Буллингті қалай жеңеміз?

«Біз бала құқықтарын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешуге тиіспіз. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, балалар арасындағы суицид пен буллингтің алдын алу үшін мемлекеттік бақылауды күшейтіп, тиімді тетіктерді қарастырған жөн»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа оқу жылында еліміз бойынша 110 мектепте буллингке қарсы КіVа бағдарламасы іске қосылды.
Бұл — әлемдік тәжірибеден алынған жоба. Атап айтқанда, Жапония, Ұлыбритания, Финляндия, т.б. елдерде осы бағдарлама қолданысқа енгізілген.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг әлемді шарпыған үлкен келеңсіздіктердің біріне айналып отыр. Алысқа бармай-ақ, өз облысымызда, өкінішке қарай, өткен оқу жылының соңына қарай Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында 8-сынып оқушысы аяқ астынан қайтыс болды. Бастапқыда оны халыққа «есінен танып қалып, кенеттен көз жұмды» деп түсіндіргенімен, кейіннен ата-анасы, куәгерлер оқушылар арасындағы әлімжеттік, ұрып-соғу салдарынан қайтыс болғанын айтып дабыл қаққан еді. Құқық қорғау органдары бұл істі тергеуге алып, одан әрі сотқа өткізді. Ал жаңа оқу жылы да осыған ұқсас қайғылы оқиғамен басталды: 2 қыркүйекте Темір ауданының Қопа ауылында бір топ бала 9-сынып оқушысын жабылып ұрып, оның соңы орны толмас өкінішпен аяқталды. Бір жасөспірім өліп, үш жасөспірім қамауға алынды. Еліміздің Бас прокуроры облыс прокуроры Халидулла Дәуешовке бұл істі өз бақылауына алуды тапсырды.
Жасөспірімдер неге осындай орны толмас өкінішке ұрынады?
Ең алдымен, кейбіреулердің мұндай оқиғалар тек біздің қоғамда және қазіргі уақытта көбейіп кетті деген пікірінің терістігін айтқымыз келеді. Мысалы, жақында ғана 100 жылдық тойы аталып өткен белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың«Балалық шаққа саяхат» шығармасын еске алыңыз. Көркем туынды болғанымен, бұл жазушының өз өмірінен алынған, керек десеңіз, кейіпкерлерінің аттары да еш өзгертілмей берілген повесть екенін әдебиет зерттеушілері сан рет жазған. ПовестеХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ауыл балаларының өмірісуреттеледі. Оқып отырсаңыз, осы шағын шығармада балалар арасындағы бірін-бірі қудалау, ең ащы сөздермен мазақтау, ізіне түсу, ұрып-соғу сынды оқиғалар көп. Бас кейіпкер Бердібек: «Басқаларды қайдам, ал менің қайда жүрсем аңдысқан бір жауым болады. Қостөбедегі жауым Жанбосын еді. Мұнда келіп, Баймырзаны таптым», — дейді. Отбасындағы жоқшылық, анасынан, яғни басты жанашырынан ерте айырылғаны аздай, сыртта да көп қорлық көргенін осылай жеткізу арқылы жазушы қоғамға үлкен ой тастауды көздесе керек.
Бердібек Соқпақбаев жазған оқиғалардан ширек ғасырдай бұрын, 1910 жылы Венада мектеп оқушылары арасындағы суицид мәселесі талқыланған бірінші конгресс өтті. Жиында белгілі психологтар «мектеп оқушыларды әлімжеттікке қарсы тұруға тәрбиелеуге жауапты» деген пікірді ортаға тастайды. Ал қазіргі мағынасындағы «буллинг» ұғымын норвег психологі, профессор Дан Олвеус енгізген. Ол аталған мәселемен өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап айналысқан. Мұның бәрі бұл мәселенің адамзат қоғамын өткен ғасырдың басынан-ақ толғандырып келе жатқанын көрсетеді.
Буллинг жасауға кім бейім келеді, қудалауға кім ұшырайды деген сауалдар төңірегінде мамандар арасында қызу пікірталастар әлі күнге дейін жүріп жатыр. Әрине, отбасы тәрбиесінің ықпалы бірінші орында екені бірауыздан айтылады. Егер отбасында бір-біріне тең қарау, сыйластық, әдептілік ұстанымдары сақталмаса, бұл балаға кері әсер етеді. Ондай отбасынан шыққан балалар не буллинг жасауға бейім болуы немесе өзі буллинг құрбанына айналып, соған көнбіс келуі мүмкін. Сондай-ақ, ерекше ескеретін бір жайт, сыртта өз қатары не ересектеу оқушылар тарапынан қудалауға ұшыраған баланың үйге келіп, жасы кіші бауырларына соны істейтіні де болады.
— Баланың мектепте, жалпы үйден тыс жерде буллингке ұшырап жүргенін оның мінез-құлқының, басқалармен қарым-қатынасының өзгеруінен байқауға болады. Ал кей балалар оны білдірмеуге тырысады. Өзін мықты етіп көрсеткісі келіп, екі рөлде ойнайды. Баланың буллингке ұшырамауы немесе ондай жағдай бола қалғанда іштен тынбауы үшін отбасында ашықтыққа, ата-анамен еркін сөйлесе білуіне жағдай жасау керек. Бала кішкентайынан шынайы қарым-қатынасқа дағдыланса, өзі үшін де, ата-ана үшін де жақсы болмақ, — дейді Ақтөбе қаласындағы Фариза Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназияның психологі Гүлжанат Сәрсенова.
