Басты жаңалықтар

Бас шырша және балақайлар

«Тәуелсіздік — алтын бесік». Кеше Қазақстанның әр өңірінде өткен еліміздің бас шыршасы осылай аталды. «Атамекен» демалыс орталығында ұйымдастырылған Президент шыршасына біздің облыстағы 200 оқушы  қатысты.
Ерекше безендірілген алып шыршаның маңына топтасқан балалар Ақшақар мен Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы Алтын батырды қошеметпен қарсы алды. Көңілді топқа Алдар Көсе де қосылды. Бұдан соң оқушылар ертегілер елінің қонақтарымен бірге республикамыздың әр өңіріне саяхат жасады. Алғашқы аялдама — Алматы. Балдырғандар қарлы Барыспен ерекше ілтипатпен амандасты. Балалар ару Алматының табиғатын тамашалаған соң, мұнайлы өңір Маңғыстауға қарай бет алды. Мұнда олар Каспий теңізінің жағалауында демалып, Теңіз әміршісінің әңгімесін ұйып тыңдады. Осылайша еліміздің әр аймағында болып, Қазақстанның табиғаты, қазба байлығы туралы мазмұнды  әңгімеге қаныққан балалар Елордамыз — Астанаға да келіп жетті.
Мерекелік бағдарлама Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап өткізілді. Сондықтан кеш барысында осы тақырып жан-жақты қамтылды.
Балдырғандар Аяз атаны ерекше ықыласпен қарсы алды. Мерекенің бас кейіпкері бүлдіршіндерді Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Бұдан соң балалар бір-бірінің қолдарын ұстап, шыршаны айналып ән салды, әуен ырғағымен биледі. Осылайша олар шырша шамдарының жануы үшін бар өнерлерін көрсетті. Бұдан кейін көңілді топ жыл «иесі» — Ұлуды қошеметпен қарсы алды.
Еліміздің бас шыршасына арнайы шақыртумен келген балалар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдады.
— Қымбатты балалар, бүгін байтақ еліміздің барлық өңірінде өнегелі балалар жаңажылдық шыршаның айналасына жиналды. Мен сендерді, сендер арқылы барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын!
Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 20 жыл толғанын білесіздер. Сондықтан бұл жыл баршамыз үшін айрықша жыл болды. Тәуелсіздік арқылы біздің Отанымыз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүние жүзі қазақ елін құрметтейді. Сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар. Зерделі де зерек, білімді болыңдар. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалған.
Айналасын алтынға бөлеген шырша — базарлы балалықтың белгісі. Шырайын бермейтін осы шыршадай жайнап өсе беріңдер. Болашақтарың баянды болсын, — деген Мемлекет басшысының ақ тілектерге толы лебізі әр баланың жадында ұзақ уақыт сақталып қалары анық.
Президент құттықтауынан соң облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтау сөз сөйледі.
— Құрметті балалар, қымбатты жас достарым, биыл республикамызда Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз 20 жылдың ішінде көптеген жетістікке қол жеткізді.
Бүгінде елімізде балалар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Тәуелсіздік алған соңғы 10 жыл ішінде Ақтөбе облысында 41 мектеп бой көтерді. Назарбаев зияткерлік мектебі салынып жатыр. Бұл мектепті 2012 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Онда 700-ден астам оқушы білім алатын болады.
Тәуелсіздік алған жылы Ақтөбеде небары 2 жоғары оқу орны болған еді. Қазір олардың саны көбейді: 9 жоғары оқу орны бар. Нәтижесінде, ұшқыш та, мұғалім де, инженер де, дәрігер де біздің Ақтөбеде даярланады, — дей келе, Архимед Бегежанұлы шырша тойына жиналған балаларды Жаңа жылмен құттықтап, олардың әрқайсысына Елбасы атынан сыйлық тарту етті.
Әр сыйлықта жылы сырт киім, бас киім, етік, спорттық киімдер, кеңсе тауарлары салынған рюкзак, кітап, тәтті тағамдар бар.
Тарту-таралғы алып болғаннан кейін шырша қонақтары облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен естелік суретке түсті.
Бұдан соң бүлдіршіндер әсем шыршаның жанына қайта жиналып, жұмбақ шешті, түрлі ойын ойнады. Сөйтіп, білімді өрендер Аяз атадан тағы да көп сыйлық алды.
Бұдан кейін балалар «Атамекен» мейрамханасында мерекелік дастарқаннан дәм татты.

