Үмітіміз — үшінші орын
Премьер-Лига
«Шахтер»-«Ақтөбе» — 1:3
2-3 қараша күндері Премьер-Лиганың 25-тур ойындары өтті.
Ең басты оқиға сол, өз алаңында қостанайлық «Тобыл» «Астананы» ұтып кетті. Қаншама тырысқандарымен астаналықтар алаң иелерінің қақпасына гол соға алмады. Ал «Ордабасы» командасын жеңген «Қайрат» турнир кестесінде бірінші орынға шықты. Сырт алаңда «Атырау» «Жетісуды» ұтты. «Қызылжар» «Қайсарды» ірі есеппен жеңді. «Тұран» мен «Жеңістің» кездесуінде есеп ашылмады.
* * *
Бұл турды «Ақтөбе» Қарағандыда өткізді. Жергілікті «Шахтер» командасымен кездесті.
Рас, биыл «Шахтердің» жағдайы мүшкілденіп кетті. Келесі жылы Бірінші лигаға түсіп қалатыны бірнеше тур бұрын анық болды. Қатарынан 15 тур бойы жеңіске жетпеген командадан бұдан артық не күтуге болады? Чемпионат барысында екі-ақ рет жеңіске жетіп, 18 рет ұтылыпты.
Дегенмен «Ақтөбе» бұл кездесуге сақтықпен қарады. Біріншіден, енді жоғалтатын ештеңесі жоқ командадан не күтуге болатыны белгісіз еді. Екіншіден, өз алаңындағы ең соңғы ойында қарағандылықтар жеңіске жетіп, жанкүйерлерінің көңіл күйін көтеріп қоюды ойламады дейсіз бе?.. Былайынша айтқанда, мақсаты белгісіз, қосымша міндеті де жоқ команда алаңда қалай ойқастаймыз десе де ерікті еді.
Әйтсе де кездесуде шабуылды «Ақтөбе» бастады. Әуелі Арман Кеңесов, одан соң Жан Жайро қақпаға төніп-ақ келді. Соққы да жасады. Бірақ есеп ашудың мүмкіндігі болмады. Сөйтіп жүргенде Амаду Думбия жарқ ете түсті. 23-минутта аяғына тиген допты ілгері жетелеп, қарсыластардың айып алаңына қаптаған қорғаушылардың арасынан саңылау таба енген Амаду соққыны да келістірді. Оның қақпаның оң бұрышының төменгі жағына бағыттаған добын қарағандылық қақпашы Егор Цуприков тосып қала алмады — 0:1.
Бұдан соң Ыдырыс Умаев та гол иесі атана жаздады. Бірақ қақпашы бұл жолы доптың жолын кесе білді. Бірінші тайм осы есеппен аяқталды.
Екінші таймда, әрине, алаң иелері есе қайтаруды көздейтіні белгілі. Солай болды да. 51-минутта өзіне тасталған пасты асықпай қабылдап алған Имеда Ашортия айып алаңының сыртынан сол аяқпен оңдырмай соққы жасап, допты қақпаға енгізіп жіберді. Ақтөбелік қақпашы Игорь Шацкий кешіге қимылдады ма, әйтеуір, допқа бөгет жасай алмады. Ауа қармап қалған қолын соза сұлап түсті — 1:1.
Бұдан соң алаңда тағы да Амаду Думбия жарқ ете түсті. Ол аяғына келе қалған допты іліп әкетіп, қарсыластар қақпасына қарай тартты, жолын бөгемек болған екі қорғаушыны алдап өтіп, оларға қоса дәл қақпа алдында тұрған және бір қорғаушыны қапы қалдырып, сол маңға келе қалған Арман Кеңесовке тамаша пас тастады. Арман бұл допты оп-оңай голға айналдырды — 1:2.
Үшінші допты тағы да Арман соқты. 60-минутта қарсыластар қақпасына дәл айып алаңы сызығына жақын жерден айып добы белгіленді. Қарағандылықтар қорғанысты мықтап-ақ ойластырды. Бірақ Арман айласын асырды. Допты асқан шеберлікпен жөнелтті қақпаға. Қақпашы еш әрекет жасай алмай қалды — 1:3.
Кездесудің негізгі уақыты аяқталуға бір минут қалғанда бас бапкер Игорь Леонов алаңға қос жас футболшыны — Мирас Уманиязов пен Әлішер Кенжеғұловты шығарды. Әрине, бұларға қалған шаруа да жоқ еді, дегенмен бапкер жас буынның алаң тынысын сезіне бергенін мақұл көрген тәрізді.
Жалпы алғанда «Ақтөбе» допқа көбірек иелік етті. Ойын уақытының 61 пайызында доп ақтөбеліктердің аяғында жүрді. Дегенмен соққы жасауда, қақпаға соққыны дәл бағыттауда екі команда шамалас болды.
Айтпақшы, бұл кездесуде алаңда алматылық Элвира Нұрмұстафина төрешілік еткенін айта кеткен жөн. Ер-азаматтарға ғана лайықтыдай көрінетін мұндай бәсекеде нәзік жанды адамның арағайын болуы расында да көп кездесе бермейтін жай. Дегенмен 8 «сары қағаз» көрсету арқылы Эльвира өз міндетін талапқа сай атқара алатынын дәлелдеген секілді.
