Мен үшін «Ақтөбенің» орны бөлек
Талдыбай СИСЕНБАЕВ,
зейнеткер.
Ырғыз ауданы.
Баспасөз — 2025
Республикамызда қанша газет-журнал шығып жатса да, біз үшін «Ақтөбенің» орны бөлек. Биыл жарыққа шыққанына жүз жыл толған облыстық басылымның әр санын асыға күтеміз.
Мен «Ақтөбе» газетінің көп жылдан бергі оқырманымын. Осы басылымнан өңірімізде болып жатқан оқиғаларды, жаңалықтарды, ауыл адамдарының тұрмыс-тіршілігін оқып, біліп отырамын. Газет апта сайын әртүрлі мәселелерді көтереді. Соңғы сандарында қарапайым адамдардың өмірі мен жеткен жетістіктері, тарихи нысандар мен саяси науқан туралы бірқатар материалдар шықты. Сол арқылы біз көп мәлімет алдық.
Мен осы ауданда ұзақ жылдар бойы ішкі істер органдарында, сондай-ақ кәсіпкерлік саласында жұмыс істеген адаммын. Қазір зейнеткермін. Зейнетке шықсам да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласамын. Ауданда өтетін іс-шараларға үнемі қатысамын. Қолым қалт етсе «Ақтөбе» газетін оқып, қасымдағыларға өңірде болып жатқан жаңалықтарды айтып беремін. Сондықтан бұл газеттің мен үшін орны айрықша.
Барша газет ұжымын биылғы мерейтойларымен құттықтай отырып, дендеріне саулық, шығармашылық табыс тілеймін. «Ақтөбенің» біз сияқты оқырманы көбейіп, өркендей берсін!