АЭС

Болашаққа жасалған батыл қадам

Әлішер ДІЛМАҒАМБЕТОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мұнай-газ ісі кафедрасының оқытушысы: 

— Атом энергетикасының дамуы Қазақстанның әлеуметтік жағдайына әсерін тигізбей қоймайды. АЭС құрылысымен бірге жаңа жұмыс орындары пайда болып, бұл жергілікті инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Бірақ халық арасында АЭС-ке қатысты  алаңдаушылықтар мен түсініспеушіліктердің де бары рас. Сондықтан қоғамдық пікірді қалыптастыру және қауіпсіздікті ойлау басты назарға алынуы керек.

АЭС салу Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын жақсарта отырып, энергия тапшылығын жоюға көмектеседі. Жаңа АЭС еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін арттырады және энергияны үнемді әрі тұрақты түрде өндіруге мүмкіндік береді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, АЭС құрылысына және жұмысына байланысты инвестициялар экономикаға оң әсерін тигізеді, жаңа технологияларды енгізуге жол ашылады және өндірістік секторды дамытуға ықпал етеді.

Қазақстан атом энергетикасына дайындық тұрғысынан едәуір прогресс көрсетті. Елде атом энергетикасының қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін қажетті нормативтік-құқықтық база, инфрақұрылым және қауіпсіздік шаралары жасалды. Алайда атом энергетикасы саласындағы халықаралық стандарттарға сәйкес келу үшін қосымша дайындық пен инвестициялар қажет. Оны да ескеру қажет.

Атом энергетикасы саласында білікті кадрларды даярлау — аса маңызды мәселе. Қазақстанның жоғары оқу орындарыатом энергетикасы бойынша сапалы білім беретініне сенімім айқын. Бірақ ол оқу орындары халықаралық стандарттарға сәйкес білім беру бағдарламаларын ұсынып, тәжірибелі мамандар даярлауды жетілдіру үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік бағдарламаларға назар аудару қажет.

АЭС құрылысын жүзеге асыру үшін жетекші елдермен серіктестік орнату Қазақстан үшін маңызды. Ресей, Қытай, Франция және Жапония сияқты елдер атом энергетикасы саласында үлкен тәжірибеге ие. Осы елдермен серіктестік Қазақстанға заманауи технологиялар мен қауіпсіздік шараларын енгізуге, сондай-ақ атом энергетикасының дамуында қажетті тәжірибе мен білім алуға мүмкіндік береді.

АЭС-тің қаупі бар, оны ескерусіз қалдыру мүмкін емес. АЭС құрылысына байланысты негізгі қауіпке радиациялық қауіп, экологиялық әсерлер және апаттық жағдайлар жатады. АЭС-тің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи технологиялар мен бақылау жүйелері енгізілген. Мысалы, реакторларды қорғайтын көпқабатты қорғау жүйелері, апаттық жағдайларға дайындық және радиацияны бақылау мен басқару жүйелері пайдаланылады. Сонымен қатар атом энергетикасының қауіпсіздігіне бағытталған халықаралық стандарттар мен нұсқаулықтар бар, оларды сақтау өте маңызды.

Пікірімді түйіндей келе, жоғарыда аталған талаптардың бәрі сақталса, АЭС-тің елдің игілігіне қызмет ететініне сенімім кәміл. Бір анығы, бұл — болашаққа жасалған батыл қадам. Бұны өз деңгейінде, нағыз мамандардың араласуымен атқару керек.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button