Спорт

Қоржынымызға қола медаль түсті

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Тұран» — 2:0

Сонымен, биылғы чемпионаттың соңғы туры да өтті.

Ақырғы сәтке дейін қай команданың чемпион атанатыны мәлімсіз болды. Білгір мамандардың өзі «Қайрат» пен «Астананың» соңғы ойындары жөнінде «кездесу олай аяқталады» немесе «былай аяқталады» деп сеніммен болжай алмады. Себеі өткен турда «Тобыл» бәрін «бүлдірді». Олардың «Астанадан» үстем түсуі «Қайраттың» мүмкіндігін жоғарылатты. Бұған «Ордабасы» командасының осы «Қайраттан» ұтылып қалуы қосымша көмек болды.

Елордалық команданың бас бапкері Григорий Бабаянның Еурокубоктың соңғы екі ойынына негізгі емес, резервтегі ойыншыларды жіберуі де бұларға нәтижелі табыс әкеле қоймады. Г.Бабаянның «олжасы» «Астана» екі ойында да ұтылды. Бірақ бұл ұтылыстардың орынды болғанын ешкім де қостай алмаған сыңайлы. Ал резервтік құрам деген әңгімеге келсек, футбол ардагерлері «бұл құрамда болғандардың жартысына жуығы — Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары еді ғой, мұны резерв деуге бола ма?» деген қарсы сұрақ қойды. Расында да, Тимур Досмағамбетов, Марат Быстров, Александр Марочкин, Абзал Бейсебеков, Исламбек Қуат, Эльхан Астанов тәрізді футболшылар бар команданы резервтік ұжым деуге келіңкіремейтін де. Ал екінші кездесуге қайта орала кетсек, бұл ойында қақпашы Мұхаммеджан Сейсен барынша жарқырай көрінді. Игорь Шацкийді жоқтатпайтын қақпашы шыққалы тұрған сыңайлы. Оны енді кезінде көрерміз. Ал, ішкі чемпионатта алтын медальға ие болуы үшін «Астананың» бапкері Конференция лигасындағы екі ойында осындай әрекетке барғаны рас. Бірақ алтын медаль бұларға бәрібір бұйырмады. Тіпті соңғы ойында 5:0 есебімен жеңіске жетсе де, қарсыласын 1:0 есебімен ұтқан «Қайратқа» жол беруге мәжбүр болды. «Қайраттан» озуға 1 ұпай ғана жетпей қалды.

Ал Еурокубок ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін 4-ші орынды «Ордабасы» иемденді. «Қайсардан» ұтылған «Тобыл» қаншама тырмысқандарымен бұл тұғырға шыға алмады, оның үстіне «Ордабасы» кезекті рет қарсыласынан басым түсті.

Ойыннан соң «Қайраттың» бас бапкерінің ассистенті Александр Москаленко: «Не деуге болады? Біз «Атырау»-«Қайрат» кездесуін параллельді түрде қарадық. Өздеріңіз де көрдіңіздер, бізге чемпиондықты төрешілер бермей қойды. Басқа ештеңе айта алмаймын», — десе, «Спорт кз» порталы: «Шындығына келгенде, Рафаэль Уразбахтиннің ұжымы шешуші кездесуді ойдағыдай өткізе алмады, барлығын шешкен — дүдамал пенальти мен ойыншыны алаңнан қуып жіберу. Тіпті мұндай жауапты сәтте төрешілер VAR-ға қарауды да қажет де таппады», — деп жазды.

Не болғанда да, алтын медаль «Қайраттың» меншігіне бұйырды.

Ал «Астана» күміс медаль иегері атанды.

*   *   *

«Астана»-«Жетісу» — 5:0

«Атырау»-«Қайрат» — 0:1

«Ордабасы»-«Елімай» — 2:1

«Қайсар»-«Тобыл» — 2:0

«Жеңіс»-«Қызылжар» — 0:1

*   *   *

Соңғы турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Түркістанның «Тұран» командасын қабылдады.

Жерлестеріміздің жеңіске жететіндігіне ақтөбелік жанкүйерлер сенімді болып еді. Ақтөбелік жанкүйерлер түгілі, футболдың майын ішкендер де, мысалы, ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Евгений Аверченко да осы ыңғайға жығылған болатын. «Ақтөбе» бұл ойында жеңісті уысынан шығармайды, сөйтіп қола медаль иегері болады Бұл кездесуде ақтөбеліктер проблемаға тап болады деп тіпті де ойламаймын», — деген еді ол. Дегені айдай анық болды. Рас, бірден емес. Жанкүйерлер шаршаңқырап барып 90+4 минутта ғана «уһ» деп дем алды.

Ал бірінші тайм негізінен «Ақтөбенің» басымдылығымен өтті. Бірақ «Тұран» да үш ұпай ұстатып кетуді ойлап келмегені анық болды. Олар да барынша қорғанып бақты. Сөйте жүріп шабуылдауды да ұмытқан жоқ. Қола медальдан дәмелі біздің жігіттер одан сайын өршелене түсті. Не керек, 35-минутта Уче Агбо қонақтардың қақпасына алғашқы голды өткізді. Бірінші таймда бұдан әрі есеп өзгермеді. «Тұранға» жауап гол соғуға мүмкіндік берілмеді.