Кейбір ата-аналар бала жақсы оқыса, өзін жақсы ұстап, үйлесімді киініп жүрсе, буллингке ұшырмайтынына сенеді. Көп жағдайда солай болатыны да рас. Дегенмен, мысалы, өзі сәтсіз отбасынан шыққан сотқардың дұрыс жүріп-тұратын балаларға өш келетіні де болады.Сынып «тізгіні» сондай баланың қолына тисе, үлгілі оқушылар да шетқақпай көреді. Яғни мамандар ешбір баланың буллингтен аман қалатынына кепілдік беруге болмайды деген пікірді ұстанады. Сондықтан баласының буллингке ұшырағанын білген жағдайда, ата-ана ешқашан оны кінәламауы керек. «Өз басыңды қорғай алмайсың ба?», «Дұрыстап жауап бере алатыныңды білсе, саған ешкім тиіспес еді», т.с.с. сөздер жағдайды қиындата түсуі мүмкін.
— Баланың буллингке ұшырағанын ертерек анықтау жағдайдың ушыға түспеуі үшін керек. Бала қиын жағдайда ата-ананың өзіне көмекке келетініне сенімді болса ғана оған шындықты айтады. Сондықтан ата-ана тарапынан мейірім мен қолдауды сезініп өсуі маңызды, — дейді психолог Гүлжанат Сәрсенова.
Екінші жағынан, қазір баланың ата-анаға бағынбай, керісінше, өз дегенін жасатуы белең алып бара жатқаны да рас. Маман бұған да назар аудару керектігін айтады:
— Мысалы, бала ата-ананы тыңдамай, киімді өз қалауымен таңдап, өзіне қажет телефонды алдырады. Ол үшін ата-ана несиеге кіруге мәжбүр болады. Бұл да дұрыс емес. Бала да ата-ананы түсінуі, жанашырлық танытуы керек. Сондықтан оны кішкентайынан еңбекке баулу, дастарқан басында отырып, жайма-шуақ әңгімелесу, бос уақытты бірге өткізуге тырысу керек. Әсіресе қазіргі ақпараттар тасқыны заманында үнемі ғаламторда отыратын баланың тәрбиесіне ата-ана ерекше көңіл бөлуге тиіс, — дейді ол.
Зерттеулер бойынша, әлемнің дамыған елдерінің өзінде ұлдардың — 17,5 пайызы; ал қыздардың 16 пайызы буллинг құрбаны болады екен. Сонымен бірге төменгі сынып балаларынан гөрі жасөспірімдер арасында буллинг көбірек дегенді зерттеулер жоққа шығарыпты. Мысалы, Олвеустің зерттеулеріне сай, 2-сыныпта балалардың 17,5 пайызы буллингке ұшыраса, орта сыныптарға қарай бұл бірте-бірте азайып, 9-сыныпта 6,4 пайызға дейін төмендейді екен. Дегенмен жасөспірімдер арасындағы буллингке қоғам ерекше назар аударуға тиіс. Өйткені бұл — өтпелі кезең. Жасөспірімдер әдетте кіді, жүйкесі жұқа келеді, бала кезіндегідей емес, өз «менін», ар-намысын қымбат санап, басқалардың алдындағы беделін ойлайды. Сондықтан буллингті өте ауыр қабылдап, өш алуға немесе өзге де бір, тіпті өзі үшін тым қатерлі жолдармен болсын, мәселені «шешуге» ұмтылуы мүмкін. Бүгінгі күні жасөспірімдер арасындағы буллинг суицид, басқа да қайғылы жағдайлардың бір себебіне айналып отыр.
Қоғамда балалар арасындағы қылмыстың, буллинг сынды келеңсіздіктің таралуы, ең алдымен, ересектердің өз жауапкершілігіне салдыр-салақ қарауының белгісі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазіргі күні көпшілік уақытты алдымен — жұмысқа, одан қалды той-жиын мен әлеуметтік желілерге жұмсайды. Ал баланың тәрбиесіне уақыт «жете» бермейді…
Бірақ айналып келгенде баланың қолымен жасалған қылмыс, буллинг үшін заң алдында ата-ана жауап береді. Бұрын буллинг әкімшілік немесе қылмыстық құқықбұзушылықтар қатарында болмағандықтан, көбіне түсіндірме жұмыстарымен шектелуге тура келетін. Биылғы 16 маусымнан бастап «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң күшіне енді. Осыған сай аталған кодекстің 127-2-бабында кәмелетке толмаған адамды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылған. Заңда көрсетілгендей, баланы жәбірлеген жағдайда алдымен ескерту немесе 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер осы әрекет жаза қолданылғаннан кейінгі бір жыл ішінде қайталап жасалатын болса, айыппұл мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Заңда жәбір көрсетуші 12-16 жас аралығындағы жасөспірім болса, онда жазаға оның ата-анасын немесе оларды алмастыратын адамды тарту қарастырылған.
Буллингке ұшыраған жағдайда бала өзінің ата-анасына, сынып жетекшісіне немесе мектеп психологіне шағымдануы керек. Сондай-ақ 111 нөмірлі сенім телефоны мен мектеп қабырғасында көрсетулі тұрған полиция қызметкерінің нөміріне де хабарласа алады.
Ал буллингтің алдын алу және ондай жағдайларды барынша азайтудың бірден-бір жолы — қоғамда, әсіресе отбасы мен мектепте өзара сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты біржолаорнықтыру, өмір салтына айналдыру. Бұл әзірге қиын секілді сезілгеннің өзінде, ата-ана мен ұстаз, қоғамның әр жанашыр мүшесі осыған атсалысуға тырысқаны абзал. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, алға қойылған мақсат баршамыздың соған жетуге үлес қосуымыз арқылы ғана жақындай түспек.
Айна САРЫБАЙ.



