Есепті кештегі есті әндер
Өнер
Қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйі өнерпаздарының «Өнерлі ордам — Ақтөбем!» атты жылдық есеп беру кеші өтті.
Қалалық мәдениет үйінде өткен іс-шараның шымылдығын халықтық «Қазына» ансамблі Құрманғазының «Адай» күйімен ашып берді. Бұдан әрі көрермен «Қазынаның» сүйемелдеуімен «Әжелер» вокалдық тобының орындауындағы халық әні «Жанай керімді», «Шаттық» вокалдық, «Шаңырақ» отбасылық топтары өнерпаздары орындауындағыескі де есті әндерді тыңдады.
Қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінің«Көркемсөз» үйірмесінің ең кішкентай қатысушысы Дидар Төлтаев Ақтөбе қаласының 155 жылдығына орай арнау оқып, тыңдарманды сүйсіндірді.
Ұйымдастырушылар есеп беру кешінде көрерменді де қызықты ойындарға тартты. Соның бірі — Ақтөбе қаласының көшелері мен шағын аудандарын табу үшін үлкен экраннан сурет құрастыру керек болды. Көрермендер ойынға белсенді қатысты.
Қазіргі таңда қалалық қазақ зағиптар қоғамы мәдениет үйінде 64 қатысушыдан тұратын 6 үйірме жұмыс істейді. Олар — «Белая ладья», «Шаңырақ» отбасылық клубы, «Шаттық» вокалдық тобы,«Қазына» ансамблі, «Әжелер» тобы мен «Актерлік шеберлік» үйірмелері.
Есепті іс-шараны өнер ұжымдары «Мәңгілік ел» әнімен аяқтады. Кеш соңында Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлжайна Бисенғалиева өнер ұжымдарының жоғары дайындықпен келгенін айтып, оларға шығармашылық табыс тіледі.
Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.