Спорт

Боччадан өткен алғашқы жарыс

Турнир

Ақтөбеде Қазақстан бочча Федерациясының ұйымдастыруымен «бочча» паралимпиадалық спорт түрінен инклюзивті турнир өтті.

Іс-шара инклюзивті қоғамды дамытуға және ерекше қажеттілігі бар жас спортшылар арасында белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Турнирге облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, Қазақстан бочча Федерациясының вице-президенті Назым Жанғазинова, аталған Федерацияның бас хатшысы Нұргүл Улжекова, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес және коммерциялық ұйымдардың өкілдері, студенттер қатысты.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Шыңғыс Шоқпытов биыл мүгедектігі бар спортшыларға арналған спорт клубында «бочча» бөлімі ашылатынын атап өтті.

Турнирде 30 қатысушы, оның ішінде мүгедектігі бар балалар мен ересектер бақ сынасты.

Қазақстан Бочча федерациясының демеушісі «ERG Komek» корпоративтік қорының қолдауымен облыстағы ерекше қажеттілігі бар спортшыларға арналған спорт клубына бочча доптарының екі жиынтығы және бочча ойнауға арналған арнайы рампа берілді.

Айта кету керек, бұл іс-шара «ERG Komek» корпоративтік қоры қолдауының арқасында паралимпиада спортының бочча түрін дамыту жобасы аясында өтті.

Бочча мүгедектігі бар адамдарды интеграциялаудың, олардың әлеуметтік және физикалық белсенділігін арттырудың, сондай-ақ инклюзивті ортаны құруға ықпал етудің маңызды құралына айналуда.Бочча — доппен ойнайтын спорттық ойын. Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар қатысады. Аталған сайыс түрі 1984 жылы Паралимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілген. Қазақстанда алғаш рет 2018 жылы негізі қаланып, қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда бұл спорт түрі мүгедектігі бар азаматтардың, әсіресе балалар мен жастардың арасында үлкен қызығушылыққа ие.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button