Нақты істер, жүйелі жұмыстар
Бауыржан ЖҮНІСОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік университетінің профессоры.
— Жақында орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Асхат Шахаров өңірде жыл бойы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Экономикалық деректерге сүйенсек, жыл қорытындысы бойынша облыстың экономикалық өсімі 106 пайызға жетті. Біздің өңірде орташа жалақы 364 мың теңге болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты ел халқына Жолдауындағы міндеттер мен тапсырмалар облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқанын осындай іс-шаралардан айқын аңғаруға болады. Әсіресе, көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен Ойыл, Ырғыз, Қобда, Темір және Мұғалжар аудандарындағы ауыл тұрғындарының үйлерін уақытылы салып, қоныстануына мүмкіндік жасалуы — игі істердің бірі. Сонымен қатар ауыл-аймақты абаттандыру, жаңа аялдамалар орнату, заманауи қоғамдық көліктер қатарын көбейту, жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында облыста қыруар жұмыстардың атқарылғаны көңіл қуантады. Сондай-ақ қаланың 2050 жылға дейінгі бас жоспарын айқындау арқылы Ақтөбенің болашақ мегаполис ретінде дамуына негіз қаланды.
Биыл облыс жұртшылығының көптен күткен қуанышы — ұзындығы 96 шақырым болатын республикалық маңызға ие Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының пайдалануға берілуі — аймақ үшін маңызды жетістік болды. Биыл басталған Хромтау ауданы арқылы өтетін Самара-Шымкент автомобиль жолын салу жұмыстары да өңір экономикасына айтарлықтай әсерін тигізері сөзсіз.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ақтөбе қаласында 700 орындық драма театры мен 35 мың жанкүйерді қабылдай алатын футбол стадионын салу бойынша жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұл — облыс басшысына деген үлкен сенімнің белгісі.