Еліміздің басты мерекесінде…
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізіміне өзгерістер енгізіліп, 25 қазан — Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылғаны белгілі. Сол жылы ел Президенті: «Жыл сайын бұл күнді еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек» — деген болатын.
Соңғы 3 жылда жаңа мәртебеге ие болған атаулы күн Ақтөбеде де ескерусіз қалған жоқ. Тарихқа көз жүгіртсек, оған дейін де егемендік туралы декларация қабылданған күнде әртүрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылған.
Өткен жылдарға сәл шегініс жасап, ұлттық мерекенің өңірде қалай ұлықталғанын бағамдап көрсек…
13 жылдан кейін оралған мереке
Әлқисса… Еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы жасалған уақыт — декларация қабылданған күн атаусыз қалмай, сол 1990 жылы-ақ облыстық газет бетінде Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның толық мәтіні жарияланды. Жер-жерде осы қуанышқа байланысты жиын-басқосулар өтті. Ал Республика күні Ақтөбеде алғаш рет 1991 жылдың қазан айының басында тойланды. Соның құрметіне Орталық стадионда ойын-сауық кештері ұйымдастырылып, спортшылар өзара күш сынасты. Әйткенмен, мерекені өз деңгейінде тойлау тек 2001 жылы басталды. Өйткені сол мезгілде ғана бұл күн ресми түрде мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Нақтырақ айтсақ, 25 қазан — Республика күні 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 жарлыққа сәйкес мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Содан бұл күн 2009 жылға дейін елімізде жыл сайын атап өтілді. Соңғы аталған датада Заңға өзгерістер енгізіліп, 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілгендіктен, Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды.
Арада 13 жыл өткенде, жоғарыда жазғанымыздай, ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізімінде өзгерістер болып, Республика күні жаңаша сипатта тойлана бастады.
Сонымен, соңғы 3 жылда атаулы күнге орайластырылған айшықты шараларға тоқталсақ.
2022 жыл: жаңа орталық пен инфрақұрылым игілігі
Ырғыз ауданына қарасты Аманкөл ауылдық округі Құтикөл ауылында газ қосылды. Атқарушы билік өкілдері елді мекенге көгілдір отынның келуі ел игілігіне жасалып жатқан жұмыстардың жемісі екенін, алдағы уақытта жол да салынатынын атап өтті.
Салтанатты рәсімде газ кранын ауыл ақсақалдары Түбітбай Жарқынбаев пен Әбдісапар Бекназар ашып, жиналғандарға ақ батасын берді.
Құтикөл ауылына газ тарту жұмыстары жыл басында басталды. Жалпы құны 907 млн теңге тұратын жобаны мердігер ұйым «StroyGazCompany» ЖШС жүзеге асырды.
Ауылға дейінгі құбырдың ұзындығы 27 шақырым болса, ауылішілік құбырдың ұзындығы — 9,7 шақырым.
—Қазіргі таңда ауылымызда 174 түтін бар. Елді мекен ауызсумен қамтылған, енді көгілдір отын да келіп отыр. Биыл аудан орталығы мен ауыл арасындағы жолдың құрылысы да басталды. Бұл мақсатқа бюджеттен 532 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ биыл «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында амбулатория да күрделі жөндеуден өтті, — деді ауыл әкімі.
Ал Қарғалы ауданы Бадамша ауылдық округінде белсенді өмір сүру орталығы ашылды. Республика күні қарсаңында қарттар үшін бұл үлкен сый болды.
Орталықтың ашылуына қатысқан аудан басшылығы ауыл қарттарының денсаулығын нығайтуға бағытталған жобаларға мемлекет тарапынан қолдау болатынын айтты.
Әлеуметтік жобаның авторы — 25 жастағы жас кәсіпкер, «Жас кен» жеке қорының директоры Арыстан Мұқан. Бұл жер тек ауыл қарттарының басын қосып қана қоймай, денсаулығының нығаюына сеп болады.
— Ауыл қариялары бұл орталықта дойбы, шахмат пен тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырып, бос уақытын тиімді өткізе алады. Дәрігерлік көмек алып, түрлі іс-шараларға да қатысады. Алдағы уақытта осы секілді демалыс орталықтарының санын арттыру жоспарымызда бар, — деді жоба авторы.
