Президент мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты. Сонымен қатар еліміздегі оқу-ағарту саласын дамыту жолында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
«Менің тапсырмаммен «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім саласындағы үздік мамандарды, яғни нағыз көшбасшыларды іріктеу жобасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
Қазірдің өзінде аталған жобаға қатысқан 134 педагог мектеп директоры болып тағайындалған. Бұдан бөлек, Президент білім сапасын арттыру, балаларды үйлесімді және жан-жақты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған жүйелі шараларға назар аударды.
Іс-шарада Қостанай қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі Ағыбай Нұғыманов, Ақтөбе қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы №23 орта мектеп-лицейінің мұғалімі Наталья Пеннер сөз сөйледі
Жиын соңында Мемлекет басшысы білім беру ісіндегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды.