Жаңалықтар

Күтіп-баптауға көңіл бөлінеді

Жасыл желек

Биыл облыс орталығында 10 мыңнан аса түп тал егу жоспарланған. Кең көлемде тал егу жұмыстарының бірінші кезеңі сәуір айында басталса, күзгі тал егу жұмыстары қыркүйекте қолға алынды.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қала аумағына шамамен 300-ге жуық көшет егіледі.

— Қаланың 312-атқыштар дивизиясы даңғылы,  Мәметова, Шайкенов көшелерінің бойына шетен, бөртегүл ағаштары егілді. Негізгі мақсат — қалада жасыл-желекті көбейту. Сондықтан егілген тал-теректі күтіп-баптау жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені жас көшеттерге тамыры тереңдегенше күтім керек.Алғашқы бір-екі жылда уақытында суарып, баптаса әрі қарай өздері өсіп кетеді. Қала бойынша осы шаруамен Астана және Алматы ауданының әкімдіктеріайналысады. Жалпы биыл көктемде Тәтеұлы, Досмұханбетов көшелері мен Молдағұлова, Тәуелсіздік даңғылдарының бойына жас көшеттер егілді. Бұл жұмыстарға мемлекеттік қызметкерлер, қалалық мәслихат депутаттары, қала тұрғындары белсене атсалысты.Биыл әкімдік тарапынан тағы қосымша екі мыңға жуық тал-терек егуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, көктемде қала аумағында 98000 көшет егілді. Сондай-ақ «Қазхром» акционерлік қоғамы облыстық филиалы АлтынОрда ауданының аумағына  үш мың көшет екті. Оларды күтіп ұстау жұмыстарын да мойнына алды. Күзге дейін оның 70 пайыздан астамы өсті. Ал солып қалғандарын алып, орнына басқасын егеді, — деді Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының инфрақұрылым мониторингі бөлімінің басшысыЖарасқан Минайдаров.

Сондай-ақ әкімдік өкілі Есет батыр, Алтын Орда секілді жаңадан бой көтерген шағын аудандарға бірінші кезекте мән берілетінін айтты. Мәселен, Есет батыр шағын ауданындағы Бопай ханым көшесінің екі жағына да жас көшеттер егілмек.

Жарасқан Минайдаровтың айтуынша, қаладағы орман шаруашылығы мекемесі көшеттерді тегін береді. Арнайы мамандар егілетін орынды қарап, топырағының құнарлылығын анықтайды.

Жас көшеттер де бала сияқты. Топырағы құнарлы болса, уақытында суарылса жайқалып өседі. Кейде осы жағынан кемшіліктердің де орын алатыны рас. Кейде қанша баптасаң да өспей қалады. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Бөкенбай батыр даңғылының екі жағына терек егілді. Өкінішке қарай, олардың барлығы «қара қатерлі ісік» деген ауруға шалдығып өспей қалды.Сол көшенің бойына терек ексек, өліп қала береді. Биыл ол жерге басқа ағаш түрін егуді көздеп отырмыз, — деді Жарасқан Минайдаров.

Сондай-ақ еккен тал-теректі күтіп-баптайтын болса, денсаулық сақтау, білім беру, полиция бөлімдеріне, тұрғын үй кооперативтеріне, мекемелерге тегін көшеттер таратылады. Қазіргі таңда олардың саны анықталып жатыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button