Сыбайлас жемқорлықты азайтудағы менің үлесім
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оның аумақтық департаменттері Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында айтқан заң және тәртіп идеологиясына ерекше назар аударады. Осы тұста заң мен тәртіпті сақтау бойынша мемлекеттік қызметші (Байғанин ауданы әкімі аппаратының бас маманы) Қаратаева Элеонораның мақаласын ұсынамыз.#ЗАҢ_мен_ТӘРТІП
2010 жылдың маусымы. Маңғыстау облысы, Қарақия аудандық зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың бастығы болып бекітіліп, жалғыз чемоданымды сүйреп “Ералиевка қайдасың?”-деп бастым. Жасым небәрі 23-те.
Қарақия ауданының орталығы Құрық ауылы Каспий теңізінің ортасында арал құсап орналасқан тамаша ауыл, жағасының бәрі әппақ құм. Өмірімде тобықтан келетін су кешіп көрмеген мен теңіздің жағасындағыжалдамалы жер үйге орналасып, жұмысыма кірісіп кеттім. Жас, әрі бойдақ болған соң алаңсыз күн-түн демей қызмет қылдым.
ЗТМО-ң жұмысы тікелей клиентпен байланысты, демек сыбайлас жемқорлық тәуекелдері өте көпдеген сөз. Оның үстіне ауыл шағын, жергілікті халық бәрі бірін бірі таниды. Сол таныстықтың кесірінен арызсыз қабылданған босанатын аналардың, зейнеткерлікке шығатын азаматтардың т.б. құжаттары рәсімделмей жиналып қалған екен. Қызықтың көкесі енді басталды. Алғашқы күндері қит етсе, “Единицаңды салып жіберейін, шаруамды бітіріп берші,”-деп көп телефон қоңыраулары түсетін болды. Болмаса, өздері құжат тапсыруға келмей не кезекке тұрғысы келмей жұмыс телефонға, жеке телефонға шығып “Еңбегіңді жемеймін, көмектесіп жіберсең”, “ Бір тылқыңды берейін, тездетіп ақшамды түсіртіп берсең”, “Орамалың болады, декреттік ақшамды тез аудартып берсең” деген қоңырауларға тіптен таң қалатынмын. Әрқайсысына құжаттардың Заңмен белгіленген уақытта қаралып, тиісті уақытта ақшаларының түсетінін, ол үшін маған ешқандай да сыйлық берудің қажет емес екенін айтып түсіндіретінмін. Бәріне талапқа сәйкес, құжаттарын мамандарға кезекпен келіп тапсыру керектігін айтуға шаршамадым.
Басшылық қызметке тағайындалғаннан кейін анда-санда елге барсам апа (анам) тамақ үстінде: «Баяғыда әкеңе тамақ үстінде папам (атамды айтып отыр) «Қазынаның нанына қол салма» деп айтып отыратын еді»-деп жиі айтатын. Әкем атамыздың осы өсиетімен 40 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс жасап, абыроймен зейнеткерлікке шыққан кісі. Апаның бұл әңгімесін шалғай облыста жұмыс жасап жүрген мен ешқашан есімнен шығармадым.
Ауыл арасындағы “ГЦВП-ға бір кішкентай қара қыз келіпті, шаруамызды бір звонокпен шешетін едік бәле болды ғой,”-деген әңгімелерді өзімде еститін болдым. Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Егерде біреуіне келісіп, шаруасын шешіп берсем бұл мәселенің етек алып жайылып кететінін түсіндім. Онсызда тамыр таныстыққа салынып, құжаттарды кезексіз, арызсыз жинап алып қалып, оны дер кезінде рәсімдемей уақыттарынан кешіктіріп, болмаса ішінара рәсімдеп ел арасында ЗТМО жүйесіндегі қызметкерлердің қызметіне нашар пікір қалыптасқан болатын. Мен үшін маған жүктелген, сеніммен тапсырылған қызметті адал атқару маңызды болды. Жайлап ретсіз өтінішпен қоңыраулар сиреді, кейін мүлдем түспейтін болды.
Қарақия ауданы әкімдігінің ғимаратына актив жиналысына жиі шақыратын, сондай жиналыстың бірінде жаныма орнықтыәйел адам келіп:
-Мында жігіттер маған ГЦВП-ға сен сияқты тақылдаған қара қыз келіпті деп жатыр. Сыртыңнан естіп жатырмын, жарайсың. Бірден тәртіп пен талапты қолға алмасаң, сыйыңды жоғалтасың. Шаруаларын бір звонокпен бітіртіп үйренгендер шаруасын бітірген басшыларды еш сыйламайды, тек пайдаланады. Қызметіңе сәттілік!-деді. Сөйтсем, келіп танысып жатырған сол кездегі Қарақия аудандық қаржы бөлімінің басшысы Әлия деген кісі екен.
Уақыт өте аудан халқы өздері келіп, кезекпен тұрып құжаттарын тапсыруға тез үйренді. Тиесілі әлеуметтік төлемдерін Заңмен көзделген уақытта тамыр-таныссыз, ешкімге ештеңе бермей-ақ ала алатындарын түсінді. Жұмыс бір жүйеге қойылып, тәртіп тұрақталды. Жас болсамда абыроймен 1 жыл 3 ай жұмыс жасап,Маңғыстау облыстық ЗТМО-ның аудиторлық тобына ауыстым.
2014 жылы тұрмыс құруыма байланысты туған жерім Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қоныс аудардым. Содан бері 10 жыл мемлекеттік қызметте қызмет етіп келемін. Сонау 14 жыл бұрынғы алғашқы еңбек жылдарымда өзіме жүктелген міндетті адал атқарғаным кейінгі еңбек жолдарымның бастауы болып қалыптасты.
Сол кездерде халыққа онсызда тегін көрсетілетін қызметтер үшін қызметімді асыра пайдаланып ақшалай, заттай сыйлықтар алсам, маған ештеңе де болмауы мүмкін еді. Бірақ алақандай ауылда жасаған әрекетім үшін ешкімнен ұялмай басымды тік көтеріп жүру – ең негізгі ұстанымым болды. Есіме түсірген сайын бойымды ризашылық билейді.
Әлі де сол бағытымнан таймай келемін.
#ЗАҢ_мен_ТӘРТІП