Көптен күткен жеңіс
Футбол
Ақтөбенің футбол жанкүйерлері үшін тарихи сәт болды. Көптен күткен жеңісті ақтөбелік шабуылшы Фредди Гондола соққан шешуші гол сыйлады!
Алматының орталық стадионында өткен Қазақстан кубогының финалында «Атырау» мен «Ақтөбенің» кездесуі1:2 есебімен аяқталған болатын. Есеп ақтөбеліктердің пайдасына шешілді. Тартысты ойын көрсеткен футболшыларды ақтөбеліктер Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайынан салтанатты түрде қарсы алды. Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов және спортшылардың отбасы мен жанкүйерлері қатысты.
Футболшыларды қарсы алуға жанкүйерлер де ерекше дайындықпен келген. Олар спортшыларға жігер беретін сөздер жазылған баннерлер ұстап, ұранды сөздерін айтып, сап түзеді.
— Кешегі ойынның әсерінен әлі де шыға алмай тұрмын. Тақымын қысып қаншама адам қолдау білдірді. Футболсүйер көрерменүшін өте әсерлі, тартысты ойын болды. Осы ойын арқылы жанкүйерлердің отандық футболға деген сенімін қайтарып, үлкен үміт сыйлады. Болашақта ұлттық футбол құрама сапына ойнауды армандайтын жастарға дем берді деп айтар едім. Бізді күтіп алуға келген барша жанкүйерге алғыс білдіремін, — деді «Ақтөбе» футбол клубының басқарма төрағасының орынбасары Ғайнижамал Қанатбаева.
Жерлестеріміз жанкүйерлерге іріктеу кезеңіндегі ойындар бойы қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді.
— Алда бақ сынайтын тағы да төрт ойынымыз бар. Дайындығымызды тоқтатпай, осы қарқынмен алға қарай жүруіміз керек. Кешегі ойын өте жақсы өтті. Өз үйімізде жүргендей еркін қимылдап, алаңда бір-бірімізді ұға білдік. Үздіксіз дайындықтың арқасында жеңіске жеттік деп айта аламын, — деді футболшы Әлібек Қасым.
Айдана АЛТЫБАЕВА.