Ақтөбеліктер қоныс тойын тойлаған жыл болды
Айгүл ДҮЙСЕНОВА,
облыстық мәслихат депутаты.
Биыл өңірімізде су тасқыны болғанына қарамастан көп жұмыс атқарылды. Жаңа жобалар сәтті жүзеге асырылып, жоспарлар толығымен орындалды. Облыстағы өзекті мәселелердің бірі — жол жайы болса, биыл өңірде 500 шақырымнан астам жол жөнделіп, асфальт төселді. Ақтөбе қаласындағы 200-ден астам көше дұрысталып, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін орталық көшелердегі тротуарлар жаңартылды.
Биыл облысымызда біраз отбасы жаңа баспанаға ие болды. Олардың бірқатары үйі суға кетуіне байланысты жаңа қонысқа көшірілсе, бірқатары мемлекеттік бағдарламалардың арқасында баспаналы болды. Мәселен, су тасқыны салдарынан 4 мыңға жуық үй зардап шексе, соның 1013-і апатты деп танылды. Бұл мәселені шешуге бизнес өкілдері жұмылдырылып, нәтижесінде жалпы мөлшері 25 миллиард теңгеге 500 үй салынып, 513 дайын үй сатып алынды. Сондай-ақ жыл басынан бері «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» бағдарламалары аясында 225 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Олардың қатарында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар бар. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша облыста 827 отбасы пәтермен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл мақсатта 12,3 млрд теңге жұмсалған. 800-ден астам отбасының баспаналы болуы — өте жақсы көрсеткіш.
Жалпы, биылғы жыл ақтөбеліктер үшін жыл жаман болған жоқ. Өңіріміз жақсы көрсеткіштерге ие болып, әр салада оң өзгерістер болып жатыр. Ендігі мақсат — алдағы міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырып, облысымызды әрі қарай өркендету.