Спорт

«Ақтөбе» төртінші орынға түсті

Премьер-Лига

«Астана»-«Ақтөбе» — 2:0

26-27 қазан күндері Премьер-Лиганың 24-тур ойындары өтті.

«Астана» мен «Ақтөбе» кездесуі алдында жол-көлік оқиғасы орын алып, бір адам қаза болды, бірнеше жанкүйер әрқилы жарақаттармен ауруханаға түсті.

Ал ойындарға келсек, турнир кестесіне бірнеше маңызды өзгерістер енді.

Жеңіске жеткен «Қайрат» 41 ұпаймен қайтадан көш басына шықты. Ал 1-орында тұрған, бірақ 11-орындағы командадан ұтылып қалған «Ордабасы» төменірек ығысуға мәжбүр болды. «Атырау» «Елімайдан», «Қайсар» «Тұраннан» басым түсті. «Шахтер «мен «Қызылжар» тең ойнады.

*   *   *

«Ақтөбе» бұл турды Алматыда өткізді. «Астанамен» кездесті.

Самородов пен Оразовтың жоқтығына, әрине, үйреніп кеттік. Үйренбегенде де Максим мен Рамазанның таяу арада қайтып келетініне тіпті де сенімді емеспіз. Оның үстіне бұл ойынға Әлібек Қасым мен Бағдат Қайыров қатыса алмады. Төрешілер бұларға сыйлаған «сары қағаздар» көп болып кетіпті, төртеуге жетіпті. Сол себепті олар алаңға шыға алмады. Ал дәл ойын басталар сәтке 5 минут қалғанда Фредди Гондола өзінен өзі жарақат алып қалыпты да және алаңға шыға алмапты.

Ал алаңға шыққандар Максим мен Рамазан түгіл, Әлібек пен Бағдаттың, бәлкім, Фреддидің орнын толтыра алмады.

Толтыра алмайтындары ойынның басынан-ақ белгілі болды. Алғашқы минуттарда астаналықтар қатты қателесті. Қателескені соншалық, айналып келгенде доп біздің шабуылшымыз Дорни Ромероның аяғына келіп тиді. Қарсыластардың қақпасы ашық қалған болатын. Дорни не істеуі керек еді? Допты тебуі керек еді. Немесе тіпті артық күшенбей-ақ, қарсы алдына сырғыта салса да болатын. Жоқ, Дорни өйтпеді. Шірене келіп тепті. Тепкені бар болсын, доп торға түсудің орнына әуелеп ұшты да кетті. «Сақалды қолдан беру» деген осы.

Дәл осындай жайт көп ұзамай, 8-минутта «Ақтөбе» қақпасының алдында да орын алды. Шұғыл шабуылдан қорғанған ақтөбеліктер жанталаса қимылдады да, қарсы алдына келе қалған допты Богдан Вэтэжелу баспен кері серпіп жібермек болғанда, бармақ тістеп қалды. Доп астаналық Усман Камараның дәл алдына келіп іркілді. Ал Усман біздің Дорни тәрізді абыржып қалған жоқ, допты кеудесімен қағып алды да, кідірместен дәл соққы жасады, Игорь Шацкий ауа қармап қала берді — 1:0.

Бұл соңғы гол емес еді. 17-минутта астаналықтар есепті еселеді. Олар тағы да қарсы шабуыл бастап, біздің айып алаңымызда ойнақ салды. Доп қорғаныста жүрген баяғы Вэтэжелудің ту сыртына тиіп әлсірей ұшып барып Назми Гришпидің алдына келе қалды. Назми шапшаң қимылдады, еңірете соққы жасады. Бұл жолы да Игорь Шацкий дәрменсіз болып қалды. Доп жібек торды және бір желпілдетті — 2:0.

Бұдан соң жерлестеріміздің ұнжырғасы түсіп кетті. Әрине, шабуылдауға тырысты, Йосип Чондрич қорғаған қақпаны нысанаға алуға тырысты. Бірақ дәлдеп соққы жасаудың ебін таппай шаршады. Алматы стадионына жиналған соншама мол ақтөбелік жанкүйерлер айқай-сүрен салып, дем беруге тырысып-ақ бақты. Бірақ біздің жігіттердің алға басқан аяқтары кері кете берді.

Екінші таймда да жерлестеріміз ойынға жаңаша өрнек енгізе алмады. Рас, 50-ші минутта Уче Агбо әуелей ұшып келген допты баспен соғып допты қарсыластар қақпасына енгізіп жіберді. Бірақ гол есептелген жоқ, офсайд болғаны жай көзге де анық көрініп тұрды. Ал біздің команданың қуат-жігерін ұштай түсетіндей, алаңдағы шабуылды реттеп отыратындай ешкім жоқ еді. Дмитрий Бессмертныйдың орнына шыққан Хосе Севальос та, Ыдырыс Умаевты алмастырған Амаду Думбия да мұндай рөлді атқара алмады. Жалпы «Ақтөбенің» құрамында расымен де жақсы футболшылар болғанымен, жан қысылған кезде командаға тың леп әкеле алатындай ойыншылар жоқтығы осы кездесуде және бір байқалып қалды. Нақты нысанаға бағытталмаған адасқақ соққылар, адресіне жете алмай (жеткізе алмай) қала беретін пастар, әйтеуір қарсыластар жүрген маңайға тастай салатын доптар «Астананы» абыржыта алмады. Оның үстіне екі гол салып алған соң олар қорғанысты жаңа ойыншылармен күшейте түсті. Сөйтіп, қақпаларының кілтін берік ұстады.

