Референдум

Маңызы зор күн

Бүгін — еліміз үшін маңызды күн. Аталған шараға бадамшалықтар да өз үлесін қосып жатыр. Қазіргі таңда аудандағы сайлау учаскесінің жалпы саны — 16. Оның 4-еуі — аудан орталығы Бадамша ауылында, ал қалғандары ауылдық округтерде орналасқан.
Еліміздің болашағы үшін таңмен таласа аудан орталығында орналасқан №240 сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп жатқан тұрғындардың қарасы көп. Сайлау учаскесі Қарғалы аудандық Мәдениет үйінде орналасқан. Аталған сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Айнагүл Мамбетованың айтуынша, бұл учаскеге 974 сайлаушы тіркелген. Таңертең 100-ден астам сайлаушы келіп, өз таңдауларын жасаған. Денсаулығына байланысты 23 адам үйден дауыс береді.
Сайлау учаскесінде ең бірінші болып дауыс бергендердің бірі — ауыл ақсақалы, зейнеткер Буран Кульманов.
— Бүгінгі саяси науқанға ең алдымен азаматтық борышымды өтеу үшін келдім. Біздің дауыс беруіміз арқылы еліміздің болашағы шешілмек, — дейді ақсақал.
26 жылдан бері саяси науқандардан қалыс қалмайтын Жангелді Беристенов осы жолы да өз таңдауын жасады:
— Мен 1998 жылы жұмыс барысымен Әйтеке би ауданынан Бадамша ауылына көшіп келдім. Қазір отбасымызбен осында тұрамыз. Балаларымыз осы жерде білім алып, еңбек етіп жатыр. Ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін өз таңдауымды жасадым, — дейді ол.
Дауыс беруге қатысқан ауыл тұрғыны Евгения Хорольская референдум арқылы ел экономикасын жақсартуға бағытталған межелі істер орындалады деп санайды.
— Дауыс беруге алғашқылардың бірі болып келдім. Біз еліміздің жарқын болашағына сенеміз. Сол үшін бұл сайлаудан қалмай, дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым, — дейді зейнеткер.
Ауылдағы үлкендер жағы өте белсенді. Солардың арасында жасы ең үлкен ауыл тұрғыны, 87 жастағы ақ жаулықты әже Роза Абдрашитова да бар. Ол №240 сайлау учаскесіне өзі келіп, таңдауын жасап, комиссия мүшелері мен сайлау байқаушыларына ақ батасын берді.
Жексенбі күні болса да таңсәріден-ақ ауыл тұрғындарының белсенділігін көруге болады. №240 сайлау учаскесінің ауласында патриоттық әндер шырқалып, асық атудан ұлттық ойын ұйымдастырылды. Сондай-ақ жергілікті ауыл кәсіпкерлерінің жәрмеңкесі де өтіп жатыр. Ел болашағы үшін дауыс берген тұрғындар өз таңдауыларын жасап, жәрмеңкеден жеміс-жидектер мен көкөністер алып қайтты.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА,
Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button