«Менің нәзік жанымды кім түсінер?..»
Ақтөбеде психологиялық кабинетке баратындарсаны едәуір артқан
«Қазір — жеке мүдде алға шыққан жаһандану заманы. Адамдар тек өзін ойлаумен, бар уақытын телефонға телмірумен өткізеді. Басқаның мұң-мұқтажы, оны не мазалап жүргені қызық емес. Тыңдамайды да. Қанша жерден жаны ашып, сенімен сырласса да, жақын адамыңның өзі белгілі бір тығырықтан шығудың жолын айта алмауы мүмкін. Міне, осындайда психолог мамандар көмек көрсетеді. Бұрынғыдай емес, біздің қызметке сұраныс жылма-жыл артып келеді. Өйткені бұл — болашақтың мамандығы. Кез келген аурудың жан күйзелісінен туындайтыны ғылымда әлдеқашан дәлелденген. Соңғы жылдары психологке жүйке жүйесі ауыратындар ғана барады деген қате пікірді алға тартатындар да азайды».
Кәсіби психолог Мәлика Ешниязова осылай дейді. Расында, жеке психологиялық кабинеттерді айтпағанда, мемлекеттік емханада да бұл қызмет түріне кезекке тұратындардың санында айтарлықтай өзгеріс бар. Оны былай қойғанда, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес, облыстық білім басқармасы жанынан биыл «Jan ahual» психологиялық қолдау орталығының ашылғаны белгілі.Бұның себебі неде екенін білу үшін құзырлы орган өкілдерін сөзге тартып, әртүрлі мекемеде қызмет ететін жантанушылардың өзінен адамдардың оларға неліктен келетіні жөнінде сыр суыртпақтаған едік…
Жаман ойдың жетегінде кететіндер кімдер?
— Діліміздегі ерекшелік болар, біреу бізден хал-жағдайымызды сұрағанда, автоматты түрде жақсы деп жауап береміз. Ешкімге әлсіздігімізді, басымызға түскен мәселені көрсеткіміз келмейді. «Бізде бәрі жақсы». Бірақ іштегі мұң-зар, уайымнан пайда болған күйзеліс бәрібір түбінде жақсылыққа апармайды. Шырқау шегіне жеткенде ол денеге ауру боп жабысады. Айталық, адам өзін әлсіз сезініп, басы немесе жүрегі, болмаса асқазаны ауруы мүмкін. Бұл — ағзамыздың бізге беріп жатқан белгісі. Егер бұған мән бермей, уақыт өткізіп алсақ, тіптен ушығып кетуі мүмкін. Әйтпесе уайымдап, қайғырудың соңы асқазан ауруына әкеліп соқтыратыны, өкпе-реніштен жүрекке салмақ түсетіні, артынша бұның обырға ұласып кету ықтималдығы жоғары.
Дәрігерлер түрлі препараттармен тәнді емдесе, біз жылы сөзбен, адамның жан дүниесін тану арқылы көңілге шуақ сыйлаймыз. Кейбір медицина мамандарының бізді «қоқыс жәшігі» деуінің жөні бар. Психологтар алдына келген адамды асықпай тыңдайды, онымен бірге іс-әрекетін сараптап, дұрыс шешімге қарай бағыттайды. Бұның бәрі терапевт, невропотолог, эндокринолог мамандарымен бірлесе жасалады, — дейді психолог Мәлика Ешниязова. Бұған дейін облыстық психикалық денсаулық орталығында 5 жыл еңбек еткен ол қазір қаладағы емханалардың бірінде жұмыс істейді, сондай-ақ тұрғындарға ақылы негізде жеке қабылдау жүргізеді.
Оның айтуынша, оғанадамдар әртүрлі себеппен жолығады. Негізінен жан жарасы барлар. Әдетте олар тұйық, өзгелерден алшақ жүретін, жаман ойларға тым жақын, жасқаншақ болады. Ал келу себептеріне келсек, жалғыздық, өмірде өз орнын таппау, жақынынан айырылу, зиянды әдеттерге тәуелділік, т.б.
