Спорт

Ақтөбенің үміті

Әрбір спорт түрінің жемісті де жеңіске толы кезеңі болады. Мәселен өткен ғасырдың 60-70 жылдарында қазақтың волейбол ойыны тарихында«Буревестник» командасының даңқы дүркіреп шықты. Содан бері қазақ волейболы дами бастады. Бүгінде ұшпа доптың қыр-сырын меңгеріп, ғылыми еңбектерден іздене отырып, «Ақбөбек» халықаралық мектебінің оқушылары арасында қыздар командасын құрған Дастан Бимбетов — волейбол спортының жанашыры.

Әрбір спортты жан дүниеңмен жақсы көріп, бар ынтаңмен айналыссаң, қайтарымы да игілікті болары даусыз. Спортқа қызығушылықтың мамандық талғамайтынын дәлелдеген жаттықтырушыДастан Бимбетовтіңнегізгі мамандығы — компьютер бағдарламалаушысы.Қазақ волейболының атасы Октябрь Жарылғаповтың ізін жалғауды мақсат тұтқан бапкержігіт «Lifestyle» волейбол академиясының негізін қалағанын айтады. Арманы асқақ жаттықтырушының басты мақсаты — жасөспірім қыздар арасындағы осы спорт түрін дамытып, Азия чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, әлем чемпионатында ойын көрсету. Оның волейбол жанашыры екенін көзіндегі оттан көруге болады. Ол өз командасын жасақтауда кедергілер кездескенін, жасөспірім қыздардың физикалық дайындығына қарай ауыл-ауылды аралап, қоғамдық орындарданіздегенін айтты.

Жалпы волейболға қызығушылығым 2018 жылдары басталды. Оған дейін ірі компания, зауыттарда компьютер тілін білетін, бағдарламалаушы маман болып жұмыс істедім. Сол уақытта жапондық аниме жанрындағы анимацияланған мультипликацияны жиі қарайтын едім. Өзіндік сурет салу стилімен және жанрларының әртүрлігімен ерекшеленетін танымал жанр түрі менің болашағыма осыншалықты әсер ететінін білмедім де. Кейін сол суреттелген ертегі әлемдегі волейбол ойнайтын қыздарды көріп, өзім сондай команда құруды армандап, алдыма мақсат қойып, әрекетке көштім. Бастапқыда, әрине, командаға қыз балаларды жинау қиын болды. Жалпы, сырттан, көшеден, қоғамдық орындардан ұзын бойлы жасөспірім қыздарды іздей бастадым. Қазір сол оқиғамды естігендер күліп қарайды. Өйткені бір ойыншымды «Дина» супермаркетінен, бірін Шалқар қаласына тойға барғанда, енді бірін ата-анасы арқылы кездестірдім, — деген жаттықтырушының оқиғалары расымен қызыққа толы.

Көшеден ұзын бойлы ерлі-зайыптыны көрсем, қастарына жақындап, тоқтатып, өзімді таныстырамын. Содан соң мектеп жасындағы қыздары бар- жоғын сұраймын. Егер бар болса, қуанып, өз командама шақырып, ата-анасымен келіссөз жүргіземін. Егер қыздары балабақшаға баратын болса, «мектепке барған кезде маған хабарласыңыздаршы» деп өтініп, байланыс нөмірімді қалдырып кетемін. Қоғамдық орындарда, дүкенде, көшеде кездескен ұзын бойлы қазақ қыздарын кездестірсем де қастарына барып, өзімді таныстырып аламын. Қорқытып алмайын деп барынша еркін, ашық сөйлесемін. Қазір балалар бейтаныс адаммен сөйлеспейді ғой, ол дұрыс та шығар. Дегенмен осындай сәтте көп уақыт өткізіп алатынмын, — дейді ол.

«Ақбөбек» мектебінің директоры Дәулет Боранғали де әріптесінің сөзін растап, кәсіби жаттықтырушының мақсатқа жету жолындағы еңбегін бағалай кетті.

