Бадамшада баспасөз жанашырлары көп
БАСПАСӨЗ — 2025
Жаңа жол, өркенді өзгерістер
Таяу маңда Қарғалы өңірінде аудан орталығынан Ақтөбе-Орск тасжолына дейінгі отыз шақырымдық жаңа жол пайдалануға беріледі. 2025 жылға дейін денешынықтыру-сауықтыру кешені мен өнер мектебі іске қосылып, 37 көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және бюджеттік сала қызметкерлері тұрғын үйге ие болмақшы. Велиховка селосын газ желісіне қосу сияқты ауыл тұрғындары үшін өмірлік маңызды шаруа да келесі жылы іске асырылмақ.
—Әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы таяуда ғана аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында журналистерді хабардар еткен болатын. Өздеріңіз байқап отырғандай, біздің ауданымыз қарқынды түрде дамып келеді және мұны нақты көрсеткіштер арқылы көрсете аламыз. Жергілікті әкімшілікауданның барлық әлеуетін пайдаланып, тұрғындардың қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасау бағытында жан-жақты шараларды жүзеге асырып отыр, — деді бізге аудан әкімінің орынбасары Ержан Есімбаев.
Жылдың аяқталуына үш аптадан сәл ғана асатын уақыт қалды. Бүгінде тарих қойнауына ене бастаған 2024 жыл аудан тұрғындары үшін елеулі жаңалықтармен есте қалмақшы.
20 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрі біздің облысымызға жұмыс сапары кезінде Бадамша селосында болды.Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының жүзеге асу барысын қадағалады.
Министрлер Кабинетінің басшысы аудан орталығындағы бірқатар нысанды аралап, энергетикалық сектордағы инфрақұрылымдық проблемаларды шешу және білім беру сапасын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.
Бадамша ұстаздарының ұмтылысы
Премьер-Министрдің №2 Бадамша орта мектебінде болғандығы туралы аудан орталығындағы екі мектептің мұғалімдері «Ақтөбе Медиа» ЖШС өкілдерімен кездесу барысында ерекше қызығушылықпен баяндап берді. Олар бұл жүздесуден үлкен әсер алғанын айтып, өздерінің алдына биік міндеттер қойылғанын және орындауға бәрінің де ынталы екендіктерін байқатты.
Бұған негіз де бар. №1 Бадамша мектеп-балабақшасы жаңадан салынған ғимаратта табысты жұмыс істеп жатыр, ал осыдан 55 жыл бұрын салынған екінші ғимараттағы ұжым облыста алғашқылардың қатарында «Селолық жерлердегі тірек мектебінің әлеуетін дамыту» республикалық жобасына енді.
Еске сала кететін болсақ, Президентінің тапсырмасы бойынша елімізде шағын қалалар мен селоларда 1 мыңға жуық мектеп жаңғыртылды. 1,5 мыңнан астам пәндік кабинеттер жабдықталды. Олар заманауи жиһазбен, интерактивті панельдермен, компьютермен, STEAM-лабораториямен, ART-студиямен, телестудиямен, музыка кабинетімен, Intellectum холмен, кітапханамен,спорт және акт залдарымен қамтылды. Қазіргі уақытта 600-дей оқушы білім алып жатқан №2 Бадамша орта мектебі ұжымы да осы игіліктерді көріп отыр.
— Бізде мақтан тұтар істер аз емес, —деген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асхат Айжарықовбілім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ұстаздар қауымына алғыс айтты.
«Ақтөбе» газетінің әдеби редакторы Мұратбек Ержақыпов бұл кездесудің тұңғыш қазақ тіліндегі облыстық қоғамдық-саяси газеттің 100 жылдығын мерекелеу аясында өтіп отырғандығын атап көрсетті. «Ақтөбе» газетінің ғасырлық тойына арналған іс-шаралар туралы айтқан ол еңбек ұжымдарына қолдау білдіріп отырғаны үшін алғыс айтып, өзара тиімді ынтымақтастықты алда да жалғастыра беруді ұсынды.
Облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін медиакомпанияның директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншиннің атынан №2 Бадамша орта мектебінің ұжымына Алғыс хат тапсырды. №1 және №2 мектептердің директорлары Айна Дүйсекова мен Рита Шаметова облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның атынан берілген Құрмет грамтоларына ие болды.
Журналистерді газет тойымен №2 Бадамша орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Азамат Оразғалиев пенГүлжан Ержанбаева құттықтады. Осы мектептің оқу ісінің меңгерушісі Бану Мұхтарованың сөзі ерекше әсерлі шықты.
—Мен көп уақыттан бері облыстық газеттерді тұрақты түрде қызығушылықпен оқып тұрамын. Облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы ұстаздар үшін қашанда сенімді көмекші. Осы газет-журнал беттерінен өзімізге қажетті көптеген құнды ақпараттарды табамыз. Сондай-ақ облыс жаңалықтары, әріптестеріміздің жетістіктері де бізге осы басылымдар арқылы жетеді. Мемлекеттік қызметте еңбек ететін ұлым да облыстық басылымдарға тұрақты жазылып, алып отырады. Демек, біз — отбасылық оқырмандармыз, — деді ол.
