Пікір

Бюджеттің 60 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалмақ

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ,
облыстық мәслихаттың депутаты, ауған соғысының ардагері:

— 2024 жыл біздің өңір үшін оңай болған жоқ: су тасқыны елді біраз әлекке салды. Ауыр сынақ болды. Бірақ бұл қиындықты халық болып, ел болып ауызбіршіліктің арқасында еңсердік. Бұл — тұрғындардың бірлігі мен төзімділігінің көрінісі.
Облыс басшысының есебінде ауыл шаруашылығын қолдаудың қажеттілігі айтылды, бұл — қуантатын жағдай. Ата кәсіпті қолдау — дұрыс шешім. Алдағы жылы ауыл шаруашылығына қатысты пайдасы мол жобалар жоспарланған.
Облыстық мәслихатта өңірдің үш жылдық бюджетін бекіттік. Қазынаның әр тиынын елекке салып, таразыға тартып, ретіне қарай бөлдік. Мәселен, 2025 жылға бөлінген 439 миллиард теңгенің 60 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалмақ. Мектептер салу, емханалар мен ауруханаларды жөндеу — жоспардың бір бөлігі.
Өңіріміздегі жол сапасы да айтарлықтай жақсарды. «Ақтөбе-Атырау» бағытындағы Қандыағаш учаскесіндегі жол жолаушыларға қауіпті болатын. Жақында сол төрт жолақты жаңа жолдың пайдалануға берілуі — жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін игі іс болды. Қаладағы жолдардың сапасына да тұрғындар ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бұл да — жетістіктердің бірі. Қашанда өңіріміздің еңсесі биік болып, азаматтардың әл-ауқаты жақсаруы — біздің басты тілегіміз. Алда әлі де атқарылар көп жұмыс бар.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button