Биыл біздің білім жүйемізде дарынды балаларды оқытуға,  балаларды ІТ саласына даярлауға бағытталған мектеп-лицейі ашылды. Жаңа мектепте бастау алған жаңа жобалар да баршылық. Соның бірі осы спорт саласына бағытталған —қыздар волейболы мен ер балалар футболы. Екі бағыттың да аяқ алысы жақсы, жетістіктері де жетерлік. Жалпы, біздің оқушылар мектеп бітіргеннен кейін аттестатпен бірге, ІТ мектебін бітіргені туралы сертификат та алып шығады. Енді спорт бағыты да дамығаны соншалық —ІТ саласына дайын маман даярлайтын әрі спорт шеберін шығаратын лицей болмақ. Жаттықтырушылар базасы да мықты. Дарынды балалар тек біліммен шектеліп қалмауға тиіс. Жаттықтырушы Дастан Алтынбайұлы өз идеясын мектеп басшылығына жеткізіп, жоба ұсынды. Ол бір жағынан мектеп ата-анасы ретінде де белсенді. Мектеп-лицейі ашылғанға дейін Алға, Ембі, Шалқар елдімекендерінен жинаған қыз балаларды өзінің спорт мектебінде жаттықтырып, үйлерін жалдап, қастарына күтушілерін де тауып берген болатын. Биыл сол оқушылардың бәрі осы мектеп-лицейдің оқушылары атанды. Барлығы интернатта жатып оқиды. Бірінші тоқсан нәтижесі бойынша да ол оқушылар үздік көрсеткіш көрсетіп отыр, — дейді Д.Боранғали.

2012-2013 жылғы қыз балалар арасында құрылған волейбол командасында 14 ойыншы бар. Бәрі де бір сыныпта білім алады. Жаттықтырушының айтуынша, балалар уақытпен, белгілі тәртіппен жүреді екен. Таңғы сағат 6.00-де жаттығу залында отыратын оларға бұл күнделікті әдетке айналған.

Күніне екі мәрте спорт залында екі сағат жаттығу өткіземіз. Күнделікті күн тәртібі бойынша жаттығудан соң, таңғы астарын ішіп, сабақтарына қатысады. Қосымша үйірмелеріне барып келген соң, үй тапсырмаларын сол күні орындап, кешкі жаттығуға келеді. Сабақта берілген тапсырманы олар сол күні орындамаса, басқа бос уақыттары жоқ. Демалыс күндері жолдастық кездесулер өтсе, үйлеріне бармай интернатта жаттығады, — деген ол «қыздардың мектептегі екінші ата-анасымын» дейді. Тіпті ата-аналары отыратын сыныптық, пәнге арналған барлық әлеуметтік чатқа да тіркелген. «Чемпион қыздарымның әр әрекетінен, көңіл күйінен хабардар болып отыруым керек»,— дейді өз сөзінде. Оларды қуанту үшін әр мезгілге арналған спорттық киімді де өзі алып береді екен. Алдағы жаңа жыл мерекесіне команданың аты жазылған спорттық үлгідегі қыстық күртешелерді сыйлаймын деп жоспарлап отыр.

