Референдум

Үйден дауыс берді

Алға қаласындағы 159-референдум учаскесінде 45 азамат үйден дауыс берді.
Учаскелік комиссия мүшелері олардың үйіне екі топ болып барды. Комиссия мүшелері Арманбек Сарбөпин мен Мағрипа Әділова дауыс беру жәшігіне қоса, 23 бюллетень мен тіркеу журналын алып, жолға шықты. Бізге де олармен бірге жүруге мүмкіндік берілді. Алдымен 70 жастағы Анатолий Хакимовтің үйіне бардық. Жүріп-тұруы қиын болғандықтан, ол комиссияға өз таңдауын білдіру үшін дауыс беру жәшігін үйге жеткізу жөнінде өтініш жолдапты.
70 жастағы қария дауыс беру парағын қолға ала отырып, атом электр стансасын салудың тиімді-тиімсіз тұстары туралы сұраумен болды. Бірақ комиссия мүшелері оған өздеріне ешқандай үгіт-насихат жүргізуге болмайтынын айтумен шектелді.
Комиссия мүшелерінің айтуынша, тек қарт кісілер немесе мүгедектігі бар жандар ғана емес, аяқ астынан жарақат алған кез келген адам үйден дауыс беру үшін өтініш жасай алады.
— Әдетте біз үйлерді аралағанда жүріп-тұруға денсаулық жағдайы келмейтін адамдар туралы деректер де жинаймыз. Нақты себебі бар болса кез келген адам үйден дауыс беру жөнінде арыз жаза алады, — деп түсіндірді Арманбек Сарбөпин.
Үйден дауыс беретін азаматтарға шыққан екі топқа да полиция қызметкерлері қосылды. Бұл — тәртіп сақшыларына жүктелген міндет. Кездескен қиын жағдайлардың бірі қариялардың Үкімет порталын, цифрлық құжаттарды пайдалана алмауымен байланысты болды. Кейбірі түпнұсқа құжатты дайындап отырмай, қайда қойғанын ұмытып қалып, әбігерге түсті. Мұндай жағдайда комиссия мүшелеріне сабырмен күтуге немесе өтініш бойынша қайта айналып соғуға тура келді. Өйткені бұл орайда басты міндет — әр адамның конституциялық құқығын ескеріп, дауыс беруіне мемлекет тарапынан жағдай жасау.

Асхат ҚАЛЖАНОВ,
Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button