3 дәл соққы жасаған «Астана» оның екеуін голға айналдырса, біздің жігіттер нәтижесіз 1 ғана дәл соққы жасады.

Осылайша «Ақтөбе» жеңіліске ұшырады.

Ең өкініштісі, Алматының стадионын гуілдеткен соншама көп жанкүйерлердің ықыласы желге ұшқандай болды. Ойынның негізгі уақытына төреші қосқан 5 минут та бізге пайдасыз қалпында зырлап өте шықты.

«Астана»-«Ақтөбе» — 2:0

Гол авторлары: Усман Камара, 8-минут (1:0); Назми Грипши, 17-минут (2:0).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Ян Вороговский, 26-минут «(Астана»), Леонел Струмия, 59-минут, Дорни Ромеро, 95-минут.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Игорь Шацкий (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Габи Кики, Әділхан Таңжарықов, Дмитрий Бессмертный (Хосе Севальос, 46-минут), Леонел Струмия, Уче Агбо, Арман Кеңесов (Матео Барач, 82-минут), Жан Жайро, Ыдырыс Умаев (Амаду Думбия, 65-минут), Дорни Ромеро.

Бас бапкер: Игорь Леонов.

27 қазан 2024 жыл. Алматы қаласы, Орталық стадион.

*   *   *

Басқа кездесулер

«Жетісу»-«Қайрат» — 1:2

«Ордабасы»-«Жеңіс» — 1:2

«Тұран»-«Қайсар» — 0:1

«Шахтер»-«Қызылжар» — 1:1

«Атырау»-«Елімай» — 1:0

*   *   *

Чемпионат басталғалы командалар 143 кездесу өткізіп, қақпаларға 330 гол соғылды. Орта есеппен әр кездесуде 2,31 гол соғылды.

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 6 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 5;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 4;

Дорни Ромеро, жартылай қорғаушы — 3;

Жан Жайро, жартылай қорғаушы — 3,

Габи Кики, қорғаушы — 2;

Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 2,

Хосе Севальос, жартылай қорғаушы — 2;

Фредди Гондола, шабуылшы — 2;

Әділхан Таңжарықов, қорғаушы — 1;

Матео Барач, қорғаушы — 1;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы — 1;

Богдан Вэтэжелу, қорғаушы — 1;

Арман Кеңесов, қорғаушы — 1.

*   *   *

Жерлестеріміз 22 кездесу өткізіп, 10 рет жеңді, 7 рет тең ойнады, 5 рет жеңілді. Ұпай саны — 37. Доп айырмашылығы — 34-25.

*   *   *

23-турдан соң турнир кестесінде төмендегідей жағдай қалыптасты:

  1. «Қайрат» (Алматы) — 41 ұпай;
  2. «Астана» (Астана) — 40 ұпай;
  3. «Ордабасы» (Шымкент) — 39 ұпай;
  4. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 37 ұпай;
  5. «Елімай» (Семей) — 37 ұпай;
  6. «Тобыл» (Қостанай) — 36 ұпай;
  7. «Атырау» (Атырау) — 32 ұпай;
  8. «Қайсар» (Қызылорда) — 31 ұпай;
  9. «Қызылжар» (Петропавл) — 23 ұпай;
  10. «Жетісу» (Талдықорған) — 23 ұпай;
  11. «Жеңіс» (Астана) — 23 ұпай;
  12. «Тұран» (Түркістан) — 19 ұпай;
  13. «Шахтер» (Қарағанды) — 10 ұпай.

*   *   *

Биылғы чемпион соңғы ойындарда анықталады деген болжам расқа шыққалы тұрған сияқты. Жаз бойы ерекше көзге түсе алмаған «Қайрат» пен «Астана», міне, көш басында тұр. «Астананың» басқаларға қарағанда запаста және бір ойыны бар.

Осы үш кездесуде елордалықтар 9 ұпай жинай ала ма? Тіпті сол 9 ұпай оларға қажет бола ма?

Өйткені келесі турдағы «Қайрат» пен «Ордабасының» кездесуі бұл мәселені біржола анықтауға мүмкіндік беруі ғажап емес.

Соңғы үш турда да жеңіліп қалған «Елімай» чемпиондықтан дәметпейтіні түсінікті.

Ал чемпионат соңында фавориттердің сапына ентелей жетіп келген «Тобылдың» бір қаупі — келесі турда өтетін «Астанамен» кездесуі. Өз алаңында ойнайтындықтан «Тобылдың» мүмкіндігі басым көрінуі мүмкін. Бірақ соңғы тоғыз кездесуде бір рет қана тең ойнап, қалған кездесулерде жеңіске жеткен «Астананы» тоқтату «Тобылға» оңайға түспейтіні анық.

Ал өзімізге келсек, келесі турда Қарағандыда «Шахтермен» кездесуде және өз алаңымызда «Тұранмен» ойында 6 ұпай жинасақ, бәлкім, алғашқы үштікке ілініп қалуымыз мүмкін. Онда да қалған бәсекелестеріміз ұтылып жатса ғана…

*   *   *

25-тур ойындары:

2 қараша, сенбі

«Қызылжар» — «Қайсар»

«Қайрат» — «Ордабасы»

3 қараша, жексенбі

«ШАХТЕР» — «АҚТӨБЕ»

«Тобыл» — «Астана»

«Тұран» — «Жеңіс»

«Жетісу» — «Атырау»

Бір айта кетер жайт, бұл кездесулер бұрынғыдан ертерек, 14.00-де және 16.00-де басталады.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button