Ауданда бастау алған орталықта әзірге 20-30 адам жаңа жобаның игілін көріп, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алып отыр.
2023 жыл: қоныстой мен көптен күткен қуаныш
Былтыр Республика күні қарсаңында Есет батыр шағын ауданында 15 отбасының қоныстойы болды. Ақтөбе қаласында кезекте тұрған әлеуметтік осал тобы санатындағы адамдарға 9 қабатты үйден пәтер кілті берілді. Салтанатты іс-шарада Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет:
— Қаламызда соңғы 3 жылда кезек ретімен 210 пәтер берілген болатын. Оның ішінде кезекте тұрған көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар, толық емес отбасылар қамтылды. Өздеріңіз көріп тұрған 9 қабатты, 265 пәтерлі үй — жақсы жаңалықтың бастауы. Есет батыр алабында бұдан өзге де бірнеше үй салынып жатыр. Құрылысты келесі жылы да жалғастыратын боламыз.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қоныс құтты болсын! Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! — деп тілегін айтты.
Баспаналы болғандардың арасында 20 жастағы Керей Мусин де бар. Жас отбасының иесі қуанышы туралы: «Әке-шешесі жоқ жас ретінде тізімде тұрғанмын. Бүгін, міне, жалдамалы (арендалық) пәтерге қолым жетіп жатыр. Бір бөлмелі пәтерде келіншегім екеуміз тұратын боламыз. Өзім көлік жүргізуші боп жұмыс істеймін», — деді.
Жаңа қонысқа ие болғандардың құрметіне жерлес өнерпаздар шағын концерттік бағдарлама ұсынып, артынша атқарушы билік өкілдері үйдің іші-сыртын аралап көрді.
Сондай-ақ 25 қазандағы мереке қарсаңында Қарғалы ауданы Әлімбет ауылына көгілдір отын берілді. Аудан әкімі: «Әлімбет ауылын газдандыру жұмыстарына 1,2 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталды. Аудандық газ шаруашылығы мекемесі газ құбырларына зерттеу жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша Әлімбет ауылы жаңа газ құбырын іске қосуға рұқсат алды. Келер жылы Қарғалы ауданын толық газдандыру көзделіп отыр», — деген еді.
Мұндай қуанышқа Мәртөк ауданындағы Қаратаусай мен Байторысай ауылдарының тұрғындары да кенелді.
Қаратаусай және Байторысай ауылдарына тартылатын газ құбырын салу жобасының жалпы құны — 2,3 миллиард теңге. Елді мекендерді газдандыру жобасын іске асыру басталғалы 38,9 шақырым газ құбыры желісі салынды.
Сол уақытта Қаратаусай ауылында «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағдарламасы» аясында балалар ойын алаңы ашылып, «Бірлік» саябағы жарықтандырылғанын еске сала кетейік.
Ұлық мерекеге орай Ойыл ауданының Екпетал ауылына да газ жетті. Бұл — 40-тың үстінде түтіні бар шағын ауыл тұрғындарының ұзақ уақыттан бергі тілегі.
Биыл: жақсы істің жалғасы
Республика күні қарсаңында биыл да игілікті істер атқарылып жатыр. Бірер күнде Ақтөбе қаласында аутизмі және басқа да ой-сана кінәраттары бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Нысанды облыс әкімдігі «Самұрық-Қазына», «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларының өкілдерімен бірлесе іске қосты. «Міне, ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында менталды бұзушылықтары бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік мекеме ашып отырмыз. Облыста 18 жасқа дейінгі менталды бұзушылықтары бар 635 мүгедек бала есепте тұр. Осы орталықтың мамандары балалар мен олардың отбасыларына нәтижелі көмек алуға жағдай жасайды. Жыл сайын 50-ден 100 балаға дейін кешенді қызметтер көрсетіледі», — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Бұдан бөлек, таяуда ғана Мұғалжар ауданы Жарық ауылына, Темір ауданының Алтықарасу және Еңбекші ауылдарына газ берілді.
Ал Мұғалжар ауданының Талдысай ауылында 100 орындық, Алтынды ауылында 60 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді.
Дәл мереке күні де жақсы істің жалғасы болады деп күтілуде…
Ұлық мереке — Республика күні құтты болсын!
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.