Референдумда дауыс беру — азаматтық міндетіміз
Облыстық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Мейірханұлы №556 учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.
— Аймақта 569 845 сайлаушы бар. Оның 8106-сы – алғаш дауыс берушілер. Олар 530 учаскеде дауыс береді. Өңірде 2557 байқаушы референдумның әділ өтуін бақылап отыр. Кешкі сағат 16.00-ге дейінгі көрсеткіш бойынша тұрғындардың 68,4 пайызы өз таңдауларын жасады. Емдеу мекемелері, тергеу изоляторлары, әскери бөлімдер сияқты 14 жабық учаскеде түскі сағат 14.00-ге дейін дауыс беру аяқталды. Дауыс берушілер саны екі сағат сайын жаңарып отырады. Референдумға дауыс берушілер үшін учаскелерде барлық жағдай жасалған, оның ішінде пандустармен, тактильді көрсеткіштермен жабдықталған. Көру қабілеті нашар адамдар брайль қарпімен оқу арқылы дауыс бере алады. Сондай-ақ облыста тіркелген 3434 мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін 115 инватакси қарастырылған, — дейді облыстық референдум комиссиясының төрағасы.
№556 учаске төрағасы Әліби Тұрсынғалиұлының айтуынша, бүгінгі референдум ел дамуына, жаңа бастамалардың жүзеге асуына бастау болады.
— Учаскеде 2400-ден астам дауыс беруші тіркелген. Денсаулық жағдайына байланысты 3 адам үйден дауыс береді. Тұрғындардың дауыс беру қатысымы жоғары деңгейде. Сондай-ақ біздің учаскеге тіркелген 3 адам бірінші рет дауыс береді. Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары дауыс беру үшін сол елдегі Қазақстанның елшілігіне жүгінуі керек. Учаскелердің мекен-жайларын ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайтынан табуға болады. Өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болуы қажет. Қазақстан Республикасының кез келген 18 жасқа толған азаматы дауыс беруге құқылы. Егер тізімде жоқ болсаңыз, 109 номерлі колл орталыққа хабарласу керек. Сондай-ақ әр өңірдің қосымша хабарласу номерлері де көрсетіледі, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.