Өткен турдағы кездесуден соң «Ақтөбенің» чемпиондықтан дәме етуі мүмкін емес-ті. Солай болды. Оған қоса небір білгірлер біздің команда алғашқы үштікке де ене алмайтыны жөнінде болжамдап тастаған. Тап осыған келісе алмаған едік. Біздің ойымызша, жерлестеріміз соңғы екі ойынды жеңіспен аяқтауға тиіс болатын. Міне, соның алғашқысы үш ұпай әкелді. Ал соңғы турда өз алаңымызда «Тұранды», тфә-тфә, қалайда жеңуіміз керек.
«Шахтер»-«Ақтөбе» — 1:3
Гол авторлары: Амаду Думбия , 23-минут (0:1); Имеда Ашортия, 52-минут (1:1); Арман Кеңесов, 55-минут (1:2); Арман Кеңесов, 60-минут (1:3).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Айбар Абдулла, 17-минут, Шахсұлтан Зубайдилда, 59-минут, Евгений Козлов, 89-минут, Ескендір Қыбырай, 90+3 минут («Шахтер»), Бағдат Қайыров, 17-минут, Амаду Думбия, 34-минут, Арман Кеңесов 68-минут, Әділхан Таңжарықов, 83-минут («Ақтөбе»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Әлібек Қасым, Габи Кики, Бағдат Қайыров, Әділхан Таңжарықов (Мирас Уманиязов, 89-минут), Уче Агбо, Арман Кеңесов (Хосе Севальос, 75-минус), Амаду Думбия (Әлішер Кенжеғұлов, 89-минут), Жан Жайро (Дмитрий Бессмертный, 89-минут), Ыдырыс Умаев (Дорни Ромеро, 69-минут).
Бас бапкер: Игорь Леонов.
3 қараша 2024 жыл. Қарағанды қаласы, «Шахтер» стадионы.
* * *
Басқа кездесулер:
«Қайрат»-«Ордабасы» — 2:1
«Тобыл»-«Астана» — 1:0
«Қызылжар»-«Қайсар» — 6:2
«Тұран»-«Жеңіс» — 1:1
«Жетісу»-«Атырау» — 0:2
* * *
Чемпионат басталғалы командалар 150 кездесу өткізіп, қақпаларға 355 гол соғылды. Орта есеппен әр кездесуде 2,37 гол соғылды.
* * *
Біздің мергендеріміз:
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 6 гол;
Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 4;
Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3;
Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 3,
Арман Кеңесов, қорғаушы — 3;
Габи Кики, қорғаушы — 2;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,
Хосе Севальос, жартылай қорғаушы — 2;
Фредди Гондола, шабуылшы — 2;
Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;
Матео Барач, қорғаушы — 1;
Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;
Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1;
Амаду Думбия, жартылай қорғаушы — 1.
* * *
Жерлестеріміз 23 кездесу өткізіп, 11 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 5 рет жеңілді. Ұпай саны — 40. Доп айырмашылығы — 37-26.
* * *
25-турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:
- «Қайрат» (Алматы) — 44 ұпай;
- «Астана» (Астана) — 43 ұпай;
- «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 40 ұпай;
- «Тобыл» (Қостанай) — 39 ұпай;
- «Ордабасы» (Шымкент) — 39 ұпай;
- «Елімай» (Семей) — 37 ұпай;
- «Атырау» (Атырау) — 35 ұпай;
- «Қайсар» (Қызылорда) — 31 ұпай;
- «Қызылжар» (Петропавл) — 26 ұпай;
- «Жеңіс» (Астана) — 24 ұпай;
- «Жетісу» (Талдықорған) — 23 ұпай;
- «Тұран» (Түркістан) — 20 ұпай;
- «Шахтер» (Қарағанды) — 10 ұпай.
* * *
Соңғы тур алдындағы кесте осылай түзіліп тұр.
Қарап отырсаңыз, бәйгемді шаппай бер деп тұрған ешкім жоқ екен.
Алғашқы үштіктің ішінде «Ақтөбе» ғана чемпиондық таластан тыс қалатыны анық. Оның есесіне біздің команда Қазақстан Кубогының жеңімпазы ретінде алдағы жаздағы Еурокубок ойындарына қатыса алады.
Ал алтын медаль кімге бұйырады?
Егер «Атырауды» жеңсе, «Қайратқа» бұйырады.
Ал «Қайрат» жеңіске жетпесе, немесе тең ойнаса, «Жетісуды» жеңуге дайын отырған, жеңетіндеріне сенімді «Астанаға» бұйырады.
Не болғанда да, осы екі команда — «Қайрат» пен «Астана», бұйырса, алғашқы екі тұғырда қала бермек.
* * *
25-тур ойындары, 10 қараша, жексенбі, сағат 14.00:
«Жеңіс» — «Қызылжар»
«АҚТӨБЕ» — «ТҰРАН»
«Астана» — «Жетісу»
«Қайсар» — «Тобыл»
«Ордабасы» — «Елімай»
«Атырау» — «Қайрат»
Е.АХАТҰЛЫ.