Басты жаңалықтар

Облыста кәсіби мамандар тапшы, сондықтан жолдар сапасыз салынады

Бүгінде облыстағы өзекті мәселелердің бірі — жол. Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарды айтпағанда, қала ішіндегі жолдардың сапасы сын көтермейді. Біз «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының директоры Тельман Малаевпен биылғы атқарылып жатқан жұмыстар мен өңірдегі жолдардың сапасы жайлы сұрап білген едік...

— Алдымен өңірдегі республикалық жолдардың жағдайына тоқталсаңыз. Биыл қандай олқылықтар анықталды?

— Биыл облысымызда қайта жаңарту жұмысы «Ақтөбе-Астрахань» тасжолында жүргізілді. Бұл жол облыстағы Алға, Мұғалжар, Темір, Байғанин сынды

төрт ауданды жалғайды. Бұл жолдың ұзындығы — 95 шақырым.

Қайта жаңарту жұмыстарын екі мердігер ұйым жүргізді. Атап айтсақ, автокөлік жолының 11-52 шақырымын жөндеуге «Сине Мидас Строй» компаниясы, ал 52-ші шақырымынан Қандыағашқа дейінгі аралықты жергілікті «АссанаДорСтрой» компаниясы салуға жауапты болды. Биыл бұл жолдың сапасын тапсырыс берушіден бастап, біздің орталық, сондай-ақ жобалаушы және техникалық қадағалаушы, яғни төрт жақтан бақылап, тексердік.

Ал кемшіліктерге келсек, биыл жыл басында осы республикалық жолдың 11-52 шақырымына тасымалданған 144 вагон қиыршық тас сапасыз болып шықты. Оны мердігерлер Мұғалжар ауданынан арнайы тапсырыспен алдыртқан. Дегенмен біздің орталықтың мамандары материалдан сынама алып, уақытында олқылықтарды анықтады. Соның арқасында қиыршық тас пайдалануға берілмеді. Қазіргі таңда бұл материал жол жиегіне төгіп тасталды.

Жалпы, жоспарға сәйкес биыл «Ақтөбе-Қандыағаш» тасжолы толығымен пайдалануға берілуге тиіс. Қазіргі таңда жолдың үстіңгі қабаты қалып тұр. Сондай-ақ қазір мердігер ұйымдар жол жиегіндегі жол белгілері мен таңбаларын орнатумен айналысып жатыр. Мәселен, жол белгілерін орнату жұмыстарын орталық мамандары қадағалауда. Себебі біздің қолымызда рефлектометр деген құрал бар. Осы құралдың көмегімен мамандарымыз түнгі мезгілдегі көліктердің жол таңбалары мен белгілерін көру деңгейін қадағалап, тексереді.

Биылғы кезекті Жолдауында Президентіміз айтқандай, республикалық жол биыл халыққа қолданысқа берілуі керек. Ал қалған бітпеген жұмыстар келесі жылға қалдырылады.

— Бірнеше жылдан бері облыс тұрғындары өңірдегі жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтып, шағымданып келеді. Жалпы жол сапасына қандай факторлар әсер етеді? Және бұл салада облыста қандай проблемалар бар?

— Облыста жыл сайын жолдарды жөндеуге, қайта жаңартуға, сондай-ақ күтіп ұстауға қыруар қаржы бөлінеді. Алайда жол жөндейтін мердігер мекемелер жол салудың технологиясын сақтамайды. Мәселе — осында. Бір мысал келтірейік, жол салғанда асфальт жамылғысы талапқа сәйкес тығыздалмаса, онда оның арасында тесіктер пайда болады. Сондықтан талап бойынша асфальтті 12 рет нығыздау керек. Ал біздегі мердігерлер асфальттің үстін 3-4 рет қана нығыздайды. Дұрыс нығыздалмаған асфальт су тиген кезде шашылып қалады. Міне, осыдан келіп Ақтөбе көшелеріндегі асфальт көктемде қармен бірге «еріп кетеді». Жалпы, бүгінде өңірімізде жол саласына қатысты кәсіби білікті мамандар саны жетіспейді. Мысалы, жолдың сапасын бақылайтын маман — техникалық қадағалаушы өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруы керек. Өкінішке қарай, өңірімізде техникалық қадағалаушының аты бар да, заты жоқ. Соның кесірінен, әсіресе, қалалық, аудандық жолдар сапасыз салынады. Ал республикалық жолдардың сапасы неге жақсы? Себебі оларды техникалық қадағалаушылар үнемі қадағалап отыр. Ал облыстық, аудандық жолдарды кәсіби мамандар тексермейді. Халық қашанда жолдың жамандығын әкімдік пен біздің орталықтан көреді, негізінде жолдың сапасына техникалық қадағалаушылар тікелей жауапты. Олар жыл сайын қыруар қаржы алып, жұмыс істейді.

Бірақ кейбір техникалық қадағалаушылардың құрал-жабдығы да, формасы да жоқ. Демек, бұл жерде басты жұмысты мамандардың тапшылығын жою мәселесінен бастауымыз керек.

