Басты жаңалықтарМереке

Республика күні қарсаңында ақтөбеліктер мемлекеттік наградалармен марапатталды

Ел Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін бірқатар ақтөбелік мемлекеттік наградаларға ие болды.

Өнер орталығында өткен салтанатты шарада облыс әкімі Асхат Шахаров баршаны Республика күнімен құттықтап, ордендер мен медальдарды табыстады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы деп маңыздылығын атап өтті. Бұл күн – тек мереке ғана емес, сонымен қатар Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңді айшықтайтын ұлттық бірліктің көрінісі. Бүгінгі күні мемлекетіміз дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, әлемдік қауымдастықта лайықты орынға ие болды. Ең бастысы – халқымыз тәуелсіздік алғаннан бері тыныштық пен тұрақтылықта бейбіт күн кешіп келеді.  

Ұлт болып ұйысып, ынтымағы жарасқан ел болғаннан  бері Ақтөбе жұртшылығы талай ауқымды игі істерді тындырып, елімізді нығайтуға елеулі үлес қосуда. Су тасқыны салдарын еңсеру, күні кеше ғана өткен Референдумда да ел болашағын тереңнен ойлаған қауым бірлік пен сенімнің үлгісін көрсетті. Осы жетістіктердің барлығы – мемлекеттің саясатына деген әрбір ақтөбеліктің сенімімен келді. Отанға деген сүйіспеншілік ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтар әрдайым құрметке лайық», – деп атап өтті облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Марапатталғандардың арасында еңбек ардагерлері, кәсіпорын қызметкерлері, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салаларының өкілдері және басқалар бар.

         «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы әнші Мирас Бекжановқа берілсе, Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының бастығы Тимур Еспағанбетов, «Парасат» орденімен еңбек ардагері Қуан Қамалхан наградталды. Бірқатар ақтөбелік азамат «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен марапатталды.

Айтып өтейік күні кеше, Республика күні қарсаңында Ақордада өткен салтанатты жиында ел Президенті  ұлтаралық бейбітшіліктің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін «Ел бірлігі» орденін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты «Динар-Электромаш» ЖШС тең құрылтайшысы С.Вишнякті және «Ерлігі үшін» медалімен Ақтөбе қаласының полиция инспекторы Ф.Нұрмановты наградтады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button