Шағын және орта бизнес: 84 мың кәсіпкердің тынысы

«…Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады…».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлік саласына басымдық беріп, қолдау көрсетілуге тиіс екенін айтты. Сол үшін ел Үкіметінің алдына нақты тапсырма жүктеді. Ол — 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізу.
Бүгінде аймақта жұмыс істеп тұрған 84 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісінің облыс экономикасын дамытудағы үлесі қандай? Кәсіпкерлік саласын қолдауда Жолдау жүктеген тапсырмалар облыста қалай жүзеге асырылып жатыр? Сонымен…
Жолдау — бизнесті дамытудың жаңа серпіні
— Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталды. Соның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау шараларын арттыру жайы айтылды. Жолдау — бизнесті дамытудың жаңа серпіні. Себебі жыл сайынғы Жолдауда кәсіпкерліктің, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше басымдық беріледі. Президентіміздің биылғы Жолдауында да бұл саланы қолдау үшін Үкіметке нақты тапсырмалар жүктелді. Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеудің маңыздылығы жайында Жолдаудың нақты бағыттарына тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл — Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш — 7 пайыз шамасында, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.
1367 жоба және мемлекеттік қолдау
Бизнесті реттеудің тиімді тетіктерінің бірі — мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржылық қолдауға ие болу.
— Биыл облысқа шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекеттік қордан 14,7 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 11,2 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлінсе, қалғаны жергілікті қазынадан қарастырылды. Аймақта шағын және орта бизнес субъектілерінің мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы үшін мұндай мүмкіндіктерді кәсіпкерлерге насихаттау іс-шаралары тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1367 жоба мемлекеттен қолдау тапты. Мұның 32-пайызы — аудандарға тиесілі, — дейді басқарма басшысы.
Облыста мемлекеттік қолдауға ие болған жобалардың 844-і субсидия мәселесіне қатысты болса, 510 жоба — кепілдендіру бойынша, ал 13 жоба инфрақұрылым жүргізу ісіне байланысты қолдау тапқан.
Нақты тапсырма, айқын міндет
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Жыл басында орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда іс жүзінде әлі дайын емес.Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек», — деді.
Енді елімізде ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімі әзірленетін болады.
— Біздің алдымызға осындай нақты тапсырма жүктеліп, міндет қойылды. Жоғарыда атап өткенімдей, бұған дейін де біз кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың тиімділігін жете түсіндіріп, насихатту жұмыстарын жан-жақты жүргізіп жатырмыз. Осы бағыттағы іс-шараларды күшейтіп, кәсіпкерліктің өңір экономикасын дамытудағы үлесін арттыруға күш салатын боламыз, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.
Бизнестің үлесі — 25,1 пайыз
Былтыр жыл басында шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытудың аймақтық бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Бұл бағдарлама Хромтау моноқаласының кәсіпкерлерін несиелендіруге бағытталған. Аймақтық бағдарлама облыстық бюджеттің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «Қазхром трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының аралас қаражаты есебінен қаржыландырылады. Бағдарламаның жалпы бюджеті — 2 миллиард теңге.
— Қазіргі таңда Хромтау моноқаласы бойынша несие құны 1,9 миллиард теңгеге 93 жоба мақұлданды.Осындай жұмыстардың нәтижесінде аймақта шағын және орта бизнесті дамытуда нақты нәтижелерге қол жеткізілді, — дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, қазір облыста 92,8 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, оның 84,2 мыңы ғана тұрақты жұмыс жасайды.
— Биыл қаңтар-наурыз айларындағы жағдай бойынша облыста шағын және орта бизнес саласында 170,6 мың адам жұмыспен қамтылды. Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 25,1 пайызға жетті, — дейді Алмас Салықбаев.
Қазір облыста әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша да бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы берген мәліметке сүйенсек, облыстың әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде 28 әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.
Әлеуметтік зерттеу және өзекті мәселелер
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңға сәйкес «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингі» әлеуметтік зерттеуі тұрақты негізде жүргізіледі.«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Дидар Боранқұловтың айтуынша, зерттеудің мақсаты —сауалнамалық және статистикалық мәліметтер негізінде ел аймақтарындағы бизнесті жүргізу жағдайларын талдау, салыстыру.
Биыл екінші тоқсандағы рейтинг қорытындысына сәйкес Ақтөбе өңірі шағын бизнеске қатысты сауалнамабойынша орташа республикалық деңгейден + 0,21 пайызға жоғары болып,төртінші орынды иеленді. Жалпы балл — 3,19. (Орташа республикалық балл —2,98). Ал орта бизнеске қатысты сауалнама бойынша Ақтөбе — 13-ші орында, жалпы балл — 2,83 (Орташа республикалық көрсеткіш — 3,25).
— Шағын бизнес өкілдері проблемаларды шешу, қолдау шараларын түсіндіру және мемлекеттік қызметтерді алуда, мәселелерді талқылауда атқарушы органдардың ашықтығын айтады. Сауалнамаға қатысқандардың 32,4 пайызыбизнес мәселелерін шешуде атқарушы органдар араласқанын айтып отыр. Шағын бизнес үшін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігі мен тиімділігіне оң баға берілді. Дегенмен мемлекеттік қолдау шараларын алуда салалар мен қызмет түрлері бойынша шектеулер, жеңілдікті қаржыландырудың шектеулі көлемі, сондай-ақ ережелер мен өлшемшарттардың өзгеру жиілігі басты кедергілер ретінде атап өтілді.Респонденттердің 46,2 пайызымемлекеттік қолдау шараларына сүйене отырып бизнестерін кеңейтіп, ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сауалнамаға қатысқан орта бизнес субъектілерінің 27,3 пайызыинвестициялар тарту мен инвестициялық жобаларды сүйемелдеуде атқарушы органдар жұмысына оң баға берді, — деді Дидар Боранқұлов.
Оның айтуынша, орта бизнесүшін несиелеудегі қиындықтар, жоғары пайыздар, салық жүктемесінің өсуі, кадрдаярлау және оның тапшылығы,сапасы, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің жоғары тарифтеріең өзекті мәселе ретінде атап өтілген.
Арайлым НҰРБАЕВА.



