Қыздың жанынан өтіп, шешесіне барып, құшақтап, көрісті. Тағы да шешемнің бір жандығы сойылып, кішігірім той болды. Үйді-үйге тарастық. Ақыры, Даржан қыз жеңді. Бұрын уәделері болмаса да, Жаңабай ағамыз бір ай болып майданға аттанғанда, Даржан жүкті болып қалды. Соғыс бітіп, Жаңабай аман-есен елге оралды. Даржан ағамызға Ұлмекен есімді қыз сыйлады. Жұрттың өсегі жайына қалды. Даржан жеңгеміз кейін он бала туып, омырауына Алтын белгі тақты. Міне, соғыс кезінде ауыл адамдарымен бірге талай сұмдық ауыр күндерді басымыздан кешірдік.

Ақыры, соғыс та аяқталды. Бірақ майданға кеткен азаматтардың көбі оралмады. Сүйектері сол жақта қалды. Ауылға келгендердің ішінде Ідіріс Суқашев, Айса Суқашев, Батих Досниязов, Қабдрахман Бердешов, фамилиясын ұмыттым, Алпыс деген ағаларымыз, Хасен Аманғалиев, Ақу Жұбаев, тағы да басқа он шақты азамат бар еді.

«Сүйінші, халқым, сүйінші!», – деп Ойылдан тағы да хабаршы келді. Кеңес үкіметі бұл Жеңісті бүкіл халық тойласын деп кеңшілік жасапты. Осы хабар жеткесін ұжымшар басшысы Хасен ауылдың еңбектеген жасы, еңкейген кәрісіне дейін қала жақтағы қыр басына жинап, ірі қара сойып, үлкен той жасады. Содан бастап осы Жеңіс тойы Сарбиеде жылда өтетін. Неге екенін білмеймін, 1950 жылдан кейін тоқтады.

Мен бір ғана ауылдағы халықтың соғыс кезіндегі басынан кешкен қиындықтарын айта отырып, кейінгі ұрпақтарға:

– Егеменді еліміздің бейбіт өмірін, шуақты күндерін бағалай біліңдер. Көреген Елбасымыз Н.Назарбаевтың  Жолдауында көрсетілген барлық тапсырмаларын бұлжытпай орындап, көп ұлтты еліміздің бірлігін сақтаңыздар! Бірлік бар жерде тірлік бар. Отанымыздың байлығын арттырып, алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосылуға ат салысыңыздар! Біз көрген қиындықтарды сендердің өздерің түгілі ұрпақтарың  көрмесін. Соғыстың аты өшсін! Жылдарың мерекелі, берекелі болсын! Бейбітшілік жасасын! – дегім келеді.

Қарылға КЕРЕЙҚЫЗЫ,

зейнеткер.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Қарылға апа, әңгімеңіз өте тартымды. Оқып отырып толқыдым. Бұл тақырып маған таңсық болмаса да (мамандығым-тарихшы), еріксіз «сұмдық-ай» деп күрсінумен болдым, себебі: ол жерде менің әкелерім-Налық пен Амандақтың да, әжелерім-Мәмилә мен Қырмызының да тағдырлары жатыр еді. Алматыдан-Бисембаева Ляззат Амандыққызы. 2010 жыл, 8-ақпан.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button