Аға ұрпаққа қамқорлық
Өңірде «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында еңбек ардагерлерінің ауласын қардан тазарту акциясы өтіп жатыр. Экологиялық іс-шараға облыстық жастар ресурстық орталығының өкілдері, қоғам белсенділері мен еріктілер қатысты.
Дүйсенбі күні бірқатар ұйым мүшелері өңірдегі еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында олардың ауласын қардан тазартып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Игі іс-шаралар негізінде қоғамда жаңа мәдениет пен жаңа қоғамдық этика қалыптасып келеді. «Бұл— туған елге деген жанашырлық», — деген ұйымдастырушылар мен еріктілер өңір тұрғындарын экологиялық таза орта қалыптастыруға шақырады. Облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Самғат Артығалиннің айтуынша, аталған акция облыстың барлық ауданында бастау алған.
— «Таза аула — аға ұрпаққа қамқорлық» акциясының мақсаты — аға ұрпаққа құрмет көрсете отырып, қала тұрғындарын осындай іс-шараларға шақыру. Осындай жобалар жыл бойы дәстүрлі түрде жалғаса беруі қажет. Қоғамға еңбегі сіңген еңбек ардагерлеріне жан-жақты қолдау көрсету маңызды, — деді «Бір қадам» еріктілер тобының жетекшісі Жанерке Мирашева.
Тазалық жұмыстары Павлов көшесінің бойында орналасқан үйлерден басталды. Бұл жұмыс әрі қарай бес көшеде жүргізілмек. Айта кетейік, биыл облыста «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жалпы саны 100 мыңнан аса аула тазартылса, 290-нан астам саябақ пен сквер абаттандырылып, 260-қа жуық тарихи және мәдени ескерткіш қалпына келтірілген. Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен студенттер, еріктілер аталған акция аясында 350 мыңнан аса ағаш егіп, қоршаған ортаны көркейтуге үлес қосқан.
Айдана АЛТЫБАЕВА.