Жанболат ЖИДЕХАНОВ: Жыл соңына дейін Шалқар көлінің түбі тазартылады
Баспасөз — 2025
Шалқарлық шаруалардың қыс мезгіліне әзірлігі қандай? Ауыл-аймақта кәсіп бастаушыларға қандай қолдау бар? Жалпы, облыс орталығынан қашықта орналасқан ауданның қазіргі тыныс-тіршілігі қандай? Шалқар өңіріне арнайы барған газет тілшісі осы және өзге де сұрақтарды аудан әкімі Жанболат Жидехановқа қойған еді…
—Қыс— қыр астында. Ауданның дайындығы қалай?
— Әу баста 307,2 мың тоннақысқы мал азығын дайындау тапсырмасы беріліп, бұл жоспар қазіргі таңда 100 пайызға орындалды.Сондай-ақ 17 трактор және 41 мал азығын дайындайтын техника сатып алынды.
Осы орайда ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүрген еңбеккерлерге қолдаудың жыл сайын күшейіп келе жатқанын айтқым келеді. Ауыл шаруашылығы саласыныңжалпы өнім көлемі биылғы 10 айда 18417,7 миллион теңгеге жетті. Барлығы 624 шаруа қожалығы, 25 ауыл шаруашылығы кооперативі және 1 өндірістік кооператив осы саланың дамуына өз үлесін қосып келеді. Жыл басталғалы сала бойынша 156,5 миллион теңге инвестиция тартылды. Сонымен бірге ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында әуелі әр ауылға скрининг жүргізіліп, қала және 12 ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық паспорты әзірленді. Биыл осы бағдарлама бойынша 251 жоба мақұлданды.
— Соңғы жылдары мал басын асылдандыруға ерекше көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Бұл бағытта Шалқарда қандей жұмыстар жүргізіліп жатыр?
— Биыл 157 асылтұқымды бұқа, 142 асылтұқымды қошқар сатып әкелініп, аналық мал басымен селекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Дастан» шаруа қожалығы облыстағы асылтұқымды мал өсіретін іргелі шаруашылықтардан 92 асылтұқымды қазақтың ақбас қашарын және 1-санаттағы 4 асылтұқымды бұқа сатып алды. Аталған шаруашылық болашақта аудан шаруашылықтарына асылтұқымды бұқа тарату жұмысын бастауды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда осы округке қарасты «Нұралы» шаруа қожалығы аудан шаруашылықтарына қазақтың ақбас және абердин-ангус ірі қара тұқымынсатып, селекциялау жұмыстарына оң әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар Ақтоғай ауылдық округіне қарасты «Байжан» шаруа қожалығы бағымындағы жылқы малына селекциялық жұмыстар жүргізіп, мұғалжар типті асылтұқымды мәртебесіне қол жеткізді. Аталған қожалықта асылтұқымды мұғалжар айғырларын сатуды қолға алмақ. Жалпы, бұл іс ауданда қарқынды іске асып жатыр. Қазан айында ғана Бозой ауылдық округіне қарасты «Қожбан» шаруа қожалығы — 10, Жаңақоныс ауылдық округіне қарасты «Жаңбыр» шаруа қожалығы 24 асылтұқымды қазақтың ақбас қашарын алды.
Жыл басталғалы асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділікті және сапаныарттыру бойынша 73 шаруашылық 139миллион теңге субсидияға қол жеткізді.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Ауданның аумағы — 61,85 мың шаршы шақырым. Халық саны — 42158. Аудан 1 қала және 12 ауылдық округке қарасты 30 елді мекеннен тұрады.
— Бір байқағаным, ауданда шағын кәсіпкерлік нысандары көбейіпті. Әсіресе Шалқар қаласының өзінде қызмет көрсету орындары самсап тұр…
—Иә, тек осы жылы Шалқар қаласында балалар киімін, аралас тауар, көкөніс сататын дүкендер, балалар ойын-сауық орталығы, мейрамхана,барлығы 5 кәсіпкерлік нысаны ашылып, халыққа қызмет етіп жатыр.
1 қараша күнгі дерек бойынша, аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3208-ге жетті. Бизнес саласында 4,2 мың адам жұмыс істейді.
Бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 41 адамның жобасы қолдау тапты.
— Облыста, соның ішінде Шалқар ауданында жол мәселесінің өзекті екені рас…
— Аудан аумағында барлығы 578,1 шақырым автомобиль жолы бар. Биыл облыстық, аудандық бюджеттің қаржысына аудандық маңызы бар бірнешежолды және қалаішілік, ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтсам, Қайдауыл, Сарысай ауылдарына кіреберіс жолға күрделі жөндеу жүргізілді. Қаланың Қабақбаев, Қайдауыл, Мұңайтбасұлы, Басенов көшелерінің жолдары да қалпына келтіріліп жатыр. Сол сияқты Жылтыр ауылының Самал көшесінің көлік жолы жаңартылды.
Облыстық маңызы бар Шалқар-Бозой-Нөкіс автомобиль жолын жөндеу жұмыстары жалғасын тапты, енді 188-203 шақырым аралығындағыаумаққа жөндеу басталады.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз автомобиль жолының 42 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жолдарды жөндеу жұмысы жалғасады.
«Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Шілікті ауылының 2 көшесінің жолы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қосымша алдағы жылы Шалқар қаласының 8, Бершүгір ауылының 1, Шілікті ауылының 2, Тоғыз ауылының 2 және Тұмалыкөл, Алабас ауылдарына кіреберіс жолдарын жөндеу бойынша жобалық құжаттар дайын.
