АЭС

Жоғары технологиялық сала және энергетикалық даму

Дархан ШАҢБАЕВ,

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің автоматтандыру және басқару бөлімінің меңгерушісі,

техника ғылымдарының магистрі:

— Энергетика — әлемдік өркениеттің маңызды қозғаушы күші. Бүгінгі таңда күллі әлем жаңа технологияларды барлық салаға енгізіп, ғылыми-техникалық озық жобаларға басты назарды аудара бастады. Осы орайда жаңа технологияларды енгізіп, ел экономикасын дамыту үшін энергия тапшылығынан арылу мәселесі тұр. Елімізде АЭС салу ісі бойынша осы саланың маманы ретінде өз ойыммен бөлісіп отырмын.

Алдымен әлемдік атом энергетикасының даму тенденцияларына тоқталайын. Қуаттылықты арттыру мақсатында кейбір елдер атом энергетикасына инвестицияларды барынша ұлғайтып жатыр. Атап айтар болсақ, Қытай, Ресей, Үндістан, Франция және Оңтүстік Корея сияқты алпауыт мемлекеттердің бірқатарында атом электр стансалары әлдеқашан іске қосылса, тағы біразы бұл саланы жандандыруды қолға алмақ. Себебі бұл елдерде ядролық энергетикаға деген сұраныс жоғары болып тұр.

Әрине, қауіпсіздік жағын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Осы ретте соңғы технологиялық жаңалықтар жайлы айтар болсақ, атом электр стансасының қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа технологиялар енгізілуде. Үшінші және төртінші буын реакторлар қауіпсіздік деңгейін арттырып, болуы мүмкін апаттарды барынша азайтуға бағытталғанын да атапөтейін. Сондай-ақ ядролық отынды қайта өңдеу технологиялары дамып, бұл табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және радиоактивті қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кететін нәрсе, жаңартылатын энергия интеграциясы күн өткен сайын дамып келеді. Яғни атом энергетикасы жел және күн энергиясы сияқты жаңартылатын энергия көздерімен біріктіріле бастады. Бұл энергия жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет.

Жалпы, АЭС-тің артықшылықтары мен маңыздылығы туралы сөз қозғағанда мен мына бір жағдайларды баса айтқым келеді. АЭС үлкен көлемде электр энергиясын өндіре алады, әсіресе халық саны көп аймақтар үшін бұл маңызды. Сондай- ақ атом электр стансалары парниктік газдарды аз шығарады, бұл климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды рөл атқарады. Тұрақты түрде энергия өндіре алады, бұл жел немесе күн энергиясымен салыстырғанда маңызды артықшылық.

Енді маман ретінде атом энергетикасының негізгі артықшылықтары туралы айтайын: Біріншіден, АЭС Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға көмектеседі. Қазіргі уақытта елде электр энергиясы, негізінен, көмірден өндіріледі, ал атом энергиясы бұл саладағы әртараптандыруға ықпал ете алады. Энергиямен қамтамасыз етуде де тиімді тұстары көп — жоғары қуаттылыққа ие. АЭС-тер үлкен көлемде электр энергиясын тұрақты өндіреді. Бұл оларды базалық жүктемені қамтамасыз ету үшін сенімді көзге айналдырады.

Екіншіден, экономикалық және экологиялық тиімділік: ұзақ мерзімді перспективада АЭС салу арзан әрі тұрақты энергия көзі болуы мүмкін. Бұл ел экономикасының,өнеркәсіптің дамуына үлес қосады.  Атмосфераға зиянды заттардың шығарылмауы жағынан да тиімді. Атом стансалары ауаға күкірт оксидтері немесе азот оксидтері сияқты зиянды заттар шығармайды. Көміртегі қалдығы азайып, экологиялық ахуалды халықаралық деңгейде жақсартуға мүмкіндік туады.

Технологиялық дамуға келсек, АЭС салу жоғары технологиялық саланы дамытуға, ғылым мен техниканың алға жылжуына септігін тигізеді.  Бұл дегеніміз — жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамыту арқылы озық технологияларды енгізуге ықпал ету.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button