Тәуелсіздік күнінде құрылысы ұзаққа созылған нысан – «Exclusive» тұрғын үй кешенінің тұрғындарына пәтер кілттері табысталды

Алтын Орда шағын ауданында ондаған ақтөбелік отбасы үшін көптен күткен қуанышты жағдай орын алды. «Exclusive» тұрғын үй кешеніндегі пәтер иелеріне кілттері салтанатты түрде табысталды. Үй ресми түрде пайдалануға беріліп, жуық арада тұрғындар қоныстана алады.
Салтанатты рәсім тапсырылған үйдің ауласында өтті. Іс-шараға жаңа қоныстанушылар, «Ақниет-2022» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің, «RakhmetConstruction group» ЖШС өкілдері, сондай-ақ шақырылған қонақтар қатысты. Мерекелік көңіл-күй жылы лебіз және қоныс иелерінің алғыс сөздерімен өрбіді.
«Exclusive» тұрғын үй кешені 80 пәтерлі және тұрғындар бірнеше жылдан бері әуре-сарсаңға түсті, одан қалды сот даулары бар. Үй құрылысы 2021 жылдың наурыз айында «Aktobe ROM Group» ЖШС тарапынан басталып, белгіленген мерзімде аяқталмаған. Соның салдарынан 58 пайшы зардап шегіп, жалпы шығын көлемі 553 млн теңгеден асқаны сот шешімімен расталды.
Пайшылардың құқықтарын қорғау мақсатында 2022 жылы «Ақниет-2022» ТҮҚК құрылып, құрылысты аяқтау жұмыстарын үйлестіруді өз мойнына алды және жаңа инвестор-мердігер ретінде «RakhmetConstruction group» ЖШС тартылды. 2023 жылы компания белсенді құрылыс жұмыстарын бастап, биыл үй пайдалануға берілді.
Салтанатты рәсім барысында «Ақниет-2022» ТҮҚК өкілі бұл оқиғаның барлық пайшылар үшін маңыздылығын атап өтті.
«Біз күрделі әрі ұзақ жолдан өттік. Бүгінгі кілт тапсыру — жай ғана рәсім емес, бұл әділеттіліктің қалпына келуі мен сеніп, күткен адамдар алдындағы міндеттердің орындалуының символы», — деді ол.
Кілттерін алған ақтөбеліктер өз әсерлерімен бөлісіп, жобаны аяқтауға атсалысқан барша азаматқа алғыстарын жеткізді.
«Exclusive» тұрғын үй кешенінің құрылысының аяқталуы — пайшылар, кооператив және жауапты құрылыс салушының күш біріктіруі арқылы проблемалы нысандарды да сәтті аяқтауға болатынының айқын үлгісі.
Айта кету керек, 2023 жылы өңірде үлескерлердің мәселелерін шешуге бағытталған «Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС құрылды. Осы жұмыс аясында тұрғын үй құрылысына шамамен 6,3 млрд теңге инвестиция салған 845 үлескерге қолдау көрсетілуде.
А.ІЛИЯС.









