Мерекедегі марапат
Энергетика
Желтоқсан айының үшінші жексенбісінде елімізде Энергетик күні атап өтіледі. Бұл — халықты жылумен, жарықпен қамтамасыз ететін қарапайым азаматтардың кәсіби мерекесі.
Өңір басшысы Асхат Шахаров облыстағы энергетика саласында еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
Әкім өз сөзінде энергетика саласының өңірдің дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала тұрақтылықтың негізі, ал энергетиктердің қажырлы еңбегі экономиканың алға басуына және тұрмыстық жағдайдың жақсаруына тікелей әсер етеді.
— Мемлекет басшысы энергетикалық кәсіпорындардағы жабдықтардың жұмысқа жарамдылығын қолдау үшін жаңа өндіруші қуаттарды жаңғырту, іске қосу және аталған салаға инвестициялар тартудың маңызына бірнеше рет тоқталып, арнайы тапсырма бергенін де білеміз. Бүгін біз энергетика жүйесін реформалау қарсаңында тұрмыз. Энергетика — тек мамандық қана емес, жігерлілік пен жауапкершілікті талап ететін сала. Халықтың үйінде жылу мен жарықтың болуы — сіздердің еңбектеріңіз. Осы ретте әр маманға алғыс білдіремін, — деді әкім.
Салтанатты іс-шара барысында облыс басшысы сала мамандарына елдің энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін Президент Жарлығымен бекітілген мемлекеттік наградаларды табыстады.
ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені «Ақтөбе ЖЭО» АҚ от қалаушысы Нұртас Әбуовке және осы мекеменің ауысым басшысы Нұрболат Сарбасовқа, «Энергосистема» ЖШС қызмет басшысы Талғат Сисенбаев және компанияның аға шебері Сайлаубай Тажғаринге, «Аqtobe su-energy group» АҚ магистралды жылу желілері ауданының басшысы Мұса Ыбырайға берілді.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС Ақтөбе электр энергиясымен жабдықтау учаскесі басшысының орынбасары Людмила Кольцова наградталды.
Айтып өтейік, облыста энергетика саласында 5 мыңнан астам маман қызмет атқарып келеді. Өңірдің тұтынатын қуаты орта есеппен 944 МВт-қа тең, оның ішінде жергілікті энергия көздерінен 485МВт электр энергиясы өндіріледі.
А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.