Жаңалықтар

Heriot-Watt University Ақтөбе кампусында жаңа оқу-зертханалық корпус бой көтеруде

Ақтөбе қаласында Heriot-Watt University халықаралық кампусының жаңа оқу-зертханалық корпусының салтанатты тақтасын ашу рәсімі өтті.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда және Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты нәтижесі.

Халықаралық кампус 2023 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында ашылған-ды.

Қазіргі уақытта негізгі оқу-зертханалық корпустың құрылысы жүргізілуде. Үш қабатты, жертөлесі бар ғимараттың жалпы ауданы – 5007,5 м², жер учаскесінің көлемі – 4,25 гектар. Корпуста 1000 оқу орны, заманауи мәжіліс залы және асхана қарастырылған. Жоба халықаралық стандарттарға сәйкес іске асырылып, заманауи құрылыс технологиялары қолданылуда.

 Heriot-Watt University Ақтөбе кампусы Institution of Engineering and Technology (UK), Energy Institute, Institute of Materials, Minerals & Mining (UK) және The British Computer Society, Chartered Institute for IT (UK) тарапынан аккредиттелген білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды. Сабақтарды Шотландия, Дубай және Малайзия кампустарынан келген жоғары білікті оқытушылар жүргізеді.

Қазіргі таңда кампуста 518 студент білім алуда. Олардың қатарында Қазақстанның барлық өңірлерінен, ауылдық елді мекендерден (35%), сондай-ақ Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан және Пәкістаннан келген білім алушылар бар. Ауғанстан мен Пәкістан студенттері Bolashak StudyInn гранты аясында оқуда. Сонымен қатар кампуста РФММ, НЗМ және БИЛ мектептерінің түлектері білім алуда.

Университеттің маңызды артықшылықтарының бірі – GoGlobal академиялық ұтқырлық бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында студенттер Дубай, Малайзия және Эдинбург қалаларындағы кампустарда бір семестр білім алу мүмкіндігіне ие.

 Ақтөбедегі Heriot-Watt University кампусының түлектері оқуын аяқтаған соң британдық және мемлекеттік үлгідегі қос диплом алады. Кампустың алғашқы түлектері 2027 жылы оқуын аяқтайды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button