Тағы айта кететін жайт, соңғы жылдары жол салу жөніндегі мемлекеттік сатып алуды жергілікті компаниялар емес, өзге өңірлерден келген мекемелер ұтып алады. Мәселен, биыл Павлодар, Түркістан облыстарының компаниялары өңірімізде жол салып жатыр. Ал олар жұмысшыларды осы өңірден алады, яғни ақтөбеліктерді жалдайды. Биыл көктемде Қарғалы көпірін тексердік. Талапқа сай, көпір салған уақытта мамандардың біліктілігі бірінші санатты болуы керек. Себебі көпір салу — өте жауапты жоба. Мәселен, ертең көпір қирап қалса кім жауап береді? Біз осыны ескеріп, тексеріс жұмыстарын жүргізген кезде ол жерде екінші санаттағы мамандардың жүргенін көрдік. Осы мәселені қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарына айттық. Содан кейін мердігер ұйым мамандарын өзгертті. Міне, өңірімізде осындай олқылықтар бар.

Жол жағдайының жақсармауына тағы бір себеп — жолға жауапты мемлекеттік мекемелерде кәсіби мамандардың болмауы. Бүгінде аталған бөлімдерге басшы, не маман болып экономист, заңгер, басқа да мамандар тағайындалады. Ал заңгер жолдың сапасы мен оны салудың нормаларын қайдан біледі? Ол жол саласының маманы емес. Міне, бұл жерде де мәселе туындайды. Осы және өзге де мәселелерді зерттей келе, біздің орталық жыл сайын Ақтөбе автожол колледжінің оқушыларына дәріс өткізеді. Мұндай іс-шараларға біз облыстық басқармалар мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарын да шақырамыз. Өкінішке қарай, осындай оқуларға мекеме мамандары келмейді. Қорыта айтсақ, жол сапалы болу үшін ауа райы ашық, материалдың құрамы жақсы және мамандардың біліктілігі жоғары болуы керек.

— Биыл «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы мамандары қанша нысанды тексерді? Қандай ақаулар анықталды?

— Биыл біздің орталық жоспарға сәйкес 180 нысанның 140-ын қамтыды. Қалған нысандар жыл аяғына дейін тексеріледі. Жыл басынан бері 1500-ге жуық жол құрылысы материалын тексердік. Нәтижесінде соның 200-і нормаға сәйкес келмеді. Ал ақауларға келсек, облыс бойынша салынып жатқан жолдарда 120 ақау анықталса, соның 50-і әлі күнге дейін жойылған жоқ. Жалпы, қазір облыс орталығында 40 шақты көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың қатарында Алтынсарин, Қалдаяқов, Мәскеу көшелері, сондай-ақ Кеңес Нокин, Қызылжар ауылдарындағы бірнеше көше бар. Бұдан бөлек, жуырда Ақтөбе қаласындағы Кеңес Нокин даңғылына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. Бұл жобаны «ДорСтрой» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Жуырда осы даңғылдың жолына тексеріс жұмыстары жүргізіліп, бірқатар кемшілік анықталды.

Сондай-ақ жуырда Оңтүстік Батыс тұрғын алабының тұрғындары жолға қатысты шағымдарын жеткізді. Бұл ауданда қазір бір мердігер ұйым жұмыс жасап жатыр. Ең қызығы, әлгі мекеме бірнеше жерден тендер ұтып алғандықтан, жұмыс ауқымының көптігіне орай техникасы мен жұмысшысын жеткізе алмай отыр екен. Көктемде басталған жол салу жұмыстары әлі бітпеген. Тұрғындар бізге асфальт жамылғысының материалын әкеліп, шағымдарын айтты. Біз мамандарымызбен барып, халықпен кездестік. Ал тұрғындар әкелген материал нормаға сәйкес келмей шықты. Нәтижесінде мердігер ұйымға салған жолын алдыртып тастадық.

— Орталықтың жұмысы мен мамандар жайында айта кетсеңіз. Сіздерде мамандар тапшылығы бар ма?

— «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біздің басты міндетіміз — республикалық, облыстық, қалалық, аудандық жолдардың сапасын бақылау. Бүгінде орталықта 20 маман жұмыс істейді. Биыл облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы — бір, Ақтөбе автожол колледжінен екі жас маманды жұмысқа алдық. Бұл үш маман да штаттан тыс жұмыс істеп жатыр. Мұндағы мақсат — жас мамандарды тәрбиелеу, оларға білгенімізді үйретіп, кәсіби маман болып шығуына өз үлесімізді қосу.

Қазіргі таңда біздің филиалда зертхана жұмыс істейді, сондай-ақ жылжымалы жол зертханасы да бар. Осы зертханалардың көмегімен бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес диагностика жүргізіп жатырмыз. Биыл жыл басынан бері облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен, Хромтау, Темір, Мәртөк, Шалқар аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерімен келісімшарт жасастық. Алдағы уақытта осы мекемелерге қарасты аумақтағы жолдарға диагностика жүргізіп, облыстық, аудандық жолдардағы ақауларды саралайтын боламыз. Бұдан бөлек, келер жылы қандай жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуі керектігін анықтаймыз.

Ал орталықтағы мамандарға келсек, бізде мамандар тапшылығы бар. Бұл жөнінде

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына ұсыныс бердік. Биыл орталық республика бойынша өңірлерге жалпы саны 180 қосымша маман алу жөніндегі бастаманы қарастырып жатыр. Оның ішінде біздің облысқа 5-6 маман қажет. Мәселен, оның үшеуі зертханаға бөлінсе, үш маманды инженерлік бөлімге орналастырамыз. Жалпы Ақтөбе облысы — республикада жер көлемі жағынан ірі облыстың бірі. Сондықтан штаттар санын көбейту біз үшін маңызды. Бір айта кетер жетістігіміз, бүгінде біздің орталық облыстағы жол құрылысы нысандарын 100 пайыз қамтып отыр.

Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button