— «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша тағы қандай жобалар қолға алынды? Неге десеңіз, мемлекеттік бағдарламаның игілігін өз деңгейінде пайдаланбай отырған аудандар да бар…
— Ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылған арнайы жоба басталғаннан бері біз тараптан өтінімдер толастаған емес. Тек биыл ғана 1599,2 миллион теңгеге 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Айталық, Бозой ауылында спортзалының құрылысы жүргізіліп жатса, Шілікті ауылындағы спортзалының құрылысына сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекемемен келісімшарт жасалуда, соңғы аталған ауылдағы Бейбітшілік және Сартепсең көшелерінің жолына күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен бірге Бершүгір ауылындағы орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жасалса, Сарысай мен Алабас ауылдарының электр желілері жаңартылып жатыр. Бұйыртса, аталған жоба бойынша келер жылға да жоба-жұмыстарымыз көп.
— Сұхбат соңында Шалқар көлі мәселесіне тоқтала кетсек…
—Иә, қанша жылдан бері өзекті мәселелер қатарынан түспей, Үкімет деңгейіне дейін көтерілген Шалқар көлінің табанын тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бастапқыда жұмыстар 28 айға жоспарланғанмен, құрылымдық бөлігінің өзгеруіне байланысты жобаға түзету енгізіліп, аяқтау осы жылға қалды. Түзетілген жобада көлдің ең терең бөлігін гидромеханикалық әдіспен, тазарту алаңын механикалық әдіспен ұлғайту көзделген. Жалпы көлемі — 589 гектар(оның ішінде механикалық тәсілмен 350 гектар, гидромеханикалық тәсілмен 239 гектар). Көлдің орташа тереңдігі тазартылғанға дейін 1,7 метр болса, тазартылғаннан кейін 3,60 метрге жетті.
Бастапқы жоба бойынша жұмыстың 83 пайызы орындалды. Тазартылған түбіндегі тұнба көлемі —2,7 миллион текше метр.
КӨШПЕЛІ РЕДАКЦИЯ — ШЕЖІРЕЛІ ӨЛКЕДЕ
Облыс баспасөзінің қара шаңырағы — «Ақтөбе» газетінің 100 жылдығы мен жазылу науқанына байланысты редакция өкілдері Шалқар ауданындағы еңбек ұжымдарымен кездесіп, оқырманмен ой бөлісті.
Қай жерде де еңбек адамдары — қарапайым жұмысшылардың қадірлі екені белгілі. Аудан бойынша баспасөзге жазылу жағынан белсенді «Қамқор Локомотив» ЖШС-на қарасты Ақтөбе локомотив жөндеу депосы филиалы «Шалқар сервис» орталығының қызметкерлерімен бірінші боп кездескеніміз сондықтан. Шойын жолдың бойында еңбек ететіндер, әсіресе қазақ газеттерін жақсы оқитынын, сол арқылы қоғамдық өмірден хабардар екенін кездесуде көрсетті. Газетке жарияланған мақалалар, тұрақты айдарлар туралы әңгімеледі. Аталған мекеменің директоры Еркебұлан Жақсылықовқа «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің Алғыс хаты тапсырылып, арадағы әріптестіктің нығая беруіне тілектестік білдірілді. Сол сияқты мұндай кездесу Нұрболат Төпеш басқаратын №3 Шалқар белгі беру және байланыс дистанциясында да өтіп, тұрақты оқырмандарға көрсетілді.
— Өзіміз сүйіп оқитын газеттің журналистерімен танысып, өзара пікір алысу — біз үшін есте қалатындай оқиға. Басылымның тарихы, оның баспаға қалай дайындалатынын, жалпы тынысын біліп, біраз мағлұматқа қанық болдық. Осындай жылы жүздесулер бола бергей! «Ақтөбенің» 100 жылдығы құтты болсын! — деді Нұрболат Төпеш.
Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназияның мәжіліс залында ұйымдастырылған кездесу де жылы рәуіште өтті. Байырғы білім мекемесінде қазіргі таңда 68 мұғалім, 700 оқушы бар. «Ақтөбе» газетінен облыстағы барлық жаңалықты оқимыз, өзіміздің саламыз бойынша да біраз мәліметті білеміз. Ғасыр жылнамасына айналған басылымның біз үшін орны бөлек. Алдағы жылға — 100 қызметкеріміз газетке жазылғалы отыр», — деген №2 мектеп-гимназияның директоры Айгүл Шалабаеваға облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның Құрмет грамотасы, «Ақтөбе Медиа» серіктестігі басшысы атынан Алғыс хат тапсырылды.
Жыл өткен сайын денсаулық сақтау саласына қолдау қай жағынан да күшейіп келеді. Айталық, Шалқарда аудандық аурухананы есептемегенде, орталық емхана, 7 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 19 медициналық пункт қызмет көрсетеді. Жақында балаларға арналған оңалту орталығы пайдалануға берілмек. Тиісінше медицина саласын таңдап, ақ халатты абзал жандардың қатарын толықтырып жатқандар көп. Олардың біраз бөлігі өлкедегі ауруханада еңбек етеді. Сондағы еңбек ұжымымен кездескен қос облыстық газеттің журналистері материалдық-техникалық базамен танысып, дәрігерлермен баспасөз жөнінде сұхбат құрды. Артынша Шалқар аудандық ауруханасының бас дәрігері Есенғали Көпеновке баспасөзге жазылу науқанындағы белсенділігі үшін редакция атынан Алғыс хат табыстады.
Мұндай кездесу Қауылжыр ауылындағы Мәдениет үйінде де жалғасын тапты. Редакция өкілдерінен бөлек, Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ерсін Төреғалиев қатысқан басқосуда ізгі тілектер ақтарылып, газет пен оқырман арасындағы байланысты нығайту жолдары айтылды.
Кездесулерде «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері, «Үш таған» журналы таратылды.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.
Ақтөбе-Шалқар-Ақтөбе.