Айгүл АРЫНҒАЗИЕВА, облыстық білім басқармасының бастығы:
— Бұған дейін ұйымдастырылған шыршатойларға 150 бала қатысатын еді. Биылғы ерекшелік, 200 оқушы қатысып жатыр. Олар негізінен жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, патронаттық тәрбиедегі балалар, көп балалы отбасының балалары.
Шыршаға шақырылған әр балаға 53,2 мың теңгеге шырша сыйлығы дайындалды. Жалпы, Президент шыршасына 13 723,4 теңге бөлінді.
Айта кету керек, желтоқсанның 8-26-сы күндері 5-9 сыныпта оқитын 16 бала («Искорки» үлгілі ансамблінің мүшелері мен «Жас ұлан» балалар ұйымының белсенділері) «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында демалып, республикалық жаңажылдық шыршаға қатысып келді.

БАЛАЛАР:
АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ!

Шыңғысхан ШАЛАБАЕВ, 5-сынып оқушысы:
— Мен Ойылдан келдім. Жақия Жүсібәлиев атындағы орта мектепте оқимын. Оқу озатымын. Математика пәніне ықыласым ерекше. Әсіресе, қиын есептерді шығарғанды ұнатамын. Мектепте ұйымдастырылатын шараларға белсене қатысамын. Болашақта ұшқыш болғым келеді.
Біздің үйде 6 бала бар. 3 қарындасым, 2 інім бар. Балалардың үлкенімін.
Бас шырша өте жақсы өтті. Кеш барысында Аяз ата, Ақшақар, Алдар Көсе және басқа да ертегі кейіпкерлерімен бірге біз еліміздің әр өңіріне саяхат жасадық.
Бізді Жаңа жыл мерекесімен Мемлекет басшысының өзі құттықтады. Елбасының атынан шырша қонақтарына сыйлықтар тарту етілді. Онда бізге қажетті заттардың бәрі бар екен.
Көңілді кешті ұйымдастырған Елбасына, облыс әкіміне ризашылығымды білдіремін.

Нұржігіт ҚУАТБАЕВ, облыстық Алға балалар үйінің тәрбиеленушісі:
— Мен 5-сыныпта оқимын. Бас шыршаға қатысқаным үшін қалай қуанғанымды сөзбен айтып жеткізуім мүмкін емес. Аяз ата мен Ақшақар бастаған ертегі кейіпкерлері бізге қосылып, ән айтып, би биледі. Президент шыршасына қатысқанымды жыр қып айтып жүремін.
Мен үшін биылғы мерекенің жөні бөлек. Шаруасы өте көп болса да, бізді Елбасының өзі арнайы құттықтап, ақ тілегін айтты.
Болашаққа сенімім зор. Шырша тойы сенімді нығайта түсті.

Аймереке ӘБДІҚАДЫРОВА, 8-сынып оқушысы:
— Ырғыз ауданынан келдім. Дүкен негізгі мектебінде оқимын. Біздің ауданның 6 оқушысы Президент шыршасына қатысып жатыр.
Мерекелік бағдарламаға жиналған балалардың бәрі көңілді. Мұнда жиналғандар бірін-бірі бұрыннан танитындай, бірін-бірі жатсынбайды, әңгімеміз жарасып кетті. Аз уақыттың ішінде бірнеше адаммен достасып үлгердім.
Мерекелік кеш өте қызықты өтті. Аяз атаның көңілінен шығу үшін барлық бала жарыса өз өнерлерін көрсетті. Мерекенің бас кейіпкерлері — Аяз ата мен Ақшақар біздің өнерімізге қатты риза болды. Біз олармен бірге ертегілер әлеміне саяхат жасадық.
Ғажайып кешті ұйымдастырушыларға шексіз ризашылығымды білдіремін.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button