Мереке

Мерекедегі мерейлі сәт

Қарттар күні

Халықаралық қарттар күнінде Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет еңбек ардагерлерін құттықтады.

Қала әкімі әуелі қаланың Алтын Орда шағын ауданының тұрғыны, еңбек ардагері Құбайдолла Бітіковтің үйіне барды. Әкесі шопан болған Құбайдолла Бітіковтің өзі де Қобда, бұрынғы Қарабұтақ, Ырғыз аудандарында ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Ол — Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін», «Тыңға 50 жыл» медальдарының иегері. Кездесу барысында ақсақал өмірі мен еңбек жолы туралы өнегелі әңгімесімен бөлісті. Жасы 86-ға келген Құбайдолла ақсақал мен оның өмірлік серігі Мәншүк Ыбырайқызы екеуі алты бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олар —30 немеренің сүйікті ата-әжесі.

«Қарты бар елдің — қазынасы бар» деп қазақ бекер айтпаған. Сіздердің еңбек жолдарыңыз, өмірлік тәжірибелеріңіз — біз үшін өнеге. Отбасы құндылығын, ата-анаға, үлкенге деген құрметті жас ұрпаққа сіздер арқылы насихаттаймыз, — деп мерекемен құттықтаған Азамат Бекет қарияларға денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Бұл күні шаһар басшысы «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауының жеңімпазы Нұрбаевтар отбасына да барды. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған қарапайым еңбек ардагерлері Қыдырбай мен Лиза Нұрбаевтардың шаңырақ көтергеніне биыл 50 жыл толды. Қарияларды құттықтауға қала әкімімен бірге Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин мен Алматы ауданы әкімдігінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеткерген Қабыл да барды.

Мұғалжар ауданының бұрынғы Родник, қазіргі Егіндібұлақ селолық округінде қырық жыл мал дәрігері болған Қыдырбай Нұрбаев пен оның зайыбы, ауруханада  аспаз болған Лиза Нәкенқызы төрт бала тәрбиелеп өсірді. Биыл бұл отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының республикалық кезеңінің лауреаты атанып, Астана қаласында өткен салтанатты шарада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан арнайы диплом мен сертификатқа ие болды.

Қос қария қазір ұл-қыздарынан тараған 12 немере-жиеннің тәрбиесімен айналысып отыр.

Кездесу барысында әулет иесі Қыдырбай ақсақал атаулы күні ізет көрсетіп, арнайы құттықтап келген қала әкіміне алғысын білдірді.

Жастар — еліміздің болашағы. Сондықтан қандай маңызды іс-шаралар болса да, жастардың араласып, қалыс қалмағанын қалаймын. Алдағы өтетін референдумға бару — баршамыздың азаматтық парызымыз. Саяси науқанға бір кісідей атсалысқанымыз дұрыс, — деген Қыдырбай Нұрбаев өзінің өмір жолында мұндай іс-шаралардан бір рет те қалып көрмегенін айтты. Отағасы 6 қазанда өтетін референдумға отбасы мүшелерімен түгел барып, өз таңдауын жасайтынын жеткізді.

Қала әкімі Азамат Бекет мерейлі отбасының өнегесін жастарға үлгі ету керектігін айтып, қарияларға денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Бүгінде Ақтөбе қаласында 56 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Жасы 100-ден асқан 4 қария бар. Егде жастағы адамдардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін 10 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Биыл 1 сәуірден бастап ақтөбелік зейнеткерлер үшін қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік жасалды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button