9 айда қандай бұзушылықтар анықталды?
Экология
Сәрсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті инспекциялық бақылау қызметінің биылғы 9 айдағы қорытындысы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Онда облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Тұрар Қожанов биылғы 9 айда өңірде тіркелген бұзушылықтар жайында айтты:
— Биылғы 9 айда Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті 36 тексеру жүргізді, оның ішінде 17-сі — профилактикалық бақылау, 14-і — жоспардан тыс тексеру, 5-еуі — біліктілік талаптарына сәйкестігі жөніндегі тексеру. Нәтижесінде жалпы саны 261 бұзушылық анықталды. Осы бұзушылықтарды жою туралы 157 нұсқама берілді, оның ішінде бүгінге дейін 134-і немесе 85,3 пайызы орындалды. Қалған 23 ұйғарым бойынша орындау мерзімі аяқталған жоқ, — деді ол.
Бөлім басшысының айтуынша, тексеру нәтижелері бойынша 9 айда жалпы сомасы 3 000 792,405 мың теңгеге 104 әкімшілік айыппұл салынған. 24 әкімшілік хаттама сотқа жіберілген. Сот 3 747, 380 мың теңгеге 5 қаулы шығарып, бүгінде барлық айыппұл өндірілген.
Брифингте Тұрар Қожанов облыста заңсыз орналастырылған қалдықтар жөнінде де айтып берді.
Оның айтуынша, ғарыштық түсірілім мәліметтеріне сәйкес, Мәртөк, Алға, Мұғалжар, Темір, Хромтау аудандарында және Ақтөбе қаласында заңсыз орналастырылған қалдықтар бойынша геосервиске 268 жер учаскесі бойынша ақпарат берілген. Сондай-ақ 22 жер учаскесі бойынша тұрмыстық қалдықтарды жинақтау, пайдалану бойынша заңдастырылған полигондардың шетелге шығуы анықталған. Қазіргі таңда экология департаменті табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп, қалдықтар мен сарқынды суларды орналастыруға арналмаған жерлерде заңсыз тасымалдау және әкету фактілерін анықтау, жолын кесу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Д.АЙДАР.