Мереке

Тәуелсіздік — басты құндылығымыз

Құралай БАЙМЕНОВА,
Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрағасы, Еңбек ері.

Тәуелсіздік — қай ел үшін де қасиетті ұғым. Ол бізге оңай келген жоқ, ата-бабамыздың ұлы мұраты мен күресінің нәтижесі. Сондықтан Тәуелсіздік күні — жай ғана мереке емес, әрқайсымызға терең ой салатын, жауапкершілікті сезінуге шақыратын ерекше күн.
Қай мемлекетті алсақ та, ешбір елмен араласпай, жеке дара өмір сүруі екіталай. Осы тұста тәуелсіздіктің де өз шекарасы барын байқауға болады. Яғни, әлемдегі кез келген мемлекеттің егемендігі оның өзге елдермен саяси-экономикалық қарым-қатынасына тығыз байланысты. Осы ретте біз тәуелсіздігімізді сақтай отырып, халықаралық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға жауаптымыз.
Мәселен, мен қақтығыстар болып жатқан елдер үшін қатты алаңдаймын. Себебі, өзге жерлерде, әлемде болып жатқан осындай келеңсіз жайттардың біздің елге де кесірі тиіп кетуі әбден мүмкін ғой. Осыдан-ақ тәуелсіздік деген ұғымның ешуақытта абсолютті болмағанын түсінуге болады.
Тәуелсіздік күні — тек салтанатты іс-шаралар өткізетін күн емес, әрбіріміздің ойлануымызды қажет ететін күн. Біз өз тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін, басқа елдердің де тыныштығына құрметпен қарауымыз қажет. Осы ретте әр мемлекет өз мүддесін ғана емес, әлемдегі бейбітшілікке сызат түсіріп алмауды ескеруі тиіс.
Еліміздегі тұрақтылық пен татулық — біздің басты құндылығымыз. Тәуелсіздік бізге халқымыздың бірлігі мен рухының арқасында бұйырды. Енді оны сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау — біздің ортақ міндетіміз.
Атаулы күнде ел тұрғындарына игілік пен бақыт, бақ-дәулет тілеймін. Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз тыныш болсын!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button