— Шындап келгенде ауырмайтын адам болмайды. Бұл — табиғи құбылыс. Әйткенмен,жан мен тәннің саулығы, қуат алу үшін табиғатпен сырласып, спортпен айналысу қажет. Көпшілігі бұны ұмытып жатады. Мысалы, мен ұдайы жақсы көңіл күйде жүріп, жаман ойларға берілмес үшін йогамен шұғылданып, гүл өсіремін, классикалық музыка тыңдаймын. Жаман ойдың жетегінде кетпес үшін қолға қалам алып, арман-мақсаттарыңды, күнделікті ой-түйгендеріңді жазу да жақсы әдет. Біз жағымсыз энергияны өзімізге «сіңірмеу» үшін оның пайда болуына мұрша бермеуіміз керек.
Әр адамға жеке-дара жұмыс жүргізіледі. Мысалы, құмар ойындарға, арақ пен есірткі сияқты зиянды әдеттерге тәуелді адамдарды 6-12 ай аралығында емдейміз. Бір анығы, психолог пен психиатр — екі бөлек мамандар. Бойында психикалық ауытқушылығы барлар бірден екінші аталғандарға жіберіледі. Ал бізге жан сырын ақтару үшін кез келген адам келе алады. Әке-шешеңе, бауырыңа, тіпті сүйікті адамыңа айта алмайтын әңгімені бізбен бөлісіп, өзара ой қорытып, алда не істеу керектігі жөнінде кеңесуге болады. Әр сеанстың құны 10 мың теңгеден басталады. Жеке емханада жұмыс істегендіктен, ондағы келушілерден тыс аптасына 2-3 жеке қабылдау жүргіземін. Өйткені одан көп болса, психологиялық тұрғыда өзіме қиын болады, — дейді ол.
Кейіпкеріміз — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің психология мамандығы бойынша түлегі, өзі де айына бір рет психолог әріптестеріне баратынын, бұл мамандықтан жалығып, өзін «жоғалтып алмас» үшін жасалатынын атап өтті.
Тақырыпқа тұздық
«ПСИХОЛОГ ПЕН ПСИХИАТРДЫ АЖЫРАТА АЛМАЙТЫНДАР КӨП…»
Облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Руслан Досаевтан психолог пен психиатрдың аражігін ажыратып, аталған екі мамандық бойынша облыстың кадрлық әлеуеті туралы айтып беруін сұраған едік.
— Психолог — гуманитарлық білім алған, медициналық диагностиканың негіздерімен таныс емес маман. Сондықтан ол басқа психикалық бұзылыстың этиологиясы мен ауырлығын анықтай алмайды. Бір сөзбен айтқанда, психолог дәрігер емес. Оның міндеті — келушінің әңгімесін тыңдау, сөйлесу, проблеманың шешімін табуға көмектесу. Ал психиатр — ауыр психикалық патологиялары бар науқастарды диагностикалау және емдеумен айналысатын жоғары медициналық білімі бар маман. Психиатр науқастың миының жұмысын дәрі-дәрмекпен реттейді және қосымша психотерапия әдістерін қолданады.
Облыстық психикалық денсаулық орталығында кадр жетіспеушілігі жоқ. Бізде жұмыс істейтін 6 психолог — Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде психология және педогогика мамандығын бітірген түлектер, ал психиатр дәрігерлер — Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін тәмамдағандар.
— Диагнозы психологтің қызметіне жарамай, тікелей психиатрға жүгінетіндер туралы айтсаңыз. Олар емделетін орталықтың қазіргі тынысы қалай?
— Облыстық психикалық денсаулық орталығы — тұрғындарға психиатриялық және наркологиялық көмек көрсететін өңірдегі ең ірі стационарлардың бірі. 2018 жылдан бастап екі қызмет — психиатриялық диспансер мен наркологиялық диспансер бір мекеменің астында бірігіп, мекеме қазіргі атауын алды. Бұл жерде 20 психиатр, 25 нарколог дәрігерлер жұмыс істейді. Қазіргі таңда 280 психиатриялық науқас ем алып жатыр.
«Қазір екінің бірі психолог…»
Ақтөбе қалалық №2 емхананың клиникалық психологі Серік Әкімбаев мемлекеттік мекемеде де жабыққан жанына дауа іздеп келетіндердің көптігін, өзі күніне орта есеппен 10 адамды қабылдайтынын айтты. Оның сөзінше, бүгінде аталған мамандықты кәсіп көзіне айналдырғандар аз емес.
