Жас зерттеушілер жобасы
Зерде
Ақтөбе қаласы №31 жалпы білім беретін қазақ орта мектебінде 2-7- сынып оқушылары арасында «Зерде» республикалық зерттеу жобасының облыстық кезеңі өтті.
Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Ақтөбе облысының білім басқармасының «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткен ғылыми жобаға 759 оқушы қатысты. Зерттеу жұмыстарына қызығушылық танытқан дарынды оқушыларды анықтауға және интеллектуалдық әлеуетін дамытуға бағытталған жоба 4 кезең бойынша ұйымдастырылған. Алғашқысы — мектепішілік кезең болса, екінші кезең аудан орталықтарының білім беру ұйымдарында қала мектептері арасында өткен. Сәйкесінше бұл кезеңнен жеңімпаз атанғандар облыстық кезеңге жолдама алған.
— Жас зерттеушілердің байқауға қатысуы, ғылыми жобаға қызығушылықтары өте жақсы. Мұндай байқау оқушылардың ғылымға құлшынысын арттырып, ғылым мен техниканың әр түрлі салаларын ерте жастан түсінуге мол мүмкіндік береді. Дәстүрлі байқауға қатысып жатқан оқушылар759 ғылыми жоба ұсынды. Облыстық кезең екі бағыт бойынша өтті. Бірінші кезеңі — облыстық кезеңге өткен жұмыстарды іріктеу, яғни антиплагиаттан өткізу (50%-дан жоғары) болса, екінші кезеңі — антиплагиаттан өткен жұмыстарды қорғау.Ғылыми зерттеу жобасының қорытындысы бойынша жеңімпаздарғаАқтөбе облысының білім басқармасының және «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломы табысталып, арнайы сертификаттармен марапатталды, — деді «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығыдарынды оқушылардың жобалық және ғылыми-зерттеушілік қызметі бөлімінің басшысыРоза Шайманқызы. Сондай-ақ бас жүлде иеленген жас зерттеушілер 2025 жылғы ақпан айында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Айта кетейік, «Зерде» республикалық зерттеу жобасының жеңімпаздары республикалық деңгейде өткен конкурстарда, көрмелер мен фестивальдарда Ақтөбе облысының намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болып жүр. Өткен оқу жылында Щучинск қаласында өткен республикалық кезеңге қатысқан 35 оқушы да жеңімпаздар қатарынан көрінген.
Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.