Қазақстанда жасөспірім қыздар арасында волейбол ойыны жақсы дамып келеді. Әсіресе Жетісу, Өскемен өңірінде жақсы дамыған. Алайда Азия чемпионатында үздіктер қатарынан көріне алмай отыр. Осы мәселе мені көп мазалайтын. Көп зерттеп, ойындарына қатысып келген соң, спортшыларды шетелдік командалармен жиі шығарып тұру керектігін ұқтым. Неге десеңіз, Азия чемпионатына 20 күн қалғанда Қазақстанның әр өңірінен үздік деген қыздарды жинақтап, жарысқа апарады. Ойнау тәсілдері әр түрлі қыздарды шетелге апарып, үлкен аренаға шығарғанда эмоционалды түрде дайын болмай, ойында әлсіздік танытады. Осы олқылықты болдырмас үшін «Ақбөбек» мектеп қабырғасында былтыр 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні «AISOpen 2024» халықаралық турнирін ұйымдастырдық. Оған Ресей мемлекетінің 6 командасы, Өзбекстан және Қазақстанның бірнеше командалары қатысты. Өзге мемлекеттерге де шақырту барғанымен, жол мәселесіне байланысты көбі келе алмады. Өте жақсы дәрежеде күтіп алып, қонақжайлық таныттық. Ойын ұйымдастыру деңгейі де өте керемет болды. Ондағы басты мақсатымыз — біз де үлкен дәрежеде ойын өткізе алатынымызды, жалпы Қазақстанда қыздар арасындағы волейбол ойынының жақсы деңгейде екенін, ойын көрсетуге қабілетті екенін көрсету. Мақсатымызға жетіп, мықты деген командалардың алдына шығып, көктемгі чемпионатта чемпион атандық, — дейді өзі. Волейболдың негізі қаланған Ресей мемлекетіне сапарлатып жиі баратын жаттықтырушы ол жақтың ойын ойнау тәсілін де біртіндеп үйреніп, командасындағы ойыншыларға үйретіп жүр. Жолдастық кездесулерден қалмайтын оның басты мақсаты да сол қарсылас командалардың ойын тәсілдерін үйреніп, меңгеріп, соған қарсы ереже құру. Бастапқыда 20:3 есептік көрсеткіштермен жеңіліс тауып жүрген «Ақбөбектің» командасы қазір шетелдік командалармен есепті теңестіріп жүр. Енді 26 қараша күні Екатеринбургта өтетін жарысқа дайындық үстінде.

Бұл ешқандай жолдастық кездесу емес. Әдеттегідей ауқымды жарыс. Бір айлық жаттығудан гөрі,бір жарысқа барып келгенде спортшылар әлдеқайда мол тәжірибе жинақтап келеді. Сондықтан әзірге Ресейге барып, тәжірибе алмасып, ойын көрсетіп жүрміз. Келесі жылы қаңтарда Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өтетін халықаралық турнирге ресми шақырту алдық. Біздің волейболдағы спорттық жолымыз осылай жалғасып келе жатыр. Былтыр ұйымдастырған «AISOpen» халықаралықтурнирін дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Алда әлемдік аренада ойын көрсетіп, чемпион атануға сенімім мол. «Ақбөбек» мектебінің мүмкіндігінің арқасында жүзеге асып жатқан жобаға қолдау көрсеткен, құрылтайшы Күлпаршын Айдархановаға алғысым шексіз. Спорт мектебі болмасақ та, жаттығуға, халықаралық турнир өткізуге мұрындық болып, дарынды балалардың болашағы үшін жасалып жатқан ақысыз жоба мақтанатындай дүние, — деді Д.Бимбетов.

Айта кетейік, мектеп-лицейінің оқушыларынан құрылған волейбол командасының ойыншылары бұл жобаға тегін қатысады. Әрі ақылы мектепке оқуға жеңілдік те алған. Жоғарыда айтылғандай спорт жанашыры болған жаттықтырушының өзі де бұл ісі үшін ақы алмайды. Осындай сәттерде қазақ волейболы тарихындағы Октябрь, Жәнібек,Заңғар, Әлжан тәріздіспортшылардың даңғыл жолдарын еріксіз еске алуға тура келеді. Біздің волейболда қазір көш бастайтын, аттары аталған ағаларымыз секілді жігері биік, шеберліктері мықты серке ойыншылар мен жаттықтырушылар аз. Сондықтан осындай игілікті істің қасында жүрген жандарды көпшілік біліп, қолдауы қажет.

 Айдана АЛТЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button