— Қазір екінің бірі психолог болып кетті. Жағдайы жетсе психологиялық кабинетін ашып алады. Ондағылардың кәсіби білімі, білігі сай ма, бұған назар аударып жатқандар ілуде біреу. Өкінішке қарай, сондай жеке кабинеттерге барып, күйзелісін асқындырып алатындар, соның салдарынан екі есе көп уақытын жоғалтып, жүйкесін жұқартатындар бірталай. Қай істің де маманына, мемлекеттік медициналық мекемедегі мойындалған майталманға бару керек. Өйткені адамның жан-дүниесі ойыншық емес, жүйке тыншымаса оның зардабы қиын. Әрі бізде тегін қарала алады.
Әрдайым «Отан отбасынан басталатынын» айтамын. Үйдегі бір адамның көңіл күйі дұрыс болмаса, бұл басқаларға «жұғады». Ұжымда да солай. Сондықтан мінез көрсетуден аулақ болған жөн. Темірді тот, адамды ой өлтіретінін ескеріп, өзімізге де, өзгеге де зиянымызды тигізбеуге тырысайық.
3 жастан асқандардан бастап, егде тартқандарды да қабылдаймыз. Жасы жетсе де, тілі шықпаған ұл-қыздарын алып келетін ата-аналар, инсультке шалдыққан үлкен кісілер, ерте жаста жүкті болғандар, жалпы түрлі сұрақпен келеді. Бұл күйзелістен, көңілдің бұзылуының салдарынан туындаған жағдай болған соң, әрқайсысымен жеке жұмыс істейміз.
Күн сайын 10 адамның 1-2-еуін психиатрға жіберемін. Өйткені олардың күрделі емге мұқтаж екені көз-жанарынан, іс-қимылынан, сөзінен бірден білінеді, — дейді осы салада қызмет еткеніне 10 жылдан асқан Серік.
Аталған емханада 4 психологтің барын білдік. Біз әңгімеге тартқан маман салыстырмалы түрде соңғы 10 жылда психологке қаралушылардың күрт артқанын жасырмады.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан білгеніміздей, өңірдегі медицина мекемелерінде барлығы 60-қа жуық психолог еңбек етеді. Олар — университетте педагогикамен қатар, осы саланы меңгерген мамандар. Өйткені медицина университетінде аталған сала мамандары даярланбайды.
Үлкен мәселе ұсақ-түйек кикілжіңнен басталады
Психологиялық қысымға көбіне ақыл-есі толысып, санасы қалыптасып үлгермеген ұл-қыздардың ұшырайтыны жасырын емес. Осы орайда облыстық білім басқармасыбасшысының орынбасары Дина Жаманбаева балалар арасында буллинг, суицид, жалпы теріс қылықтардың қай-қайсысын да алдын алу мақсатында «Аналар мектебі», «Әкелер мектебі» жобаларының іске асырылып, балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен 24/7 режимінде «Bala qorgau» QR-коды арқылы тегін консультациялық көмек көрсететін қосымшаның жұмыс істейтінін айтты. Пилоттық режимде «Komek stop bullying» ақпараттық жүйесі де жарыққа шыққан. Одан бөлек, өткен жылдан бері «Сенім.Тірек.Кеңістік»ағартушылық жобасы іске қосылыпты. Ондағы мақсат — педагогтер, білім алушылар және ата-аналар арасындағы зорлық-зомбылықты алдын алу, үштік одақ арқылы психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсету.
— Қоғамда балалардың қатысуымен болатын түрлі келеңсіздіктер әлі де азаймай отыр. Сондықтан биыл 6 мамырда басқарма жанынан «Jan ahual» психологиялық қолдау орталығы ашылды. Бұл психологиялық сауатты арттырып, бірыңғай жүйесін құру үшін қолға алынды. Мұнда аталған сала бойынша кеңес беру, ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық жұмыстар, басқа да іс-шаралар атқарылады. Әлеуметтік желілер бойынша ата-аналарға, оқушыларға, мамандарға арналған педагогикалық-психологиялық-ағартушылық бағытта тікелей эфирлер ұйымдастырылады. Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына, педагог-психологтарға және класс жетекшілерге «Жасөспірімдердің аутодиструктивті мінез-құлық өзгерістерінің алдын алу. Психокоррекциялық жұмыстар», «Стресс. Оның психологиялық және физикалық көріністері», «Қиын өмірлік жағдайдағы жасөспірімдердің депрессиядан шығу копинг стратегиялары», «Жас ерекшелік психологиясы», «Ерте жастағы балалардың жаңа ортаға бейімделуі», «Мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алу әдістері» тақырыптары бойынша семинар-практикумдар, шеберлік сабақтары өткізіліп тұрады. Сол арқылы біз баланың құқығын қорғауды күшейту және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау, жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлық мәселелерін шешуді көздейміз, — дейді ол.
