Мереке

Біздің Ақалтын апай

Ұстаз үшін алғыстың үлкені —шәкіртіңді кемел адам ғып, кәсіби маман ғып өсуі үшін сапалы білім беріп, оның қоғамға пайдасы тиер азамат болып қалыптасқанын көру, ата-ананың алғысын алу.

Осындай алғаусыз алғыстың иесі — ұстаз Ақалтын Жүнісова. Ол —Ақтөбе қаласындағы отыз жылдан астам тарихы бар Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші, білім беру үдерісінде педагогика саласындағы жаңалықтарды, әдіс-тәсілдерді шебер қолданып келе жатқан жаңашыл ұстаз.

Білім саласында 40 жылға жуық тәжірибесі бар ұстаз жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін бірден мектепке келіп, еңбекке араласқан.

Алға ауданының қазіргі Есет батыр ауылында (бұрынғы Максим Горький ауылы) туып-өскен Ақалтын Қуанышбайқызы ауылындағы мектепті өте жақсы аяқтап, Ақтөбе қаласындағы педагогикалық училищеде, Ақтөбе педагогикалық институтында білім алған. Еңбек жолын өз ауылындағы Максим Горький атындағы орта мектебінде бастаған кейіпкеріміз кейін тұрмыс құрып, Ақтөбе қаласына көшіп келеді.

—  Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдар еді. Қазір өзім жұмыс істеп жатқан №21 мектепке жұмысқа орналастым. Қаладағы кейбір орыс мектептерін қазақыландыру үшін өз класымызды тұтастай алып кетіп, сол жақта үш-төрт жыл жұмыс істеп келген кездеріміз болды. Иә, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мектептерді жаппай қазақыландыру үрдісі жүргізілгенде ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктелді.Сол абыройлы міндетті арқалаған ұстаздардың арасында болдық, — дейді Ақалтын Қуанышбайқызы.

Ақалтын ұстаз көпбалалы отбасында өмірге келген. Ата-анасының еркесі, үйдің кенжесі болған ол бауырларының мейіріне қанып, әдемі ортада өскен. Мектепте оқып жүргенде бастауыштан сабақ берген Қарлыға апайына ұқсағысы келген. Сол апайының балалармен қарым-қатынасына, нағыз ұстазға тән жүріс-тұрысына, сөйлеген сөзіне тәнті болып, өзі де мұғалім болғысы келгенін айтады. Бүгінде Ақалтын Қуанышбайқызының өзі де сондай — өзін-өзі ұстауы, шәкірттерімен қарым-қатынасы оны өзге әріптестерінен ерекшелеп тұрады.

— Мен осы мектепке келген кезде сол кездегі мектеп директоры Айнаш Қалиқызы маған сенім білдіріп, бірден класс жетекшілікке бекітті. Бүгінде алғашқы класымның да мектеп бітіргеніне отыз жылдай болып қалды. Одан кейінгі жылдары талай шәкірт алдымыздан өтті. Мен үшін шәкірттерімнің биік белестерді бағындырғаны, жетістіктерге жеткені — марапаттың ең үлкені. Ең үлкен мақсатым — балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Алдыма келген әр баланы білімге құштар қыла алсам — мақсатымның орындалғаны,  — дейді ардақты ұстаз.

Ақалтын Қуанышбайқызы ұрпақ тәрбиелеудегі еңбек жолында Ақтөбе облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасының», қалалық білім бөлімінің марапаттарына ие болды. Халықаралық, республикалық, облыстық педагогикалық конференцияларға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Республикалық ұстаздар арасындағы «Үздікпедагог-2020» атты байқауына «Үздік сабақ жоспары» номинациясы бойынша ұсынған жұмысы үздік деп танылып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.Республикалық бастауыш класс мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасының І дәрежелі дипломына ие болды.

Бастауыш сатыдағы республикалық, облыстық, қалалық білім сайыстарында, математикалық байқауларда шәкірттері де топ жарып жүр. Білім берусаласындағы әріптестерімен тәжірибе алмасуда қала, облыс көлемінде бірнеше оқу-әдістемелік құралдарын, электронды әдістемелікқұралдарын шығарып таратқан шығармашыл, тәжірибелі маман. «Көркем жазу» атты элективті курс бағдарламасының, «Математика пәніне арналған қызықты жаттығулар жинағы»  әдістемелік құралының авторы. Бастауыш сынып мұғалімдері арасында өткен облыстық педагогикалық, пәндік олимпиадалардың І, ІІ орын иегері.

Бүгінде Ақалтын Қуанышбайқызы — 2 «Б» сыныбының оқушыларының сүйікті ұстазы. Өткен жылы мектеп табалдырығын аттаған отыздан астам балаға әліппе үйретіп, білім әлеміне жетектеп бара жатыр. Ол — талай баланы дәл солай білім әлеміне жетектеп әкеліп, үлкен өмірге шығарып салған ардақты ұстаз.

— Ақалтын Қуанышбайқызының бір ерекшелігі — әр баланың қабілетін, талантын тап басып тани алатындығы, әр баланы өз баласындай жақсы көретіні. Әр сабағын өмірмен байланыстыра отырып өткізетін ұстаз шәкірттерінің ата-аналарымен де тығыз байланыс жасап, бала тәрбиесі туралы ұдайы білгенін айтып отырады. Әлбетте, жас ата-анаға алдынан жүздеген шәкірт ұшырған тәжірибелі ұстаздың, ардақты ананың ақыл-кеңесі артықтық етпейтіні ақиқат, — дейді сынып ата-аналары.

… Кейде кейіпкерлеріміздің есімінің соңына алған атағын, кеудесіне таққан төсбелгісін, т.т. қосып жазатынымыз бар. Әрине, еңбектің еленгені, істеген ісіңді марапатқа лайық деп тапқаны жақсы. Бірақ марапат пен төсбелгі — маңдай тер мен еткен еңбекті елеудің бір жолы болғанымен, жалғыз жолы емес. Әсіресе Ұстаз үшін ол жұмысының жалқы өлшемі емес. Ұстаз үшін алғыстың үлкені —шәкіртіңнің білімді азамат болып, өмірден өз орнын табуы, ата-ананың алғысы. Ұстаз Ақалтын Жүнісова — осындай алғыстың иесі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button