Ал екінші таймда футболшыларға да, алаңға да бой үйреткен «Тұран» ойыншылары еркін қимылдауға көшті. Әлсін-әлсін шабуылдар ұйымдастырып отырды. Дегенмен алаң иелері аса сақ қимылдады, соның өзінде де аяғындағы доптан айрылып қалу, пасты жеткізіп бере алмау деген секілді кемшіліктер орын алып жатты. Ал 1:0 дегеніңіз тым сырғымалы есеп қой. Әлдақалай бір гол қақпамызға еніп кетсе, бұйырғалы тұрған қола медальдан айрылып қалу қиын емес. Оның үстіне «Ақтөбеде» бесаспап шабуылшы жоқтығы белгілі. Шабуылшы ретінде шыққан Ыдырыс Умаев қонақтардың қақпасына аса қауіп төндіре алмады. Өзіне тасталған тәп-тәуір пасты іске асырудың ретін таппай қойды. Осыны ескерген болуы керек, бас бапкер Игорь Леонов 65-минутта Ыдырысты Дорни Ромеромен алмастырды. Ойынға тыңнан қосылған Дорни, әрине, шабуылдарды нәтижелі етуге тырысты. Қақпаны олай да, бұлай да торуылдаумен болды. Бірақ қарсыластар да кімнен қандай қауіп төнетінін біледі ғой. Дорнидің еркінсуіне жол берген жоқ. Дегенмен алушыны аңдушы жеңді. Екі таймға қосылған қосымша минуттарда, жанкүйерлер кездесудің бір гол басымдықпен аяқталуын тыпырши күтіп отырғанда 90+4 минутта Дорни Ромеро жарқ ете қалды. Өзіне тасталған пасты алаң ортасында жүріп қақшып түскен ол бірден қақпаға қарай жөнеді. Қапталдаса жүгірген тұрандық футболшыларға ерік бермеген ол сол күйі қақпа алдына жетті де, кідірместен допты Тимурбек Закировтың үстінен асыра теуіп, қақпаға шегелей енгізіп жіберді — 2:0.

Чемпионатты сырт алаңда жеңіспен бастаған «Ақтөбе», міне, осылайша өз алаңында жеңіспен аяқтады.

Қола медальға қол жеткізді.

Әрине, чемпионат ортасында Максим Самородов пен Рамазан Оразовты басқа командаларға жібермей тұра тұрғанда, бәлкім, алтыннан алқа тағар ма едік. Дегенмен, «шығасыға иесі басшы» дегеннің кері келді де қойды.

«Ақтөбе»-«Тұран» — 2:0

Гол авторлары: Уче Агбо, 35-минут (1:0); Дорни Ромеро, 90+4 минут (2:0)

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Әділхан Таңжарықов, 11-минут, Бағдат Қайыров, 30-минут («Ақтөбе»), Артем Архипов, 80-минут («Тұран»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Әлібек Қасым, Дмитрий Бессмертный, Бағдат Қайыров, Әділхан Таңжарықов (Матео Барач, 81-минут), Уче Агбо, Арман Кеңесов (​Әлішер Кенжеғұлов, 90+1 минут), Амаду Думбия, Жан Жайро, Ыдырыс Умаев (Дорни Ромеро, 65-минут).

Бас бапкер: Игорь Леонов.

10 қараша 2024 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы стадион.

*   *   *

Биылғы чемпионатта командалар 156 кездесу өткізіп, қақпаларға 369 гол соғылды. Орта есеппен әр кездесуде 2,37 гол соғылды.

*   *   *

Келесі жылы чемпионатқа қайтадан 14 команда қатысуы тиіс. Премьер-лигамен «Шахтер» қоштасады да, тізімге жаңадан Бірінші лигада үздік шыққан «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Ұлытау» (Жезқазған) қосылады.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 6 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4;

Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 4;

Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 3,

Арман Кеңесов, қорғаушы — 3;

Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 3,

Габи Кики, қорғаушы — 2;

Хосе Севальос, жартылай қорғаушы — 2;

Фредди Гондола, шабуылшы — 2;

Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;

Матео Барач, қорғаушы — 1;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;

Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1;

Амаду Думбия, жартылай қорғаушы — 1.

*   *   *

Жерлестеріміз 24 кездесу өткізіп, 12 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 5 рет жеңілді. Ұпай саны — 43. Доп айырмашылығы — 39-26.

*   *   *

Турнирдің 2024 жылғы қорытынды кестесі:

 

  1. «Қайрат» (Алматы) — 47 ұпай;
  2. «Астана» (Астана) — 46 ұпай;
  3. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 43 ұпай;
  4. «Ордабасы» (Шымкент) — 42 ұпай;
  5. «Тобыл» (Қостанай) — 39 ұпай;
  6. «Елімай» (Семей) — 37 ұпай;
  7. «Атырау» (Атырау) — 35 ұпай;
  8. «Қайсар» (Қызылорда) — 34 ұпай;
  9. «Қызылжар» (Петропавл) — 29 ұпай;
  10. «Жеңіс» (Астана) — 24 ұпай;
  11. «Жетісу» (Талдықорған) — 23 ұпай;
  12. «Тұран» (Түркістан) — 20 ұпай;
  13. «Шахтер» (Қарағанды) — 10 ұпай.

*   *   *

Келесі жылы Еурокубок ойындарына қатысатын командалар да белгілі болды.

УЕФА Чемпиондар лигасында биылғы чемпионымыз «Қайрат» ойнайтын болды.

«Астана» Конференция лигасындағы бәсекеге қатысады.

Қазақстан Кубогының иегері «Ақтөбе» Еуропа лигасында немесе Конференция лигасында ойнауы мүмкін.

«Ордабасы» командасын Конференция лигасы күтіп тұр.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button