Бану Мұхтарова медиакомпания ұжымына жаңа шығармашылық табыстар тілеп,
өз әріптестерін облыстық газеттерге бір кісідей жазылуға шақырды.
Ақ халатты абзал жандардың ықыласы
Аудандық емхана мен аурухананың дәрігер қызметкерлерімен және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымымен — біздің басылымдарымыздың тұрақты оқырмандарымен кездесулер кезінде де қызу әңгіме өрістеді.
Ауданның бас дәрігері, аудандық мәслихаттың депутатыБерік Жаржанов облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің шынайы жанашыры, сондай-ақ тұрақты авторымыз да. Оның бірқатар әріптестері де медицина тақырыбындағы мақалаларын ұсынып отырады. Сондықтан облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналы өкілдерін олар қай кезде де құшақ жая қарсы алады.
Біздің мамандықтарымыздың да өзіндік ұқсастықтары бар. Егер журналистердің қаруы сөз болса, ақ халатты абзал жандар да жылы сөзімен, аялы алақанымен дертке шипа, жүрекке шуақ түсіреді.
Мұратбек Ержақыпов дәрігерлерге көп жылдар бойы тұрақты оқырмандары болып келе жатқаны және облыстық басылымдардың авторлары ретінде қолдау жасап жүргені үшін шынайы алғыс сезімін білдірді.
Аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Тоғжан Қызылбасова және тіс дәрігеріБалапан Қалмағамбетова «Ақтөбе Медиа» ЖШС шығармашылық ұжымына қызықты материалдары үшін, біздің заманымыздың көрнекті адамдарын көрсетудегі шеберліктері үшін ризалық көңілдерін білдіріп, алдағы уақытта да биіктен көріне берулеріне тілектестігін айтты.
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, белбеумен күрес бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері Ғалия Тажиева мектеп тәрбиеленушілері туралы жазылған мақалалар үшін облыстық басылым қызметкерлеріне алғыс білдірді. Айта кететін жайт, жас спортшылар әртүрлі деңгейдегі жарыстарда аудан намысын лайықты қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.
Жиын барысында ұжымдардың басшыларына медиакомпания директоры атынан ұзақ уақыттан бергі ынтымақтастық қызметтері мен баспасөзге қолдау жасап келе жатқаны үшін Алғыс хаттар тапсырылды.
Ұрпақтар сабақтастығы
Бадамша селосындағы коворкинг-орталықта тұрғындар мен аудандық кітапхана қызметкерлері ұрпақтар сабақтастығы, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің реформаларын тиімділікпен жүзеге асыру және мәңгілік құндылықтар туралы өз ойларын ортаға салды.
Мемлекеттік қолдау нәтижесінде коворкинг немесе белсенді ұзақ өмір сүру орталығы секілді әртүрлі әлеуметтік және мәдени нысандар іске қосыла бастады. Егде жастағы адамдар өздерінің денсаулығын нығайтып, өзара кездесіп, бір-бірімен сұхбаттасуға мүмкіндік алды.
—Біз тікелей шынайы ақпараттарды сіздер шығаратын газеттерден алып отырмыз, бұл үшін рақметімізді айтамыз. Газеттер мен журналдар —баспа өнімдері ғана емес, сондай-ақ қоғамдық игіліктер көзі, сондықтан сіздердің жұмыстарыңызға қай уақытта да құрметпен қараймыз және қолдау білдіреміз.
— Біздің ауданымыз көпұлтты болып саналады, біздің күшіміз бірлікте екенін түсінгендіктен де өзара ынтымақтастық пен келісім жағдайында өмір сүріп келеміз. Алдағы уақытта да осындай игі дәстүрлерімізді нығайтып, одан әрі дами түсуге бағыт ұстаймыз, — деді агроөнеркәсіп кешені саласының ардагері Оразғали Жұлдызбаев.
Еңбек ардагері Зинелғабдин Дербісбаев та өзінің ақ тілегін айтып, ұсыныстарын білдірді.
Аудандық кітапхананың директоры Нұргүл Мырзаеваға Құрмет грамотасы тапсырылды.
Мұратбек Ержақыпов журналистердің биылғыкәсіби мерекесі қарсаңында облыстық «Ақтөбе» газеті Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталғанын айтты. Сонымен қатар аталған басылымның шыға бастағанына 100 жыл толуына орай Қасым-Жомарт Тоқаевтан арнайы Құттықтау да келген болатын.
— Президентіміздің баспасөзге, журналистерге деген мұндай ықыласы бізді жігерлендіре түседі, — деді ол.
Ләззат ЕГІБАЕВА,
Қарғалы ауданы.
Фотоға түсірген Ерасыл ЕГІЗБАЕВ.