Өзендерде су деңгейі төмендеді

24 наурыздағы жағдай бойынша облыс аумағында тұрғын үйлер мен саяжайларды су басу деректері тіркелген жоқ. Су тасқынына қатысты ахуал облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысында қаралды.
Аймақ басшысы өзендерге мониторинг жүргізуді жалғастыруды және жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.
Штаб отырысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов су тасқыны жағдайы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста үйлерді су басу дерегі тіркелмеген. Қала мен аудандарда су сору, қорғаныс бөгеттерін тұрғызу, инертті материалдарды әзірлеу және құм салынған қаптарды төсеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін елдімекендерден 971 мың текше метр қар шығарылып, 121 шақырым арық пен 65 шақырым су бұру арналары тазартылды. Алдын алу шараларын жүргізу мақсатында Ойыл, Ырғыз, Хромтау және Әйтеке би аудандарына әскери бөлімдер мен арнайы техника жұмылдырылды. Жұмыстардың аяқталуына байланысты Әйтеке би және Хромтау аудандарындағы әскери қызметшілер кері қайтарылуда.
«Қазгидромет» мәліметінше, өңірдегі су айдындарында су деңгейі төмендеуде.
— Соңғы тәулікте Ойыл ауданындағы Ойыл өзенінің су деңгейі бірқалыпты. Алдағы тәулікте оның төмендеуі күтілуде. Ырғыз өзеніндегі су деңгейі небәрі 10 сантиметрге көтерілді. Қостанай облысындағы жоғары ағыстар да төмендей бастағандықтан, қазіргі жағдайда Торғай өзенінен айтарлықтай су келуі екіталай. Алдағы 5-6 күнде шағын ағын болуы мүмкін, бірақ су деңгейінің айтарлықтай көтерілуі болжанбайды,— деді «Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Айгүл Саимова.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі су тасқыны жағдайының мониторингін жалғастыруды, су деңгейінің өзгеруіне жедел ден қоюды және елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін барлық қажетті іс-шараларды қабылдауды тапсырды.
—Су тасқыны жағдайы тұрақты бақылауда болуы керек. Барлық өзгерістер жедел тіркеліп, тиісті шешімдер қабылдануға тиіс. Тек жағдайға жауап беріп қана қоймай, шұғыл әрекет ету маңызды. Әр аудан нақты іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, қажетті күштер мен техникаларды кез келген уақытта қолдануға дайын болуы қажет. Ең бастысы — адамдардың қауіпсіздігін және олардың мүлкін қорғауды қамтамасыз ету,— деп тапсырды аймақ басшысы.
Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.