Экономика

Энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналды

Ерлан ДҮЙСЕН,
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы.

Ұлттық жоба

Былтыр желтоқсан айында коммуналдық желілерді жаңарту және инфрақұрылымдағы апат деңгейін төмендету мақсатында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды.
Бүгінгі таңда жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы 87 монополист кәсіпорындардың энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымының тозуы — 65-100 пайыз. Осы ретте Жобалық кеңсеге инженерлік желілердің тозуын 40 пайызға дейін төмендету және электр энергиясын өндірудің жаңа көздерін салу (қосымша 7,3 ГВт) тапсырылды.
2029 жылға қарай коммуналдық желілерді жаңғыртуға қажетті инвестиция көлемі — шамамен 6,8 триллион теңге, электр энергиясын өндіруге — 6,2 триллион теңге болмақ. Бұған коммерциялық банктердің, ұлттық даму қаржы институттарының және халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаттары тартылатын болады.
Табиғи монополиялар субъектілерін қаржыландыру тетігін құру, жеңілдетілген қаржыландыруға немесе субсидиялауға өтінімдерді қарау « Бәйтерек » ҰБХ» АҚ-ға жүктелген. Жобаны іске асыру және құрылыс-монтаждау жұмыстарының барысын бақылау және мониторинг жүргізу «ТКШ «ҚазЦентр» АҚ-на жүктелді.
Ұлттық жобада жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 100% пайдалана отырып, отандық өнеркәсіпті дамытуға, жаңа 27 өндіріс және жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлінген.
Алдағы уақытта отандық тауар өндірушілер шығаратын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің нақты тізбесі қалыптасып, жосықсыз қатысушылардың тізілімін енгізу арқылы сатып алудың бірыңғай электрондық нысаны іске қосылатын болады.
Халықтың төлем қабілетті топтары коммуналдық қызметтерді әділ, нарықтық тарифпен төлеуі қажет. Тұрғын үй көмегінің автоматтандырылған жүйесі арқылы халықтың осал топтары тарифтердің көтерілуінен қорғалатын болады.
Қазіргі уақытта Ұлттық жоба 200-ден астам табиғи монополия субъектісін қамтиды, оның 70 пайызы — мемлекеттік компаниялар, 30 пайызы — жеке меншік. Олардың барлығы да өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қала типіне қарай төрт санатқа бөлініп, 57 қаланы қамтиды. Осы бастамалардың ықпал ету аясына жататын халықтың жалпы саны — 12-13 миллион адам және бұл — ел халқының жалпы санының шамамен 60-65 пайызы.
Жаңғырту бағдарламасына төрт деңгейлі субъектілер кіреді. Бірінші және екінші деңгейге ірі агломерация орталықтары жатады: Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары, сондай-ақ 16 облыс орталықтары, оларды мұнда үлкен абоненттік базасы бар және қаржылық тұрақтылығы жоғары 106 табиғи монополия субъектісі жұмыс жасайды. Үшінші және төртінші деңгей — моноқалалар мен шағын қалалар, оларда 108 субъект жұмыс істейді.
Жобаларды қаржыландырудың жеті тетігі бар, олар: тікелей қаржыландыру (ҚДБ, ЕДБ, МҰ, ӨДҚ), синдикатталған және бірлескен қаржыландыру, облигациялар (Бәйтерек, ҚТҮК, ЖАО), бюджеттік несиелер, облигациялар (жеке сектор),
жеке монополистердің капиталына кіруі (үлесін), лизингтік қаржыландыру (ӨДҚ).
Әрбір кәсіпорын үшін республика бойынша энергетика және коммуналдық сектордың инфрақұрылымын жаңғырту және жетілдіру мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік беретін жеке қаржыландыру моделі таңдалатын болады.
Инфрақұрылымды жаңғырту апаттарды айтарлықтай азайтуға, коммуналдық қызмет көрсету сапасын жақсартуға және өңірлердегі энергетикалық жүйелердің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысында 4 табиғи монополия субъектісі Ұлттық жобаға қатысуға ниет білдірді. Олар: «Энергосистема» ЖШС электр энергиясын беру қызметі, «Aqtobe su-energy group» АҚ жылумен, сумен жабдықтау және су бұру қызметтері үшін «Алға жылу » КГП (сумен жабдықтау және су бұру қызметі) және «Коммуналщик» КГП (сумен жабдықтау) қызметі.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Ақтөбе облысына тартылған биылғы инвестиция көлемі — шамамен 14 миллиард теңге. Оның ішінде: жылумен жабдықтауға — 3,1 миллиард теңге (қызмет түрі бойынша), сумен жабдықтауға — 0,9 миллиард теңге, су бұру қызметіне — 5,4 миллиард теңге, электр энергиясына — 4,5 миллиард теңге бөлінген.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button