Басқарма жанынан жұмыс істейтін «Жан сыры» психологиялық кеңес беру кабинетінің қызметіне де жүгінушілер көбейген. Соңғы санайғақтарға сүйенсек, «Сенім телефонына» 708 адам қоңырау шалған. Олардың басым бөлігі— әртүрлі деңгейде психологиялық қысым көргеніне шағымданған екен…
Маман кеңесі
— Қазір психологиялық кітаптар қаптап кетті. Соны оқитындар көп. Бірақ әр адам — жеке тұлға екенін, кітап жазған автордың өмірін, ол жүріп өткен жолды қайталау мүмкін емес екенін түсінетіндер аз. Сол себепті одан да классикалықшығармаларды оқуға кеңес беремін. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев, Бейімбет Майлин, орыс жазушыларынан Антон Чеховті оқыса, бұның пайдасы мол. Қуанышпен, жақсылықпен аяқталатын ертегілер де жақсы. Мұндағы мақсат — ойыңды уайым-қайғыдан басқа нәрсеге бұру. Әйтпесе мұңайып отыра берсең, оның соңы жаман болады…Рухты көтеретін фильмдерді көрген де абзал.
Жасыратыны жоқ, қазір адамдардың 60 пайызы ашулы. Қашан көрсең де мұңайып жүреді. Бұның сыры әлеуметтік жағдайда жатыр… Ақшаның жетіспеушілігі, қымбатшылық, бай мен кедейдің арасы тым алшақ боп кетуі — бәрі адамды күйзелтпей қоймайды. Қысқасы, ойлай берсең, уайым көп. Сол үшін қай нәрсе де өткінші екенін, қуаныш пен қайғының қатар жүретінін есте ұстау қажет, — дейді психолог Мәлика Ешниязова.
Мектептегі маман
Ресми деректерге жүгінсек, облыстағы 403 білім беру мекемесінде 497 психолог бар. Асылы, әлі күнге дейін мектеп психологі десек, оларды тәлімгер, болмаса басшылардың «қолғанаты» ретінде қабылдайтынымыз рас. Аталған мамандардың нақтылы не істейтінін білу үшін облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының педагог-психологі Мейрамгүл Каңтарбайқызымен әңгімелестік.
— 2002 жылдан бері педагог-психолог болып жұмыс істеймін. Қазіргі уақытта бізге, психологтарға қатысты қалыптасқан стереотип өзгерді. Кей мектептерде бала саны көп, ал психолог аз болғандықтан, барлық баланы психологиялық қолдау шараларымен қамту кемшін болатыны шындық. Дегенмен, мамандарға сұраныс та, талап та жоғарылады.
Психологтің жұмысы «2024-2025 оқу жылдарында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерінде білім беру процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқауға, Оқу-ағарту министрі бекіткен жылдық жоспарға сәйкес құрылады. Оқушы, ұстаз, ата-ана және мектеп әкімшілігімен бірлескен педагогикалық-психологиялық қолдау жұмыстары жасалады.
Біздің кабинетімізге оқушы көбіне-көп болашаққа бағыт-бағдар алып, дұрыс мамандықты таңдау үшін ақылдасуға, алда қатысатын байқауларға дайындықты пысықтауға, жалпы ой-пікір алмасуға келеді. Қазіргі қоғамда ең басты назарға алатын маңызды мәселелердің бірі — буллингтің алдын алу мақсатында түзету-дамыту жұмыстары, атап айтсам, тренингтер, жаттығулар ұйымдастырып, жадынамалар таратуды да естен шығармаймыз, — дейді мектеп психологі.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.