Спорт

Ауыл спортын қолдайтын ауқымды жоба

Апта басы «Auyl sport — 2024» жобасымен басталды. Ауыл балаларын спортқа тарту, бұқаралық спортты дамыту және ауылдағы жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған бірегей жоба еліміздің әр аймағында бастау алды.

Спорттың 6 түрінен республикалық деңгейдегі турнирлердің кезекті өңірлік лигасы Ақтөбедегі №2 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. 3 күнге жоспарланған жарыстың ашылуына жоба ұйымдастырушылары мен жобаға қолдау көрсетушілер қатысты. Жоба «Halyk» қайырымдылық қорының бастамасымен жүзеге асырылып жатыр.

Өңірлік лиганың ашылуына «Қазақстан Халық Банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Гүлжахан Бәйтерекова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтығали Шукаев, спорт қайраткері, волейболдан ұлттық дәрежедегі төреші Рыспай Молдағалиев, бокстан әлем және Азия чемпионы Галиб Джафаров және облыстық «Жастар» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Рустам Ибраев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Республикалық деңгейде бастау алған жобаға 8-15 жас аралығындағы 12 мыңға жуық ауыл балалары қатысады деп күтілуде. Олар бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол және шахмат спортынан сынға түседі.
— Ауқымды жобаға қатысуға келген барша спортшыға сәттілік тілеймін! Байқап қарасақ, олимпиадада, әлемдік чемпионаттарда, өзге де халықаралық додаларда топ жарып жүрген спортшылардың көбі ауылдан шығады. Сондықтан ауыл балаларын қолдауға, спортқа бейімдеуге басымдық беруіміз керек.
«Халық» қайырымдылық қоры ауыл балаларының спортқа деген ынтасын арттыру мақсатында «Auyl sport» жобасын қолға алды. Қор осы уақытқа дейін ауыл спортына шамамен 500 миллион теңге көлемінде қаржы бөліп, 120-дан астам әлеуметтік жобаны іске асырды. Алдағы уақытта әлі де игі істер жалғасын табады деген сенімдеміз, — деді Г.Бәйтерекова.
Жарысқа ауыл-аймақтан іріктелген үздік спортшылар қатысып, бағын сынайды. Жарыстың алғашқы күні волейбол мен бокстан басталды. 11-13 қараша аралығында өтетін өңірлік лигада жеңімпаздар іріктеліп, республикалық кезеңге жолдама алады.
— Өңірлік лигада топ жарған жеңімпаздар Алматы қаласында өтетін «Auyl sport — 2024» республикалық лигасына жолдама алады. Әр аймаққа арнайы жоба үйлестіруші бекітілді. Аталған жоба аясында жоғарыда аталған 6 спорт түрінен 8-15 жас аралығындағы жастар мен жасөспірімдер арасында аймақтық турнирлер мен сол жарыстардың жеңім¬паздары арасында респуб¬ли¬калық қорытынды сын ұйым¬дастырылады. Сондай-ақ жаттықтырушыларды оқы¬ту, олардың біліктілігін арт¬ты¬ру, тақырыптық семинарлар өткізу, төрешілер ісіне, ком¬му¬никациялық дағдыларға, әлеу¬¬меттік желілерде белсенді жұ¬мыс істеуіне бағытталған оқу-жаттығу жиындары өтеді. Турнир женімпаздары мен жүлдегерлерін спорт¬тық киімдермен, жаттығу құрал¬дарымен қамтамасыз ету, чем¬пиондардың республикалық, халықаралық турнирлерге қа¬ты¬суын қамтамасыз ету де жобаның басты назарында. Жыл соңында қо¬рытындысы шығарылып, жо¬баның үздік спортшылары марапатталады, — деді ұйымдастырушы Ербол Шыма.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button