Ардагерлердің дәстүрлі спартакиадасы өтті
Спартакиада
Тәуелсіздік күніне орай өңір ардагерлері жыл сайын спартакиада ұйымдастырады. Биыл да сол дәстүрден жаңылмаған еңбек ардагерлері тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі, волейбол, футбол секілді спорттың 6 түрі бойынша сайысты.
Облыстық мамандандырылған №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің залында өткен жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан қатысып, еңбек ардагерлеріне сәттілік тіледі.
Спартакиадаға облыстың 12 ауданы мен Ақтөбе қаласының екі ауданынан барлығы 350 ардагер қатысты. Жарысқа қатысқан ардагерлердің ең үлкені — Қобда ауданының тұрғыны, сексен екі жастағы ақсақал Жауғашты Жұмағалиев. Ол шахмат ойнап, батырлар мекенінің намысын қорғады.
— Биылғы спартакиаданың жылдағыдан ерекшелігі — федерациялардың қолдауы. Әсіресе волейбол, футбол және тоғызқұмалақ федерациялары қаржылай демеушілік танытты. Ардагерлер спартакиадасын қолдап-қолпаштап жатқандарға ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар біз ретін келтіріп, 70, 75, 80, 85 жасқа толған ардагерлеріміздің құрметіне турнирлер ұйымдастырып тұрамыз, — деді Ақтөбе облысының спорт және денешынықтыру ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытқали Шоқаев.
Тартысты өткен ойындардың қорытынды нәтижесіне сүйенсек, Шалқар командасының ардагерлері мықты дойбышы екендерін көрсетсе, Ақтөбенің Астана ауданы командасы шахматтан жеңімпаз атанды. Хромтау ауданынан келген команда тоғызқұмалақ пен үстел теннисінен топ жарды. Мәртөк ауданы командасы шағын футболдан үздік көрінсе, Ақтөбенің Алматы ауданы командасы волейболдан чемпион болды.
Жалпыкомандалық есепте Хромтау ауданының ардагерлеріжеңімпаз атанды. Екінші орынға— Алматы ауданының командасы (70 ұпай), ал үшінші орынға Мұғалжар ауданының ардагерлері (57 ұпай) ие болды.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауыменоблыстық спорт және денешынықтыру ардагерлері кеңесінің төрағасы және спорттық федерациялардың басшылары жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар, кубоктар, медальдар, дипломдар табыстады.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.